Аймақтар аухалы

КАТОНҚАРАҒАЙДЫ ҚАЛАЙ КӨТЕРУГЕ БОЛАДЫ?

КАТОНҚАРАҒАЙДЫ ҚАЛАЙ КӨТЕРУГЕ БОЛАДЫ?

Тұрғындар саны жылдан-жылға азайып, адамдардан босап қалып жатқан Катонқарағай өңірінің кезінде сыртпен сауда жасап, шеттен валюта түсірген еліміздегі алғашқы аудандардың бірі ретінде дәуірлеген кезеңі де болған. Осы кезеңде ауданды басқарып, халықтың алғысына бөленген, қазіргі күндері Астана қаласында тұрып жатқан және жетпіс жастың биігіне көтеріліп отырған зейнеткер Жанымхан Қаюұлы Құндызбаев ағамызға жолығып, Катонқарағайдың сол тұстағықарыштай даму себебі туралы ой бөліскен едік.

– Не дейтіні бар? Жалпы жағдай түсінікті ғой. Өр Алтайдың табиғаты ерекше көркем болғанымен, қысы да оңай емес. Облыс орталығынан жырақта, шекара маңында жатқандығы тағы бар. Оның үстіне, бұрынғы Катонқарағай ауданы көршілес Үлкен Нарын ауданына қосылып, аудан орталығы Үлкен Нарын ауылына көшірілгеннен кейін Катон өңірі түкпірде, қиян шетте қалғандай күй кешті. Мұндағы жұмыс қолы азайды. Осындай себептерден халық қотарылып көше бастады. Ал енді осыдан 15 жылдай уақыт бұрын мұндағы картина мүлдем басқаша болатын. Мәселен, 1989 жылдан 1993 жылға дейін аудан халқының саны 24,6 мынан 33 мыңға дейін өскен еді. Архивке кіріп, сол кездің статистикалық деректерін ақтарған адамдар бұл фактілердің растығына көз жеткізе алады.

– Демек, ауданның даму кезеңі еліміздің тәуелсіздік алған жылдарымен тұспа-тұс келген екен. Бар болғаны 4 жылдың ішінде аудан халқының саны 20-22 пайыздай өсіп жатса, бұл қазіргі жағдайымен салыстырғанда, «адам айтса нанғысыз дейтіндей» өте бір керемет көрсеткіш екен. Бұған не себеп болды?
– Негізгі себеп, сол кезде, мақтанғаным емес, ауданның экономикасы мен әлеуметтік саласында көптеген жетістіктерге қол жеткізе алдық. Ең алдымен жол салу мәселесіне барынша мән бердік. Өйткені, аудан таулы және облыс орталығынан алыс болғандықтан жол қатынасы өте қиын еді. Өкінішке орай, ауданға мені бірінші хатшы етіп сайлаған 1989 жылдың сәуір айының соңында ауданның бұрынғы басшылығы бізге Алматы қаласынан бөлінген жол құрылысын жүргізетін мекемемен тіл табыса алмағандықтан, олардың құрылысшылары бұл жұмыстан бас тартып, кері қайтқалы жатыр екен. Бұған жол беруге болмайды деп шештім. Өйткені, өзім осы Катонқарағай ауданында туып-өстім. Біраз жыл осындағы «Алтай» кеңшарын, аудандық ауыл шаруашылығы басқармасын басқарғаным бар. Онан кейін Глубокое секілді өнеркәсіптік ауданның атқару комитетінің төрағасы ретінде тәжірибе жинақтап, ел мен елдің айырмашылығын салыстыра алатындай деңгейге жеткен соң Катонқарағай секілді алыстағы аудан үшін жолдың өмірлік маңызды мәселе екендігін жақсы түсіндім. Сөйтіп арадағы кикілжіңді басып, жағдайды қалпына келтіру үшін көп тер төгуге тура келді. Осы үшін құрылысшыларға ауданға фондымен бөлінетін жеңіл автокөліктерді сатуға тура келді. Сөйтіп, бұл жұмыс қарқынды жүріп, мемлекет қаржысының арқасында 150 шақырым жол қайта салынып, полотносы жасалса, оның 100 шақырымына асфальт төселді. Бұл – Үлкен Нарын ауданының шекарасынан Өрел ауылына дейінгі жол. Сондай-ақ, Ақсу ауылында Ақсу өзеніне темір-бетон көпір, Бұқтырма өзеніне Аршаты ауылының тұсынан темір-бетон көпір салынды. Аудан орталығы Катон селосында 23 шақырым көше жолы жөнделіп, оған асфальт төселді.

Тағы бір айта кететін жағдай, бұрынғы басшылар жол салуды жоспарлау кезінде ел жағдайына қарамай, тасжолды ауылдардың сыртымен жүргізіп, ішіне жол кіргізуді қажет деп таппаған екен. Соның салдарынан жол бойындағы Белқарағай, Шыңғыстай, Қабырға, Өрел ауылдарының халқы автобустарға отыру үшін екі-үш шақырым жаяу сабылатын болды. Осы кемшілікті түзету үшін 1992 жылы өткен Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің ХV съезіне делегат болып Алматыға барғанымда сол кездегі республиканың Автомобиль жолдары министрі Шамиль Бекболатовтың қабылдауына сұрандым. Министр жақсы азамат екен, мән-жайды ұққан соң батыл шешім қабылдап, жоспарды өзгертуге нұсқау берді. Соның арқасында кемшілік түзетіліп, Белқарағай ауылында көше жөнделіп, асфальт төселді. Міне, осы жол құрылысының басында мұрындық болып, ауданның өз тумасы Темірбек Исабаев жүрді. Қабырға, Шыңғыстау, Өрел, Ақсу, Коробиха ауылдарының көшесіне тас төселіп, қалпына келтірілді.

Сол кездері аудан экономикасында ең қомақты орын алатын сала – марал шаруашылығы болатын. Өйткені, ол кезде марал өнімдеріне сұраныс жақсы еді. Осы жағдайды ескеріп, бұл саланы дамытуға көп күш жұмсадық. Тығырықтан шығудың бір жолы ретінде сол кездері республикада құрылып жатқан агрокомбинаттардың іс-тәжірибесіне ден қойдық. Оның жақсы жақтарын өзімізге тарту үшін ауданда марал шаруашылықтарының қоғамдық одағын құрдық. Алматы облысындағы «Есік» агрокомбинаты мен Жамбыл облысындағы «Қордай» агрофирмасы бірлестігінің жұмыстарымен таныстық. Бұл құрылымдар республика Ауыл шаруашылығы министрлігіне тікелей бағынатындықтан материалдық көмек те оларға тура келетін. Сөйтіп, облыс басшылығының келісіміне әрең дегенде қол жеткізе отырып, республикадан тиесілі бұйрық алып, «Ақ марал» атты агрокомбинат құрдық. Бұйрыққа байланысты ауданның барлық шаруашылықтары мен оларға қызмет ететін ұйымдар осы агрокомбинат құрамына кіріп, басқару жүйесі жетілдірілді. Ең бастысы, қаржы, материалдық көмектер, техникалар ауданға республикадан тікелей келіп, экономиканың дамуына, әлеуметтік жағдайдың жақсаруына ықпал етті.

Кеңес Одағының кезінде марал шаруашылықтарының өнімдері экспортқа шығарылып, одаққа шетелдік валюта кіргізетін. Ол кезде бір қолдан сатылып тұрғандықтан бұл өнімдердің бағасы да жоғары болатын. Бірақ одан біздің ауданға ешқандай пайда жоқ еді. Шынын айтқанда, сыртқа қанша бағамен сатылатынын да білмейтінбіз. Тәуелсіздіктің арқасында және нарық экономикасының ықпалымен өз өнімдеріміздің игілігін көруге қол жеткіздік. Әрине, одақ тарағаннан кейін панты бағасы көп түсіп кетті. Бірақ соның өзінде алғашқы үш-төрт жылда аудан халқы мұның қызығын біраз көрді. Еңбеккерлердің жалақысы көбейді. Марал өсірудің пайдалы екендігін халыққа насихаттау мақсатында шетелдік телевизорлар, бейнекөрсеткіштер, шаңсорғыштар, тоңазытқыштар, киім-кешектер әкелініп, сатылды. Біздің ауданда облыста бірінші болып үйлерде сапалы бұйымдар мен сәнді жиһаздар пайда болды. Аудан халқына 300-ден астам жеңіл автокөліктер сатылды. Ауданның, оның ішінде марал өсіруші шаруашылықтардың қаржысына Ақсу – Жоғарғы Катон ауылдары арасында 45 шақырымдық жол, Жамбыл – Фадиха ауылдары аралығында 40 шақырымдық жол, Ақбұлақ өзенінен темір-бетон көпір, Жамбыл ауылын Өрел ауылына қосатын Бұқтырма өзеніне аспалы техникалық көпір салынды. Тағы бір үлкен жетістігіміз, Оңтүстік Кореяның бизнесмендерімен келісімге келе отырып, солардың қаржысына Ақсу ауылынан панты өнімдерін өңдейтін зауыт салғызғанымыз болды. Осы айтылғандардың барлығы бүгінгі күнге дейін пайдаланылып, ел игілігіне жарауда. Әлеуметтік салаға да көңіл бөлініп, Ақсу, Жамбыл, Берел ауылдарына жаңа типтік мектептер салынды. Тұрғын үй салу қарқын алды. Жеті жылда ауданның барлық тұрғын үй қоры19 пайызға өсті. Бұл – әрбір 5-інші үй жаңадан салынды деген сөз.

Міне, осы тұста аудан халқының саны 24,6 мыңнан 33 мыңға дейін өсті. Бұрын елден кеткен адамдар қайтып көшіп келе бастады. Тіпті, Ресейдің Қошағаш ауданы мен Моңғолияның Баян-Өлгейіндегі қандастарымыз көшіп келсек деген тілектерін жолдап, өздерінің өкілдерін жіберіп жатты. Халықтың тұрғын үйге деген сұранымын қанағаттандыру үшін Чернова, Қабырға, Өрел, Коробиха, Ақсу ауылдарында кірпіш жасайтын кіші қондырғылар орнатылды. Олардың әрқайсысы жылына миллиондаған дана кірпіш шығарып отырды.

¬– Мәдениет пен өнердің жағдайы қалай болды?
–Сол тұста аудандағы мәдениет пен өнер де дамыды. Ауданның өнерлі жастарының, сондай-ақ, жағдайлары болмай немесе басқа да себептермен ауданнан кетіп қалған кәсіби музыкант жігіттердің басын құрап, 25 мың АҚШ доллары тұратын жақсы музыкалық аппарат сатып әпердік. Ол кезде бұл қаржы көп ақша көрінетін. Үйі жоқтарына үй бердік. «Жерұйық» атты ансамбль құрған жігіттеріміз жарады. Көп ұзамай «Жерұйық» дүрілдетіп, топ жара бастады. Халықаралық «Азия даусы» конкурсынан үшінші орын алып, лауреат болып қайтты. Аттары елге танылды. Мұнан кейін «Алтай әуендері» атты халық аспаптарында ойнайтын оркестр құрдық. Ол да республикалық байқауда жүлделі орынға ие болып, «халықтық» деген атақ алды.
Несін айта берейін, сол кездері өмірдің әр саласында көптеген жетістіктеріміз болды.
1996 жылы мен аудан әкімі қызметінен босап, облысқа ауыстым. Халық ат мінгізіп, үстіме шапан жауып шығарып салды. Халқыма ризамын. Ел де маған риза шығар деп ойлаймын. Бірақ қазіргі жағдайына ішім ашитынын да жасырмаймын. Жағдайдың құлдырауы көрші отырған екі аудан қосылып, аудан орталығының Үлкен Нарын селосына көшірілуінен басталды. Бұған шынын айтқанда, сол кездері аудан мен облысты басқарған азаматтар кінәлі. Өйткені, олар ел басшылығына осындай ұсыныспен шықты ғой. Аудан басындағылар түкпірдегі Катонда емес, жол үстіндегі Үлкен Нарында отырсақ, облыс орталығына жақындай түсеміз деп, көп жағдайда өз қамдарын күйттегені анық. Оның ақыры енді міне, қалай болып шықты?!

–Қалай ойлайсыз, аудандағы сол кездегі жағдайды қайта қалпына келтіруге бола ма? Ол үшін не істеу қажет?
–Ең бірінші мәселе, Катонқарағайды жеке аудан ретінде қайта құру керек немесе қазіргі аудан орталығын Катонқарағай селосына көшіру керек. Бұдан қазіргі аудан орталығы Үлкен Нарын ауылы көп ұтыла қоймайды. Өйткені, ол жол үстінде жатыр ғой. Ал аудан орталығын Катонқарағайға көшірсе, мұның өзі жағдайды толық түземегенімен, өңірден елдің кетуіне тоқтам салады. Жағдайды түбегейлі оңалту үшін Катонқарағай өңіріне облыс, республика тарапынан қосымша көмектер қажет. Катонқарағай туризмге сұранып тұрған өңір. Осы саланы дамытса, ол үшін инфрақұрылымдарды жетілдіріп, шағын авиацияның мүмкіндіктерін іске қосса, жөн болар еді. Сонан кейін марал шаруашылықтарына мән берген абзал. Әрине, пантының бағасы маңдай терді дұрыс өтей алмай отырған қазіргі кезде, оны өзімізде өңдеп, ол өнімдерді ел халқына тарату жайын ойластырған жөн. Пантының адам денсаулығы үшін қасиеті көп қой. Біз әлі де болса, соны дұрыс насихаттай алмай отырған секілдіміз.
– Әңгімеңізге рақмет.

Әңгімелескен Сұңғат Әліпбай,
Ақпарат саласының үздігі

Осы айдарда

Back to top button