ҚоғамТОП

Қауіпті участкелер қатаң бақылауға алынды

Облыста су тасқыны кезеңіне дайындық жалғасуда. Аудан-қалаларда жергілікті атқарушы билік органдары, Төтенше жағдайлар департаменті, Су ресурстарын пайдалануды реттеу мен қорғау жөніндегі Ертіс бассейндік инспекциясы сияқты басқа да құзырлы органдар мамандарынан құралған топтар қар шығару, су өткізетін құбырлар мен арналарды тазарту секілді жұмыстарды атқаруда.

Облыстық Төтенше жағдайлар департаментінен хабарлағандай, мамандар нөсер кәріздері мен гидротехникалық құрылыстардың жай-күйін, материалдық-техникалық жағдайын тексеріп, халықпен жүргізілетін профилактикалық жұмыстарды күшейтуде. Тасқын кезеңін апатсыз өткізуге бағытталған іс-шараларға жан-жақты талдау жүргізуде.

Сондай-ақ жұмыс топтары кәсіпкерлермен азық-түлік, дәрі-дәрмек пен жанар-жағармай жеткізу, адамдарды уақытша пунктерге орналастыру, көлік қызметтерін көрсету жөніндегі ниет-шарттардың бар-жоғын тексереді.

– Әкімдіктер мен ауылдық округтерде жауапты тұлғалардың тәулік бойы кезекшілік ету кестесі, төтенше жағдай кезінде халықты хабардар ету схемасы айқындалған. Мамандардың мұндай жұмысы апат кезінде уақтылы әрекет етуге және кемшіліктерді дер кезінде жоюға мүмкіндік береді, – деп хабарлайды ТЖД баспасөз қызметінен.

Жалпы, өңірде жергілікті атқарушы билік органдары мамандарының күшімен 416 су өткізу құрылысы, ұзындығы 38,9 шақырым болатын 15 канал мен 51,8 шақырымды құрайтын 85 арық арнасы қар мен қоқыстан тазартылды. Елді мекендерден мыңдаған текше метр қар шығарылған. Мәселен, ақпан айының басынан бері бір ғана Өскемен қаласының аумағынан 200 мың текше метр қар шығарылыпты. Өңірде 44 мыңнан астам дана қап, алты мың тоннаға жуық инертті материалдар мен 457 тонна жанармай қоры дайындалды.

Осыдан біраз бұрын облыста су тасқыны кезеңіне дайындық алдын ала жүргізіліп жатқанын, жағдай толықтай бақылауда екенін аймақ басшылығы да хабарлаған болатын.

– Қауіпті учаскелер анықталып, өзен арналарын, каналдарды тазарту, бөгеттерді күшейту, гидротехникалық құрылыстарды жөндеу, су өткізу құбырларын ауыстыру жұмыстары уақтылы атқарылды, – деп хабарлаған болатын облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Еске салайық, ағымдағы ақпан айында Өскемен қаласында бір ауланы, Зайсан қаласында үш көшені су алған. Ал Катонқарағай және Күршім аудандарында дер кезінде жүргізілген жұмыстар нәтижесінде еріген қар суы ауылдарға жетпеген. Материалдық шығын жоқ, тұрғындар зардап шекпеген. Осы ретте, жақында облыста су тасқынына қарсы әрекетті пысықтауға бағытталған «Көктем-2024» республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығулары өткенін айту керек. Жалпы алғанда, облыстағы жағдай тәулік бойы құзырлы органдардың бақылауында.

Осы айдарда

Back to top button