Бүгінде өрімдей жастардың құқық бұзушылыққа барып, буллинг сияқты қылмысқа шатылуы көз үйренген көрініске айналып бара жатыр. Бұл өте қауіпті! Ал енді бесіктен белі шықпай бұзақы немесе қылмыскер атанған жасөспірімдердің заңға қайшы әрекетін қоғамның қалыпты жағдай сияқты қабылдауы тіптен қорқынышты.
Сондықтан да балалар мен жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың, буллинг пен кибербуллингтің алдын алу, кәмелетке толмағандар арасындағы қылмыстың өсуіне жол бермеу күн тәртібіндегі өзекті мәселенің бірі десек ешкім дау айтпас.
Тұп-тура бір жыл бұрын облыстың бас шаhарында қоғамдық резонанс тудырған жаға ұстатарлық жағдай болды. Ойын-сауық орталықтарының бірінде жасөспірім қыздар өз қатарластарын әжетханада қатыгездікпен соққыға жығып, видеоға түсірген. Кейіннен оқиғаға қатысы бар қыздардың барлығы мектеп қабырғасында және колледжде оқитыны анықталған еді. Қылмыстық іс қозғалып, біраз уақыттан кейін бойжеткендерге қатысты сот үкімі шықты…
Биыл жыл басында Өскемендегі мектептердің бірінде оқушылар өзара сөзге келіп, жасөспірімнің бірі жиналмалы «сувенир» пышақпен қарсыласына және өзіне дене жарақатын салғаны туралы ақпарат тарады. Облыстық полиция департаменті ақпаратты растады…
Осыған ұқсас оқиға ақпанның 6-сы күні Өскемендегі ойын-сауық кешенінің жанында болды. Бұл жолы 16 жастағы жігіт оң жақ кеуде тұсынан пышақ жарақатын алды. Аталған оқиғалар бойынша қазір сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр…
Біз мысал етіп отырған бұл деректер бергі жағы ғана. Әйтпесе жасөспірімдердің бұзақылығы, қатыгездегі, тіпті қылмысқа баруы қоғамда күн құрғатпай болып тұр. Сонда дейміз-ау, бұзақы, қатыгез, тәртіп бұзуға бейім балалар қайдан шығады? Құқық қорғау қызметкерлерінің айтуынша, баланың жат әрекетке жақын болуына, қылмысқа баруына түрлі факторлар әсер етуі мүмкін.
– Қолайсыз отбасында тәрбиеленіп жатқан бала ата-анасының ішімдікке салынғанын немесе үйдегі жанжалды көріп өскендіктен кейін өзі де сондай әрекетке бейімделе бастайды. Біз көбінесе есепке алынған жайсыз отбасылармен, олардың балаларымен жұмыс істейміз. Жиі тексеру жүргіземіз. Тәжірибе көрсеткендей жайсыз отбасылардан шыққан балалар қоғамдық тәртіпті көп бұзады, – дейді Өскемен қалалық полиция басқармасының Ертіс полиция бөлімі ювеналдық полиция тобының аға инспекторы, полиция майоры Гүлнұр Түсіпова.
Сондай-ақ кейбір ата-аналардың балаға дұрыс көңіл бөлмеуінен, оларды өз бетімен қалдырып, мектептен бос уақытта немен шұғылданып жүргенін қадағаламауынан да бала құқық бұзуға бейім болып өседі.
– Бала қандай отбасында тәрбиеленсе, болашақта бейсаналы түрде сондай өмірді таңдайды. Бейсанамыз – біздің балалық шағымыз. Мәселен, әке-шешесі ішімдікке салынған балаға ондай өмір қалыпты болып көрінуі мүмкін. Яғни, оның миына сондай «программа» жазылып қалады, – дейді психолог.
Осы орайда құқық қорғау қызметкерлері ата-аналардан баласының тәртібі мен тәрбиесіне жіті мән беріп, бос уақытында немен айналысатынын қатаң бақылауда ұстаса дейді. Баланың отбасымен қарым-қатынасы, ашық сөйлесуі мен тәрбиесі жасөспірімдер арасындағы құқықбұзушылық пен қылмыстың азаюына көп септігін тигізетінін айтады мамандар. Мұны ата-бабамыз «Ел боламын десең, бесігіңді түзе», «Тәрбие тал бесіктен басталады» деп бір ауыз сөзбен түйген.
– Баланың негізі отбасында қалыптасатыны белгілі. Одан кейін жасөспірімнің есейген шағында қоршаған ортасы да көп әсер ететінін ескеруіміз керек. Бала кіммен араласады, қандай ортада жүреді, қандай спорт түріне немесе үйірмелерге қатысады, оның бәрі баланың қоғамда қалыптасуына әсер етеді. Маман ретінде емес, адам ретінде қарайтын болсақ, отбасында ата-ана өз рөлін, бала өз рөлін дұрыс атқарған кезде келеңсіз жағдай болмайды. Әрине, кез келген ата-ана өз баласынан теріс айналмайтыны, қандай жағдайда да баласын жақтайтыны белгілі. Десе де өзіндік шекара болуы керек. Кей кездері бала заңсыз әрекетке барып жатса да ата-анасы көз жұма қарауы мүмкін. Одан кейін бала ата-анасына арқаланып заңсыз әрекетке бара бастайды, – деп түсіндірді Гүлнұр Түсіпова.
Елімізде заң бойынша кәмелетке толмаған жасөспірімдерге түнгі сағат 22.00-ден кейін компьютерлік клубта отыруға, ал 23.00-ден кейін көшеде ата-анасыз жүруге тыйым салынған. Аталған ережелердің сақталуын ата-аналар мен ұстаздардан бөлек, жасөспірімдердің тәртібін қадағалайтын құқық қорғау органдары да бақылауға міндетті. Құқық бұзушылықты азайтып, оның алдын алу мақсатында түрлі іс-шаралар атқарылып жатыр. «Түнгі қаладағы балалар», «Құқық», «Жасөспірім» жедел-профилактикалық іс-шаралары жиі өткізіліп тұрады. Одан бөлек, жасөспірімдер инспекторы көңіл көтеру орындарында рейд жүргізіп, ол жерлерде жасөспірімдердің болмауын анықтайды. Тәртіп сақшылары, сондай-ақ басқа да жауапты орындар кәмелетке толмағандар арасындағы қылмыстың алдын алуға бағытталған жұмыстарды жүйелі түрде жүргізіп отырса да жасөспірімдер арасындағы қылмыс мәселесі күн тәртібінен түспей тұр.
– Біздің ең басты міндетіміз – жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу. Бұл тарапта мектептерде жиі дәрістер өткіземіз. Әсіресе, кәмелет жасқа толмағандарды қарайтын инспектор, криминалдық полиция бөлімінің жедел уәкілдері және есірткі бизнесіне қарсы бөлім қызметкерлері түрлі тақырыпта әңгіме жүргізеді. Мектептерде ата-аналармен кездесіп, ашық әңгіме өткіземіз. Бізде Өскемен қаласы әкімдігінің жанынан құрылған кәмелет жасқа толмағандардың құқығын қорғау бойынша комиссия жұмы істейді. Онда құқық бұзушылыққа барған, қолайсыз отбасында тәрбиеленіп жатқан балалардың жағдайы қаралады, – дейді ювеналдық полиция тобының аға инспекторы Гүлнұр Түсіпова.
Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, биыл жыл басынан бері екі айда 800-ден астам балаға хаттама толтырылған. Оның ішінде, түнде әке-шешесі мен үлкендердің қарауынсыз үйден тыс жерде жүрген 300-ден астам жасөспірім анықталды. Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 442-бабы 2,3-тармақтары бойынша түнгі сағат 23.00-ден кейін кәмелетке толмаған бала көшеде жалғыз жүруге болмайды. Сонымен қатар көңіл көтеру мекемелерінде жалғыз жүрген 31 баланың ата-анасына қатысты хаттама толтырылған. Бүгінгі аңда Өскемен қаласы бойынша 70-ден астам кәмелетке толмаған бала және 200-ге жуық қолайсыз отбасы есепке алыныпты.
Бұл орайда психологтар жас қылыққа жақын, мінез-құлқы өзгере бастаған жасөспірімдердің арнайы маманмен, мектеп психологымен жұмыс істегені дұрыс екенін айтады.
– Халқымызда «Ұядан не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» деген жақсы сөз бар ғой. Отбасы, адамгершілік, адалдық құндылықтарын баланың бойына сәби кезден сіңіру керек. Әсіресе, 6 жасқа дейінгі өміріміз қалай өтеді, соған байланысты баланың болашағы қалыптасады. Ата-аналар күйбең тіршіліктің қамымен жүріп бала тәрбиесін уыстан шығарып алуы да мүмкін. Ондай жағдайда баланың психологпен жұмыс істегені абзал. Әрине, жасөспірімдермен жұмыс істеген ауыр, бірақ аз уақыт ішінде нәтиже шығаруға болады, – дейді психолог Зарина Қаhарман.
Жасөспірімдер арасындағы тағы бір өзекті мәселе – буллинг, кибербуллинг. Ұстаздар қауымының айтуынша, агрессивті мінез-құлықтың бұл түрі жасөспірімдердің психикасын терең жарақаттауы, болашағына әсер етуі әбден мүмкін. Буллинг – бұл жаңа термин. «Bullying» сөзі ағылшын тілінен аударғанда «қорқыту», «кемсіту», «мұқату» дегенді білдіреді. Кеңірек мағынада бұл бір адам (немесе топ) басқа бір физикалық және моральдық жағынан әлсіз адамға (немесе адамдар тобына) физикалық шабуыл жасаған, қорқытқан кездегі зорлық-зомбылықтың ерекше түрі. Осы бір жат әрекет бүкіл әлемде белең алып бара жатқандықтан біздің елде де бұл мәселеге ерекше көңіл бөлінген.
Мамандардың пікірінше, баланың буллингке ұшырағанын, кибербуллингтің құрбаны болғанын ең әуелі ата-анасы және ұстазы байқауы керек. Бала қандай да бір қиын жағдайға душар болып, ішінен тынып жүрсе оның мінез-құлқы өзгере бастайтын көрінеді. Бұл өзгерісті күнде көз алдында жүргендіктен әке-шешесі мен ұстаздар тез байқайды. Ал оған көмек көрсету үшін баламен ашық сөйлесу қажет. Әр бала ата-анасының махаббатына бөленіп, оларға сенген кезде ғана басында болған жағдайды айтып береді. Қазіре ата-аналардың көбі жауапкершілікті мектепке, ұстаздарға артады. Бұл дұрыс емес. Мектеп – білім беретін орын. Инспектордың міндеті – кәмелет жасқа толмаған балаларды бақылау. Ал, баланың үлкен өмірге аяқ басқаннан кейінгі жағдайы, болашағы ата-анасына тікелей байланысты.
Осы орайда елімізде зорлық-зомбылық және буллингтен жапа шеккендерге көмек беру жөнінде кешенді бағдарлама әзірленіп жатқанын айта кеткен жөн. Мүдделі мемлекеттік органдар, ғалымдар, қоғам белсенділері мен сарапшылардан тұратын жұмыс тобы бұл бағытта атқарылып жатқан жұмыстармен қатар, халықаралық тәжірибені де зерттеген. Буллингке ұшыраған немесе куә болғандарды анықтау мен оларға қолдау көрсету әдістемесі қабылданған. 111 нөмірі бойынша байланыс орталығы жұмыс істейді. Әдістемеге сәйкес мамандар қысым жасаған тараппен де, буллингке ұшыраған жақпен де жұмыс істейді. Бұдан бөлек Назарбаев зияткерлік мектептерімен бірлестікте Финляндияда оң нәтиже көрсеткен KiVa бағдарламасын пилоттық режимде жүзеге асыру көзделген.
Сонымен қатар, буллингке ұшыраған бала мектеп қабырғасында оқитын болса, өз сынып жетекшісіне немесе мектеп әкімшілігіне шағымдана алады, 102 арнасына, инспекторға хабарласып, мектеп психологына да жүгіне алатынын еске саламыз.
Бүгінгі жас бала ертең елдің көшін алға сүйрейтін, мемлекетіміздің болашағын қалайтын тұлға екенін ұмытпауымыз керек. Қазақ мемлекетінің келешегі қалай болатыны осы бүгінгі өскелең ұрпақтың қолында. Ендеше әр ата-ана ел тұтқасы болар азамат тәрбиелеп отырғанын естен шығармаса дейміз.