Қоғам

ҚАЙ АҢДЫ ҚАШАН АУЛАУ КЕРЕК?

Ынтымақ Толқын

Тамыз айының 27-ші жұлдызынан бастап өңірімізде күзгі аңшылық маусымы басталды. Былтырғымен салыстырғанда биылғы аңшылық маусымының кестесінде бірқатар өзгерістер енгізілген.

Шығыс Қазақстан облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясы қандай жануарларды қай уақытта аулауға болатыны туралы арнайы кесте ұсынды. Бұл кесте бойынша аң аулау тәртібі мынадай: сутышқанды (ондатра) аулау уақыты – 1 қазан мен 15 ақпан аралығы деп белгіленсе, тиiнді 20 қазан мен 15 ақпан аралығында ұстауға рұқсат етілген екен. Ал қарсақ, түлкi, бұлғын, құну, сарғыш күзен, ақ қалақ, ақкiс, сары күзен, сасық күзен, американ су күзенi, кәмшат (орта азиялықтан басқасы), сiлеусiн (түркістандықтан басқасы), жанат, қоян (ақ қоян, ор қоян) сияқты аңдарды биылғы 1 қарашадан бастап келер жылдың 15 ақпанына дейін итпен және жыртқыш құстармен аулауға рұқсат етілген.

Бөдене, кептер, қаз, үйрек, қасқалдақ, шiл (аққұр, тундралық, сұр, далашiлi, сақалдышiл), құр сияқты құстарды қыркүйектің алғашқы сенбісінен бастап, 30 қарашаға дейін аулай аласыз.

Борсық, қабан, құдыр, сібір елігі, сібір тауешкісі, марал, аскания бұғысы, бұланды 15 қыркүйектен бастап 31 желтоқсанға дейін аулауға рұқсат етілген. Ал қоңыр аюды (тянь-шань аюынан басқа) қысқы ұйқыға кеткенге дейін, яғни, қыркүйектің алғашқы сенбісінен бастап, қарашаның 30-ына дейін аулағаныңыз абзал.

Аңшылық маусымы басталды екен деп ит ертіп, мылтықты қолтықтай салып аңға аттанып кетуден сақ болыңыз. Себебі, аң аулаудың да өзіндік тәртібі мен ережелері бар. Жабайы аңдарды тек қолында арнайы құжаты барлар аңшылық шаруашылығының белгіленген аймақтарында аулауға рұқсат етілген. Аңға шығамын десеңіз, өзіңізбен бірге аңшы куәлігін, жануарлар дүниесін пайдалануға берілген рұқсат қағазды, аңшылық шаруашылығының берген жолдамасы және суық қаруды пайдалану құқығын беретін құжатты алып жүруіңіз шарт. Ал қазақтың көне дәстүрін жалғап, аңға құспен аттанамын десеңіз, жыртқышыңыздың паспортын қалтаңызға сала шығыңыз.

Аң аулауға шығатын жұртшылықтың басым бөлігі қанжығаларына аю байлағысы келетіні даусыз. Осыған байланысты инспекция өкілдері қоңыр аюды аулау тек аңшылық шаруашылығы қорықшысының қатысуымен өтетінін ескертіп отыр. Ал аңшылықтың ережелерін сақтамаған адамдарға Қылмыстық кодекстің тиісті баптары бойынша жаза қолданылады.

Заң бұзғандарға жаза бар

Жалпы әр жыл сайын аң аулау ережесін бұзатындар табылып отыратыны даусыз. Өткен жылы табиғат қорғау заңнамасын өрескел бұзушылықтың 13 фактісі тіркеліп, кінәлі азаматтар Қылмыстық кодекстің 337-бабы бойынша жауапкершілікке тартылған.

– 2022 жылдың басынан бері облыста аң аулау ережелерін бұзудың 11 фактісі тіркеліп, кінәлілер қылмыстық жауапкершілікке тартылды. Жалпы, жануарлар дүниесiн пайдалану талаптарын және аң аулау қағидаларын бұзу  Қазақстан Республикасының «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» кодексінің 382-бабында көзделген жауапкершілікке әкеп соғатынын халыққа ескерткіміз келеді. Ал заңсыз аң аулап, атыс, пневматикалық, лақтырылатын, суық қару түрлерін, иттерді, жыртқыш құстарды, салт атты, жеңіл көлікті қолданып, шаруашылыққа айтарлықтай залал келтіргендер және жануарларды жаппай қырып-жоятын өзге де құралдарды, авиа, авто, мотокөлік құралдарын, қарда жүретін техниканы қолданып заңсыз әрекетке барғандар Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің 337-бабы бойынша қудаланады, – дейді жануарлар дүниесі және аңшылық шаруашылығы бөлімінің басшысы Самат Дидахметов.

Биылғы маусым айында өңіріміздің жануарлар әлеміне үлкен шығын келтірген оқиға болды. Табиғатты қорғау қызметінің өкілдері жүргізген рейд барысында Аягөз ауданының Ақшоқы ауылы маңынан 38 жастағы жергілікті азамат қолға түскен. Ол 28 калибрлі тіркелмеген қарумен бірнеше арқар мен күзенді заңсыз аулап, қоршаған ортаға 13 млн. теңге көлемінде залал келтірген.

«Аталған факті бойынша Қылмыстық кодекстің 337-бабы 4-бөлігі бойынша сирек кездесетін және құрып кету қаупі төнген жануарларға, сондай-ақ ірі көлемде залал келтіре отырып пайдалануға тыйым салынған жануарларға қатысты заңсыз аң аулау бойынша қылмыстық іс қозғалды», – деп түсінік берген болатын бұл оқиғаға қатысты облыстық Полиция департаменті өкілдері.

Ал тыйым салынған аңдарды аулаған адамға мүлкін тәркілеу, белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан жеті жылға дейінгі мерзімге айыра отырып, 6 мың айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салу, не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына, не болмаса 3 жылдан 6 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеу немесе сол мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.

Шығыс Қазақстан облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының мәліметінше қазіргі таңда облыс аумағында 43 аңшылық шаруашылық бар, оның 26-сы пайдаланушыларға бекітіліп берілген. Ал қалған 17 шаруашылық аң аулауға тыйым салынған резервтік қорларда орналасқан. Онда уәкілетті органдардың шешімі болмаса, мүлдем аң аулай алмайсыз. Шығыс Қазақстан және Абай облыстарының ерекше қорғауға алынған  Марқакөл және Батыс-Алтай табиғи қорықтарында, Катонқарағай және Тарбағатай ұлттық парктерінде, сонымен қатар «Семей орманы» орман резерватында аң аулауға қатаң тыйым салынған.

Ресми мәліметтерге сүйенсек, Шығыс Қазақстан аумағында кейінгі бес-алты жылда жабайы аңдардың саны біршама көбейгені байқалады. Мамандардың пікірінше, бұл жағдай экологиялық инспекторлар жүргізген биотехникалық шаралардың арқасында жақсарып отырған сыңайлы.

Деректерге көз жүгіртсек, 2015 жылдан бастап аймағымыздағы тұяқтылардың саны 12,3%-ға өскен. Кейінгі бес-алты жылда тау аңдары 15,9%-ға, су құстары – 25,5%-ға, терісі бағалы жануарлар 3,2%-ға өскен. Бұл орайда әсіресе аюлардың саны артқанын атап өткен орынды. Мысалы, 2016 жылы олардың саны шамамен 2 296 болса, 2021 жылы бұл көрсеткіш 2 654-ке жеткен.

Осы айдарда

Back to top button