Дайджест

Қай өңірде ажырасу көп?

Елімізде ең көп неке Алматы қаласында тіркеледі екен. Айта кетерлігі, ажырасу бойынша да аталған қала алдыңғы орында тұр, деп хабарлайды ҚазАқпарат Ranking.kz ресурсына сілтеме жасап.

Өткен жылы елімізде 128,5 мың жұп некесін қидырды. Бұл 2021 жылмен салыстырғанда 8,4%-ға аз.

Қалаларда неке қидыру көрсеткіші бір жылда 14%-ға, (85,5 мыңға дейін) қысқарды, ал ауылдарда керісінше, 5,4%-ға (43,1 мыңға дейін) өсті.

Былтыр елімізде 17,7 мың жұп ажырасқан, бір жыл бұрынғыға қарағанда 8,1%-ға азайған. Қалаларда ажырасу саны бір жылда 11,9%-ға (13,1 мыңға дейін) азайса, ауылдарда 4,7%-ға яғни 4,6 мыңға артқан.

Өңірлер бойынша ең көп неке (13,6 мың) Алматыда тіркелген. Аталған көрсеткіш бір жыл бұрынғыға қарағанда 27,6%-ға аз. Одан әрі үштікке халық тығыз қоныстанған Түркістан облысы (жылына 13,3 мың, минус 4%) және Астана қаласы (10,7 мың, минус 12,7%) кіреді. Ең аз неке Ұлытау облысында тіркеліп отыр.

Ажырасу саны бойынша Алматы (2,3 мың), Астана және Қарағанды облысы (әр өңірде 1,6 мың ажырасу) алдыңғы қатарда. Ал Ұлытау, Қызылорда және Маңғыстау облысында ажырасатындар қатары аз.

Елдегі неке коэффициенті 1000 адамға шаққанда 7,29-дан 6,46-ға дейін төмендеді. Некенің ең жоғары коэффициенті елордаға тиесілі. Атап айтқанда, 1000 адамға шаққанда 7,72 құрайды. Көшбасшылар үштігіне Алматы және Қарағанды облысы кіреді.

Қазақстанда ажырасу коэффициенті де 1000 адамға 1-ден 0,89-ға дейін төмендеген. Өңірлер бойынша жоғары коэффициенттер ШҚО, Қарағанды және Павлодар облысына, ал ең азы Түркістан облысында тіркелді.

Back to top button