ҚоғамТОП

Қайғылы жағдай азаймай тұр

Жылыту маусымы басталғалы бері Шығыс Қазақстанда 217 өрт тіркелсе, оның 46 пайызы жеке тұрғын үйлерде болған.

Облыстық Төтенше жағдайлар департаменті мемлекеттік өрт бақылау басқармасы мамандарының дерегіне сәйкес, қызыл жалын 14 адамның өмірін қиған. Оның басым бөлігі зейнеткерлер мен уақытша жұмыссыздар болыпты.

– Көп жағдайда қайғылы оқиғаларға өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтамау себепші болып жатады. Адамдар қарапайым сақтық шараларын сақтамайды, отты абайсыз пайдаланып, төсекте мас күйінде темекі шегеді. Жеке тұрғын үй секторында болатын қайғылы жағдайлардың тағы бір себебі – адамдардың иісі де, түсі де жоқ көміртегі тотығымен улануы. Жылыту маусымы басталғалы бері облыста көміртегі тотығынан 21 адам зардап шеккен. Оның 11-і – бала. Мұндағы басты себеп пеш жабдықтарын пайдалану кезінде өрт қауіпсіздігі талаптарын сақтамау болуда. Атап айтсақ, түтін мұржалары уақтылы тазаланбайды, пештерде пайда болған жарықшақтар дер кезінде бітелмейді немесе есіктері дұрыс жабылмайды, – дейді мемлекеттік өрт бақылау басқармасы бастығының орынбасары Болат Тоқтарғалиев.

Белгілі болғандай, бүгінге дейін департамент өкілдері өңірдегі 190 мыңнан астам ауланы аралап үлгерген. Мамандар кейбір үйлерге бірнеше рет баруға мәжбүр.

– Халықпен түсіндірме жұмыстарын бәсеңдеткен емеспіз, тұрғындарға жадынамалар таратып, нұсқамалар береміз. Меншік иелерінің рұқсатымен үйлерге кіріп, мұқият тексеру жүргіземіз. Әсіресе, әлеуметтік жағынан осал топтарға ерекше мән берілуде. Осы орайда, аталмыш санатқа кіретін отбасылардың үйлеріне 2 445 дана көміртегі тотығы датчигін орнатқанымызды ерекше атап өткен орынды, – дейді мемлекеттік өрт бақылау басқармасының бас маманы Анастасия Скляр.

Облыстық ТЖД мамандары, әсіресе, бүгінгідей аязды күндері өрт қауіпсіздігі ережелеріне жіті мән беруге шақырады.

– Жанып жатқан пешті қараусыз қалдыруға, сондай-ақ оларды қадағалауды балаларға тапсыруға болмайды. Сонымен бірге, жағуға дайындалған отынды, басқа да жанғыш заттар мен материалдарды пешке тым жақын жерге қоймаған абзал. Өрт немесе басқа да төтенше жағдай кезінде бірден 101 немесе 112 нөмірлеріне қоңырау шалған дұрыс, – деп хабарлайды департаменттің баспасөз қызметінен.

Құтқарушылардың айтуынша, жылыту маусымы басынан бері аймақтың көпқабатты үйлерінде де өрт оқиғалары жиілеген. Соңғы мәлімет бойынша биыл облыста мұндай 26 жағдай тіркелген. Салыстырмалы түрде алып қарасақ, өткен жылыту маусымы кезінде бұл көрсеткіш 15 оқиға шамасында болатын.

Осы айдарда

Back to top button