Катонқарағай ұлттық паркінде жаңартылған туристік маршрут таныстырылды.
Біріккен Ұлттар Ұйымының Даму бағдарламасының (БҰҰДБ) қолдауымен Қазақстандағы ең ірі табиғи парктердің бірі Катонқарағай мемлекеттік ұлттық табиғи паркінде жаңартылған «Орман жолдары» туристік маршрутының ашылуы өтті, деп хабарлайды Didar ақпарат.
Соңғы жылдары Қазақстанда ішкі туризмге қызығушылық артып келеді. Әсіресе туристер арасында ұлттық саябақтар танымал, олар да экологиялық туризмді дамытуда басты рөл атқарады. Қазақстанда 14 ұлттық саябақ бар. Мәселен, Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар министрлігінің (ҚР ЭТРМ) мәліметтері бойынша 2022 жылы еліміздің ұлттық парктеріне 2 миллионға жуық турист келді, бұл 2021 жылмен салыстырғанда 25 пайызға жоғары.
Катонқарағай ұлттық паркінің аумағы 643 477 гектарды құрайды. 2017 жылдан бастап Катонқарағай ұлттық паркі Қазақстан-Ресей трансшекаралық биосфералық резерват ретінде ЮНЕСКО-ның Дүниежүзілік биосфералық резерваттар желісіне енгізілген. Ұлттық парк аумағында жалпы ұзындығы 680 шақырымнан асатын 10 туристік маршрут пен төрт соқпақ бар. 2022 жылы Катонқарағай ұлттық паркіне 7 061 адам келген.
«Шығыс Қазақстан облысы – еліміздің орманды аймақтарының бірі. Облыстың орман қорының ауданы 2.9 миллион гектарды құрайды, оның 1.6 миллион гектары ормандар. Біздің облыс климатты, суды реттеуде маңызды рөл атқаратын, өсімдіктер мен жануарлардың мыңдаған түрлерінің мекені болып табылатын бағалы қылқан жапырақты және жапырақты ормандарға бай. Сондықтан, климаттың жылдан-жылға құрғап бара жатқанын ескерсек, Алтайдың таулы ормандарын қорғау – біздің басты міндетіміз. Экологиялық маршруттардың дамуы ұлттық паркке келушілер үшін жануарлар мен өсімдіктер әлеміне зиян келтірмей, қауіпсіздік пен табиғаттың бірегей бұрыштарына қолжетімділікті қамтамасыз етеді», – дейді Шығыс Қазақстан облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының басшысы Қайрат Мейрембеков.
«Орман жолдары» бағытында ұлттық парктің биологиялық әртүрлілігі туралы ақпараттан тұратын кіреберіс топ, өнер нысандары, бес аншлаг, навигациялық белгілер мен ақпараттық стендтер орнатылды. Маршруттың ұзындығы 20 шақырымнан асады. Оны жаяу және ат соқпақтарымен еңсеру үшін шамамен бір-екі күн қажет.