Катонқарағайда туризмді дамытуға барлық жағдай жасалады
Облыстық ақпарат орталығында Катонқарағай ауданының әкімі Дәурен Тілеубаев брифинг өткізді. Әуелі өткен жылдың аудан үшін қаншалықты табысты болғанына тоқталған ол тілшілер тарапынан қойылған сауалдарға жауап берді.
Экономикасы негізінен ауыл шаруашылығына арқа сүйейтін шекаралық аудан үшін өткен жыл табысты болды. Ішкі жалпы өнімнің көлемі 2012 жылмен салыстырғанда 25 пайызға артып отыр. Бүгінде аудан бойынша 11 марал шаруашылығы жұмыс істеп келеді. Барлық маралдың саны 5,7 мыңға жеткен. Құлдырап барып, еңсесін қайта тіктеген марал шаруашылығының халыққа берері мол. Сондықтан да 2010 жылдан бері аймақ басшысы Бердібек САПАРБАЕВТЫҢ қолдауымен бұл салаға облыс бюджетінен субсидия бөліне бастаған. Соның арқасында пайдасы шаш етектен саналатын шаруашылықтың бойына қан жүгіріп, жанданып келеді. Өткен жылы бұл салаға бағытталған субсидияның көлемі 26 млн. теңгені құрапты. Жалпы, ауыл шаруашылығына бөлінген 173 млн. теңге өткен жылы толық ақталғанын Дәурен Тілеубаев нақты сандармен дәлелдеді. Мәселен, астық дақылдарының өнімі бір жылдың ішінде 47 пайызға артып отыр. Ауданда бағаны тұрақтандыру мақсатында 62 рет жәрмеңке өткізілген. Негізгі капиталға құйылған инвестиция көлемі 1,6 млрд. теңгеден астам. Аққайнар ауылында жаңа мектеп пен ауылдық дәрігерлік амбулаторияның қолданысқа берілуі, Аршаты ауылында көпір салынып, бастауыш сыныптарға арналған кешен мен спорт зал құрылысының басталуы, Үлкен Нарында балалар шығармашылық үйінің салынуы, Сенное ауылындағы бастауыш сыныптар кешенінің бой көтеруі сынды жобалар аудандағы құрылыс қарқынын үдете түскен. Құрылысы аяқталуға жақын балалар шығармашылық үйінде балет сыныбын ашу жоспарланғанын айтқан Дәурен Тілеубаев аудан орталығындағы жалғыз қазақ мектебінің ғимаратының апаттық жағдайда тұрғанын мәлімдеді. Дамитов атындағы бұл мектепке жаңа ғимарат тұрғызу алдағы жылдың еншісіне кіріп отыр. Аудан әкімінің айтуынша, 2014 жылы да әлеуметтік нысандар құрылысы қарқынды жүрмек.
Көз тойғысыз табиғатымен, түркілік сарынға толы тарихымен танымал өлкеде туризмнің дамуына қолайлы алғышарттар жасалына бастаған. Атақты Рахман қайнары мен «Нұр бұлақ» кешенінен бөлек тоғыз бірдей пантамен емдеу орталықтары ауданға өткен жылы 13 мың туристің ағылуына себепкер болыпты. Алдағы уақытта Бұқтырма өзенінің бойынан су бөгенін салып, жағажай туризмін дамыту жоспарлануда. Облыс орталығынан шалғайда жатқан Катонқарағайға туристердің кедергісіз келуін қамтамасыз ету мақсатында әуелі Өскемен-Үлкен Нарын, кейін Астана-Үлкен Нарын бағытында әуе қатынасын жандандыру қолға алынды. Сондай-ақ, «Екі Дос» ЖШС Ақшарбақ, Жазаба, Маралды ауылдарында халықаралық стандарттарға сай шипажайлар салуды қолға алмақ. Бұл жобалар ауданда жылдың барлық мезгілінде туристердің ағылуын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді деп күтілуде.
Дәурен Тілеубаев «Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020» бағдарламасы аудан халқын тұрақтандыруға үлкен сеп болғанын да айтты. 2012 жылы аталмыш бағдарлама аясында 99 адам шағын несие алса, 2013 жылы 160 адам несиеге кәсіп ашқан. Жыл ішінде 109 адам түрлі мамандықтарды игеріп шыққан.
Аудандағы ауызсуды сырттан таситын жалғыз ғана елді мекен Приморное ауылы еді. Бұл мәселе приморноелықтар үшін өткеннің еншісіне қалып отыр. Алдағы уақытта Аққайнар, Новохайрузовка ауылдарында ауызсу мәселесі шешімін табуы тиіс. Ал Өрел ауылын тұщы сумен қамтамасыз ету жұмысы екі жылдық циклмен жүзеге аспақ. Жан-жақтан туристерді қаптатуға мүдделі аудан болғандықтан мұндағы жолдардың сапасы жөндеуді талап ететінін айтқан әкім аудандық маңыздағы 380 шақырым жолдың тек бес шақырымы ғана асфальтталғанын мәлімдеді. Әсіресе, Согорное және Печи ауылдарының арасын жалғайтын 27 шақырым жолды асфальттаудың қажеттігі өзекті. Ал Жаңаүлгі – Аққайнар – Берел бағытындағы жолға күрделі жөндеу биыл жүргізілуі тиіс.
Ауданда жас туристер стансасының ашылуы, қазақ футболының 100 жылдығына орай алты бірдей алаңның қолданысқа берілуі жастардың жаппай денешынықтырумен айналысуына түрткі болған.
Дәурен Тілеубаев соңғы жылдары ауданда халық санының өсуі байқалып, адам өлімі мен туу қатынасы жағымды бағытқа бет түзегенімен, демография мәселесі әлі де күн тәртібінен түспегенін жеткізді. Үлкен Нарын мен Катонқарағай жеке-жеке аудан болып тұрған кезде халық саны 50 мың болған екен. Ал қазір аудандан 28 мың адам тұрады. Шекаралық аудан үшін халықтың тығыз қоныстануы аса қажет екенін баса айтқан ол бұл бағытта жергілікті билік тарапынан шаманың келгенінше шаралар қолданылып жатқанын айтады. Елді мекендерді ұялы байланыспен қамту, жаңа кәсіп көздерін ашу, шағын несиені көптеп тарату сынды шаралар осы мақсатқа бағытталған. Аудан әкімінің Өскемен және Семей қалаларында білім алып жүрген катонқарағайлық жастармен кездесуі кезінде де демография мәселесіне студенттердің назары аударылған екен. Аудан басшысы Катонқарағайдың жер бедері таулы болғандықтан әзірге ұялы байланысқа халықтың 70 пайызы ғана қол жеткізіп отырғанын жасырмады.
Журналистер тарапынан да біраз мәселелер төңірегінде сауалдар қойылды.
– Марал шаруашылығына субсиядия бөлініп келе жатқанын айттыңыз. Бүгінде аталмыш шаруашылық тоқыраудан шықты деп айтуға бола ма? Өз басыңыз біздегі марал шаруашлығының болашағы бар деп есептейсіз бе?
– Расымен марал шаруашылығы ондаған жылдар бойы тоқырауды бастан кешіріп келді. Кезінде Катонқарағайда 20 мың бас марал ұсталған екен. 2010 жылға дейін бұл саланың болашағы расымен күмәнді еді. Облыс бюджетінен бөлінген субсидияның арқасында шаруашылықтың қайта дами бастағанын бағана да айттым. Менің ойымша, марал шаруашылығының болашағы зор. Сондықтан шаруашылықты дамытуға мүдделіміз.
– Катонқарағай ауданының түлектері бірыңғай ұлттық тестілеу бойынша бұрындары ылғи алдыңғы қатардан көрініп келген. Облысты қойып, республика көлемінде жоғары нәтиже көрсететін еді. Соңғы жылдары осы саладағы көрсеткіштер біршама әлсірегені байқалып отыр. Тіпті, кейбір мектептер мүлде төмен көрсеткіштер көрсеткені белгілі. Қандай нақты шаралар қолданып жатырсыздар?
– Біздің аудан түлектері өткен оқу жылында ҰБТ нәтижесі бойынша облыс көлемінде жетінші орынға табан тіреді. Дей тұрғанмен, бұл нәтижемен шектеліп қалмайтынымыз анық. Соңғы үш жылда ауданымыздан бірде-бір «Алтын белгі» иегері шықпапты. Сіз атаған олқылықтың орнын толтыру үшін директорлық корпуспен жиындар өткізіп, мәселені жан-жақты талқыладық. Барлық мектеп басшыларына, білім саласының жауапты қызметкерлеріне тиісті тапсырмалар берілді.
– Ауданда индустриялық жобалар қолға алына ма?
– Облыс Әкімі біздің ауданнан Индустрияландыру картасына бірде-бір жоба ұсынылмағанын сынағанын білесіздер. Біз сол сыннан сабақ алып, туризм және «Жасыл экономика» саласына қатысты жобалар ойластырып жатырмыз. Шағын әуежайларды қалыпқа келтіру, шағын су электр стансаларын салу, күн мен желдің қуатын ток көзі ретінде пайдалану жобалары біздің өлкеге оңтайлы екені анықталды. Балғын және Сенное ауылдарында, Бұқтырманың бойында шағын СЭС-тер салу жайында нақты жоспарымыз да бар.
– Берел жазығына арналған мұражайдың құрылысы өте баяу жүріп жатыр. Себебі неде?
– Берелдегі мұражай құрылысы жоспарға сай жүріп жатыр. Жұмысты кешеуілдететіндей ешқандай кедергі жоқ. Ол құрылысқа тікелей жауапты болмасақ та, жергілікті атқарушы орган ретінде жұмыстың қарқынын бәсеңдетпеуге атсалысып келеміз.
– Бекалқа сынды саусақпен санарлық отбасылар қалған ауылдардың тағдыры не болмақ?
– Бекалқадағы мектепті жабуымызға тура келді. Дәл сондай төрт отбасы ғана тұратын Ульяновка деген ауыл бар. Келешекте мұндай ауылдарды болашағы бар елді мекендерге көшіріп, ауыл орнын жұрт ретінде пайдалансақ деп отырмыз. «Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020» бағдарламасының екінші бағыты мұндай кішігірім ауылдардың мәселесін шешуге қолайлы. Бұл тұрғыда да жұмыстар атқарылуда.
– Облыс Әкімінің тірек елді мекендердің ішінен бір елді мекенді үлгі ретінде таңдап алып, басты басымдықты соған беру жөнінде тапсырмасы бар. Сіздерде таңдау қай ауылға түсіп отыр?
– Ауданда үш тірек ауылы бар. Олар – Алтынбел (Новоберезовка), Өрел және Катонқарағай. Біз солардың ішінен Катонқарағайды таңдадық. Бір жағынан бұл – бұрынғы аудан орталығы.
– Аудан мектептеріндегі 35 зейнет жасындағы мұғалімдер өз еркімен жұмыстан кеткен еді. Алайда, физика, химия, математика мамандарының тапшылығы салдарынан аталмыш мұғалімдер әлі оқушыларға білім беріп жатқан көрінеді. Осыдан келіп аудандарыңызда «Дипломмен – ауылға» бағдарламасы ақсап жатқан жоқ па деген ой келеді.
– Расымен ауданда мұғалімдер тапшылығы бар. Әсіресе, ағылшын тілі, физика, химия пәндерінің мамандары жетіспейді. Былтыр 24 жас педагогты жұмысқа алсақ та, тапшылықтың орны толмай отыр. Семей мен Өскемендегі түлектерімізбен өткен кездесуде бірнеше келісімшарттар жасалды. Бұл бағыттағы жұмыс мәселе шешілгенше жалғасатын болады.
– Белқарағай ауданында жайылым мәселесі туындаған еді. Шешімін тапты ма?
– Бұл ауылдастар арасындағы түсініспеушілік болатын. Ойдағыдай шешілді. Қазір аталмыш ауылда жайылым мәселесі жоқ. Ал малды кезекпен жаюды ұйымдастыру ауыл әкімдері мен жергілікті учаскелік полиция қызметкерінің мойнына жүктелген. Мұнда да айтарлықтай кедергі жоқ.
– Катонқарағай ауылындағы аудандық ауруханасының жылу қазандығы жөндеуден өткеніне көп болмаса да, халыққа жылу дұрыс жетпепті. Айтуларынша, су құбыры апатты жағдайда екен. Бұл мәселе қашан шешімін табады?
– Мәселе су құбырында емес, жылу қазандығында болып тұр. Барнауылдан алынған төрт қазандықтың екеуі бір жыл болмай істен шыға бастаған. Орнына әкелінген жаңалары көпке шыдамады. Қалған екеуінің де жағдайы мәз емес. Енді жылу қазандығын басқа зауыттан алу мәселесін қарастырып жатырмыз. Десек те дәл біздің ауданда жылу мәселесінде айтарлықтай қиындықтар жоқ. Катонқарағай – жылу жүйесін сақтап қалған үш ауданның бірі. Алдағы уақытта жүйені жетілдіре түсеміз. Жалпы былтыр аудан бойынша 12 жылу қазандығын жаңаладық.
Есімжан Нақтыбайұлы