Қоғам

KAZ Minerals биыл 230 студентті тағылымдамадан өткізбек

Дәурен Аллабергенұлы

Ағымдағы жылы KAZ Minerals тобы жоғары оқу орындары мен колледждердің инженерлік-техникалық мамандықтарының соңғы курсындағы 230-ға жуық студентін тағылымдамаға қабылдауды жоспарлап отыр.

Жас мамандардың ақылы тағылымдамасы жұмыс мамандықтары үшін бір жылдық және инженерлік мамандықтар үшін екі жылдық практикалық оқытуды көздейді. Алғашқы екі айда тағылымдамадан өтушілер қауіпсіздік техникасы бойынша оқытудан және өндірістік тәжірибеден өтеді. Тағылымдамадан өтудің бүкіл кезеңінде әр өтушіге жеке тәлімгер бекітіледі.

– «Тағылымгер» бағдарламасы – бұл біздің компанияның тау-кен металлургия өнеркәсібі саласындағы мамандардың жаңа буынына құйған инвестициясы. Бүгінгі таңда бұл дарынды жастарды іздеу мен іріктеудің ең тиімді құралдарының бірі. Тағылымдамалар болашақ маманды нақты жағдайда көруге және оның әлеуетін бағалауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар тағылымгерлер үйреншікті процестерге жаңа дем береді, –  деді «KAZ Minerals Aktogay» ЖШС-нің қызметкерлермен жұмыс жөніндегі басқармасының басшысы Ботагөз Нұрышева.

Мұндағы мамандардың айтуынша, тағылымдамаға үміткерлер тестілеуден өтіп, компания өкілімен сұхбаттасуы тиіс. Негізінен тағылымдамадан өтушілер вахталық әдіспен жұмыс істейтін Ақтоғай (Абай облысы) және Бозшакөл (Павлодар облысы) кен орындарына қабылданады. Тағылымдамадан өтушілер компания қызметкерлерімен тең жағдайларда оқиды, жұмыс істейді және тұрады. Ал қабылдау ресми жұмысқа орналасу рәсімдері арқылы жүргізіледі.

280 тағылымгер жұмысқа орналасқан

Айта кетейік, «Тағылымгер» бағдарламасы KAZ Minerals тобында 2018 жылдан бері табысты жұмыс істеп келеді. Осы уақыт ішінде ЖОО мен колледждердің 460 түлегі тағылымдамадан өтсе, 280 үздік тағылымгер компания кәсіпорындарында жұмысқа орналасқан.

Сонымен қатар KAZ Minerals тобы компания орналасқан өңірлердегі дарынды оқушыларға білім гранттарын ұсынады. Жыл сайын әлеуметтік комитет компанияға қажетті мамандықтар бойынша гранттар бөліп келеді. Болашақ грант иегерлерін конкурстық комиссия іріктейді. Кандидаттарды іріктеу жылына бір рет – шілде/тамыз айларында жүргізіледі. Сондай-ақ компания техникалық мамандықтардың үздік үлгерімі бар студенттеріне стипендиялық көмек көрсетеді. Мәселен, бүгінгі таңда KAZ Minerals сексенге жуық студенттің оқуын қаржыландырады.

«Супер-колледж» жобасы іске асуда

Бұдан бөлек, грант оқу оқысын, стипендия, жатақхана шығындарын, сондай-ақ басқа қаладан келген студенттердің екі жақ жолақы құнын өтейді. Барлық өндірістік және дипломдық тәжірибені студент компанияның өндірістік нысандарында өтеді. Оқу аяқталғаннан кейін грант иегерімен үш жылға еңбек шарты жасалады.

Сондай-ақ KAZ Minerals өңірде «Супер-колледж» жобасын іске асыруда. Оның аясында Өскемен көпсалалы техникалық колледжінде, С.Аманжолов атындағы ШҚУ-дың жоғары колледжінде және Аягөз политехникалық колледжінде арнайы оқу сыныптарын заманауи жабдықтармен жабдықтады. Оған қоса, компания Аягөз қаласы политехникалық колледжінің студенттеріне арналған жатақхана құрылысын қаржыландырды, онда басқа қалалардан келген жүзден астам студент тұра алады.

– Білім беру саласын және жас мамандарды қолдау – біздің әлеуметтік инвестициялар жөніндегі ауқымды бағдарламамыздың басым бағыттарының бірі. Түлектер Қазақстанда баламасы жоқ озық құрал-жабдықтармен жұмыс істей отырып, біздің заманауи кәсіпорындарымызда тәжірибе жинақтап жатқаны қуантады. Жас мамандар өнімділік пен еңбек қауіпсіздігіне негізделген біздің корпоративтік мәдениетімізді меңгереді. Сөйтіп, Қазақстанда әлемдік деңгейдегі кеніштерді салған KAZ Minerals компаниясы жергілікті кадрлардың кәсіби деңгейін арттыруға айтарлықтай үлес қосуда. Біз жастарға автоматтандырылған өндіріс әлеміне есік ашып, олардың бәсекеге қабілеттілігін, сондай-ақ жалпы KAZ Minerals тобының бәсекеге қабілеттілігін арттырамыз, – дейді «KAZ Minerals Management» басқарма төрағасы Эльдар Мамедов.

Осы айдарда

Back to top button