ӨзектіТОП

Қатыгездік қайдан шығады?

Мейрамтай Иманғали

 Әлімжеттік көрсету кәмелеттік жасқа толмағандардың арасында әлі  дендеп тұр. Жақында  әлеуметтік желіде Өскемендегі «АДК» сауда үйінде болған жасөспірімдер арасындағы жанжалдың бейнежазбасы  тарап, талайдың жағасын ұстатты. Айтыңызшы,  біз осы қайда бара жатырмыз? Қатыгездік қайдан шығады? Әлімжеттік, бопсалау неге жастар арасында кеңінен тарап отыр?

Әлеуметтік желіде тарап, қоғамда резонанс тудырған оқиға 1 наурыз күні «АДК» сауда үйінің әжетханасында болған. Бейнежазбадан  бір қыздың екінші бір қызды аямай жұдырықтап жатқанын көресіз. Былапыт сөздер де құлаққа шалынады.  Тіпті жәбірлеуші қыз жәбірленуші қыздың сырт киімін де шешіп тастайды. Тағы бір тараған бейнежазбада «Бұрын түрің онша емес еді, қазір әдемі болып қалдың» деп кекетіп-мұқатады.

Бірін-бірі төмпештеп жатқандар ер балалар болса, түсінер едік.  Өйткені ұлдың табиғаты төбелеске жақын.   Бәлкім, ол кезде онша мән де бермес пе едік, кім білсін. Ал бұл жолғы бірін-бірі шаштан жұлып, іштен теуіп, төбелестің «жанын» кіргізіп жүргендер – жасөспірім қыздар. Колледж студентін   соққыға жықты деп күдікке ілінген қыздардың бірі Өскемендегі Оралхан Бөкей атындағы №44 мектеп-лицейде оқыса, енді бірі №5 мектептің оқушысы екен. Қалай десек те, мектепте оқитын жасөспірім қыздардың қылығы ойландырмай қоймайды.

Бұл дегеніңіз бүгінгі қоғамда ұрпақ тәрбиесінің, әсіресе қыз бала тәрбиесінің қолдан сусып, шығып кеткенінің айқын көрінісі болса керек. Бір сәт «баламызды кім тәрбиелеп жатыр, жасөспірімдер арасындағы қатыгездік қайдан пайда болады?» деп ойлануымыз керек шығар.

Осынау оқиғаға байланысты облыстық білім басқармасының басшысы Инесса Чернышева, облыстық ПД  жергілікті полиция қызметі басқармасы бастығының орынбасары Шамиль Джинлосанов, облыстық ПД ЖПҚБ ювеналды полицияның ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы Әйгерім Бейсембаева өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында арнайы баспасөз мәслихатын өткізді.

Облыстық білім басқармасының басшысы Инесса Чернышева айтуынша бұл  оқиға колледж студенті мен мектеп оқушыларының өзара келіспеушілігінен  болған. «Даудың басы Дайрабайдың көк сиыры» дегендей, жасөспірім қыздардың   төбелесі жігіттен басталуы да мүмкін. Бір анығы, соққыға жығылған колледж студентін оқушы қыздар бұған дейін де бір емес, бірнеше рет жәбірлеп, әлімжеттік көрсеткенге ұқсайды. Қыздың денесінің көгеріп жүргенін алдымен колледж директоры байқапты. Сөйтіп, директор қыздың ата-анасына хабарласқан. Осыдан кейін ғана полицияға арыз-шағым түсіріпті.

Қазіргі таңда бұл мәселе бойынша құқық қорғау органдары қылмыстық іс қозғап,  тергеу шараларын жүргізіп жатыр. Мәселе прокуратураның да жіті бақылауында екен.

Айтуынша,  облыстық білім басқармасы осы оқиғаға байланысты тиісті шараларды жүзеге асырған көрінеді. Мектеп және колледж директорларымен, ата-аналармен жиналыс өткізілген.  Өңірдегі білім беру орындарында   тағы да мұндай жағдайға жол бермес үшін құқықтық тәрбие жұмысы күшейтілген. Тіпті сәуірдің 5-інде бұл мәселе кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі комитет комиссиясының отырысында да қаралыпты.

Сондай-ақ әлеуметтік желіде осы оқиғаға қатысты   бейнежазба, қандай да бір жалған ақпарат таратудың алдын алу, жолын кесу жұмыстары да жүргізіліп жатқан көрінеді. Қазіргі күні әлеуметтік желіде жәбір көрген қыздың суицид жасағаны туралы ақпарат та тараған. Ал бұл шындыққа мүлдем жанаспайды. Мұндай  ақпаратты таратқандар  міндетті түрде жауапкершілікке тартылады. Бұл туралы   жалпы білім беретін ұйымдардың оқушылары мен қызметкерлері толық хабардар етілген.

Қазіргі таңда жапа шеккен студент қызға жеке психологиялық қолдау,  құқықтық көмек көрсетілуде. Топтың кураторы жәбір көрген қызбен де, оның ата-анасымен де үнемі байланыста. Колледж студенті қашықтан оқудан бас тартқан. Оны куратор үйінен колледжге, колледжден үйіне дейін қадағалап, алып жүреді. Ал колледж студентін жәбірлеген  оқушы қыз  оқуын тергеу амалдары аяқталғанша қашықтан жалғастыратын болады.

Сонымен қатар облыстық білім басқармасының басшысы Инесса Чернышева төбелеске қатысқан жасөспірімдердің ешқайсысының әкесі  әлеуметтік желіде жазылып жүргендей облыстың сыбайлас  жемқорлыққа қарсы қызмет саласында жұмыс істемейтіндігін  айтты. Қала мектептерінің бірінде қарапайым ғана күзетші. Ал  тағы бірінің  анасы  Өскемен қаласындағы білім бөлімінде қызмет еткенін жоққа шығармады.  Бірақ осы оқиғадан кейін ол кісі өз өтінішімен жұмыстан босатылған көрінеді.

  • Ол – төрт баланың анасы. Ана үшін бұл, әрине, ауыр соққы болғаны шындық.  Осы оқиғадан кейін ол кісі баланы тәрбиелеу мәнерін өзгертеді деп ойлаймын. Жалпы барлығымыз өзіміздің ата-ана ретіндегі жауапкершілігімізге жіті мән берсек деймін.   Қандай ата-анамыз? Баламызбен  уақытты қалай өткіземіз?  Баламыз немен айналысып жүр? Бала жанын не толғандырады?  Жауапкершілікті бірімізге-біріміз итермеуіміз керек. Баланы тәрбилеу ең алдымен – ата-ананың міндеті. Бала тәрбиесіне бәріміз жауаптымыз. Иә, мойындаймыз. Кейде бала тәрбиесіне қарауға қолымыз тимей жатады.   Ерте кетіп, үйге кеш келеміз. Бірақ жауапкершілікті ұмытпауымыз керек, – деді облыстың бас педагогы.

Облыстық ПД  жергілікті полиция қызметі басқармасы бастығының орынбасары Шамиль Джинлосановтың айтуынша, қазіргі таңда сотқа дейінгі тергеу жұмыстары басталып кеткен.  Қазіргі күні екі іс бойынша, яғни ұрып-соғу және бейнежазбаны тарату бойынша қылмыстық іс қозғалған көрінеді.   Айтуынша, күдікке ілінген қыздың жасы 16-ға толған. Сондықтан да Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің 293-бабы, яғни бұзақылық бойынша қылмыстық жауапкершілікке ата-анасы емес, қыздың өзі тартылуы әбден мүмкін.

  • Күдікке ілінген қызды кәмелетке толмағандар ісі бойынша тіркеуге алу мәселесі әлі  қарастырылып жатыр. Шешім тергеу барысында қабылданады. Қазір күдікке ілінген қыз мектепішілік тіркеуге қойылды, – деді облыстық ПД ЖПҚБ ювеналды полицияның ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы Әйгерім Бейсембаева.

Әйгерім қазіргі күні жасөспірімдер арасындағы қатыгездіктің белең алу себебін  ең бірінші ата-ананың отбасындағы тәрбие тізгінін босатып алуымен түсіндірді. –  Ата-аналар көбінесе баласы бос уақытын қалай өткізеді? Немен айналысады? Айналасындағы достары кім? Осыған  мән бермейді. Тек  баласы қылмыс істеп, құрыққа түскенде не болмаса қылмыстың құрбаны болғанда ғана есін жиып, көңіл бөле бастайды. Ал екіншіден, кәмелетке толмағандар өзінің іс-әрекеттерін қылмыс деп санамайды. Заманауи жастардың түсінігінде біреудің затын тартып алу немесе біреуді қорқытып-үркіту  абырой секілді. Өзін басқа бір сыныптастарының немесе араласатын ортасының алдында өзінің мықтылығын, күштілігін осылай дәлелдегісі келеді.  Биік бір дәреже  көреді.  Өкінішке қарай олар заң алдындағы жауапкершілігі туралы мүлдем ұмытып кетеді. Айтуынша, қазіргі жастардың шектен шығып, қатыгезденіп кетуіне әлеуметтік желінің де әсері бар. Ата-аналар  балаларының  қандай әлеуметтік желіде отыратынын,  қандай сайттарды қарайтынын, қандай бейнематериалдарды көретінін  білмейді. Тіпті кейбіреулері  қызығушылық та танытпайды. Ал полиция қызметкерінің  әр баланың телефонын немесе басқа да жеке заттарын тексеруге заңды негіз болмаса, құқығы жоқ, – дейді Әйгерім Бейсембаева. Сондықтан да  ата-аналар қандай да бір күдік туғызған жағдайды анықтаса, болмаса баласының тыйым салынған сайттарда отыратынын білсе дереу  полиция бөліміне арыздануына болады.  Онда міндетті түрде бұл іс бойынша қылмыстық іс аясында  немесе ата-анасының берген арызы негізінде тиісті жұмыс жүргізіледі.

Қазіргі таңда облыс бойынша әртүрлі қылмыстық іске қатысы бар 62 бала арнайы тіркеуде тұрған көрінеді.

  • «Қылмыскер балалар қайдан пайда болады?» деп таңғалуға болмайды. Қылмыс отбасының әлеуметтік жағдайына немесе адамдардың лауазымына қарамайды. Толық, бай отбасында тәрбиеленген балалар  да қылмыс істейді.

Мысалы осы іске қатысы бар балалардың ешқайсысы бұрын есепте тұрмаған, полиция бөлімдеріне жеткізілмеген, әкімшілік құқықтық бұзушылыққа тартылмаған. Сондай-ақ осы уақытқа дейін оларға қатысты қандай да бір арыз-шағым түспеген, – дейді Әйгерім Бейсембаева.

Қалай десек те жасөспірім қыздардың арасындағы жанжалдың қоғамды дүр сілкіндіргені анық. Әйтеуір тәрбие мәселесі тасада қалмаса екен дейміз. Әсіресе қыз бала тәрбиесін қолға алмасақ болмайды. Өйткені, қыз – болашақ ана, ұлттың анасы екенін естен шығармайық.

 

Осы айдарда

Back to top button