ТеатрТОП

Қайта оралған қойылым

Мейрамтай Иманғали

 Маскүнемдік – дерт қой, ғасыр дерті. Осынау ащы судың кесірінен елімізде қаншама отбасы ойрандалып, қаншама сәби жетім қалды десеңізші. Жақында Шығыс Қазақстан облыстық драма театрында «Қара пима» қойылымы  сахналанды. Қойылымдағы арақтың кесірінен тәлкекке түскен отбасы тағдыры талай жанға ой салды.

  Бұл қойылым театрда 2014 жылы сахналанған болатын. Ол кезде Өскемендегі облыстық драма театры жарықтық Жамбыл Жабаев атамыздың атында еді. Трагедиялық драманы сол кездегі  жас  режиссер Айдын Салбанов сахнаға шығарды. Айдынды Өскеменнің өнерсүйер қауымы жақсы таниды.  Өмірден ерте кеткен режиссер, марқұм Рүстем Есдәулеттің қасында жүріп, тәрбиесін, өнеге-үлгісін көрген жігіт. Кейіннен Семейдегі Абай атындағы музыкалық драма театрының көркемдік жетекшісі қызметін атқарды.  Режиссерлік жолын енді ғана бастаған Айдынның сол кезде  осынау драманы сахналауға ұмтылысының өзі үлкен батылдық еді. Сөйтіп, 2014 жылы «Қара пима» поэмасының желісі бойынша сахналанған туындының тұсаукесеріне автордың өзі, белгілі ақын, Мемлекеттік сыйлықтың иегері  Ұлықбек Есдәулеттің өзі қатысып, риза болғаны бар.

Өзінің айтуынша, «Қара пима» поэмасын ақын  25 жасында жазған екен.  Дәл осы поэма ақынның өзіне талай таяқ болып тиіпті. Иә, шырқыраған шындық кімге ұнайды дейсіз? Жоғарыдағылар «кеңестік қоғамда мұндай маскүнем адамдар болмайды, сен қайдан тауып жүрсің мұндай дүниені?» деп тиіседі екен ақынға.

Туынды біраз уақыт тартпада жатып қалады. Кейін  поэмаға сазгер Алтынбек Қоразбаев ән жазады. Алтынбек ағамыз да бұл шығарманы орындайтын әншіні ұзақ іздесе керек. Ақыры табады, өзінің шәкірті Алма Аманжоловаға осы термені аманаттайды. Шынында да, «Қара пима» Алма Аманжолованың орындауында халыққа жетеді. 1996 жылы Республика сарайында өткен Алтынбек Қоразбаевтың «Сырғалым» атты жеке шығармашылық концертінде «Қара пима» поэмасының тұсауы кесіледі. «Қара пиманың» бағын Алма ашса, Алманың бағын «Қара пима» ашады. Кейіннен Алманың бастамасымен «Қара пима» фильмі де түсіріледі.

Араға біраз жыл салып облыстық театрдың сахнасына қайта оралған қойылым театрсүйер қауымның көңілінен шықты. Көңілден ғана шығып қойған жоқ, көрерменге үлкен ой салды.

Ақ боран, қара пима… Өмірдің екі сызығы… Махаббат пен зұлымдықтың, жақсылық пен жамандықтың, ақ пен қараның бітіспес айқасы. Анасынан қапыда айырылған қара ұлдың ендігі сүйеніші де, қорғаны да әкесі еді ғой. Бірақ  әке өзінің қара басын күйттеп, ішкілікке салынып кетеді. Үйдегі дүниенің барлығын сатады. Әсіресе қара домбыраны араққа айырбастауы қара ұлдың жүрегіне айықпас жара салады. Кезек ұлдың аяғындағы қара пимаға да келеді… Сондаға қара  пимасынан айырылып қалып жылаған қара баланың ащы дауысы-ай! Әкесі ауруханада жатқан ұлына жаңа пиманы құшақтап жеткенінде кеш еді… «Маған енді пиманың қажеті жоқ», – дейді ұлы әкесіне. Дәрігерлер баланың аяғын кесіп тастаған екен…

«Қара пима» қойылымындағы актерлердің ойыны да шынайы. Әсіресе, баланың рөлін сомдаған Жасұлан Серкетаевтың ойыны залдағы көрерменнің жүрегін ерекше елжіреткені шындық. Әкенің рөліндегі Хамит Халықұлы да шеберлігі шыңдалған актер екенін тағы бір дәлелдеді.

Қалай десек те, «Қара пима» қойылымын көрерменнің қабырғасы қайысып отырып тамашалағаны шындық. Тіпті көзінің жасын көл етіп, жылап отырғандарды да көзіміз шалып қалды. Тек осынау қойылымнан өмірлік сабақ алсақ болғаны. Әсіресе ішкілікке жақын жандардың санасына сәуле сепсе, нұр үстіне нұр болар еді…

 

 

 

Осы айдарда

Back to top button