Шекаралық аудан

Қайыңдының үйлеріне су құбыры тартылды

Катонқарағай ауданындағы Қайыңды ауылында ауызсу мәселесі біржолата шешілді. Қазір елдімекен жүз пайыз сумен қамтылған.

Бұған дейін Қайыңдыда екі су станциясы болған. Бірі ауылдың өр жағында, екіншісі аяқ тұсында орналасты. Алдыңғы жылы төменгі станцияға жаңа сорғы қойылып, 300 метр құбыр тартылды. Бір бөлігі мектепке дейін төселді. Қазір білім ошағы сумен, санитарлық тораппен қамтылған.

Өткен жылы Қайыңдыдағы су құбырларын ағымдағы жөндеу үшін облыстық бюджеттен 36 миллион теңге бөлінді. Жөндеу жұмысын «Шығысжол» серіктестігі қолға алды.

– Жөндеу өткен жылдың қарашасында басталды. Жұмысты түгел аяқтар едік, бірақ қосымша жұмыс атқару керек болды. Жоспарланған 4 құдықтың орнына 12 құдық орнатылды, сол арқылы Қайыңдыдағы 20-дан астам үйге су тартылды. Суды тұрғындардың ауласына емес, үйлерінің ішіне дейін кіргіздік. Бұл сметалық құжатта жоқ еді. Смета бойынша 5 сушүмекке ағымдағы жөндеу ғана қарастырылды. Желтоқсанда істі тоқтауға тура келді. Жұмысты биыл сәуірде жалғастырып, толық бітірдік. Тұрғындардың 80 пайызы үйлеріне су құбырын тартқызып алды, – дейді Аққайнар ауылдық округінің әкімі Серетқан Құрманов.

Атап өтерлігі, Қайыңдыдағы 1880 метрлік су құбыры 2300 метрге ұзарды.

Округ әкімі Қызылжұлдыз ауылын таза сумен қамту үшін биыл облыстық бюджеттен қаржы бөлінетінін айтады. Қазір Қызылжұлдыз бен Ақмарал ауылдарында блокты-модульды стансалар бар, ал Аққайнарда су желілері 2018 жылы тартылған.

Тұрғындардың ендігі тілегі – Жаңа Үлгі мен Аққайнар ауылдарын  жалғап жатқан жолға асфальттың төселуі. Бұл жұмысты кәсіпкер Дәулетбек Исабаев мердігер ретінде былтырдан бері іске асыруда. Қазір жолдың азғантай бөлігі ғана асфальтталған. Жоспар бойынша жұмыс биыл аяқталады. Ауылдық округ әкімдігі Аққайнардың 2,2 шақырым жолына да асфальт төсеуді қарастырып отыр.

 Тимур Смағұлов

 Катонқарағай ауданы

 

Back to top button