Қоғам

Катонқарағайда тасқынның алдын алу жұмыстары жүргізіліп жатыр

Катонқарағайда тасқынның алдын алу жұмыстары жүргізіліп жатыр

Аймақ басшысы Бердібек САПАРБАЕВ жұмыс сапарымен Катонқарағай ауданында болып, су тасқыны және өрт қаупі кезеңіне әзірлік барысын тексерді. Сонымен қатар, ол бірқатар салтанатты іс-шараларға қатысты.
Алдымен аймақ басшысы өткен жылы күрделі жөндеу жүргізілген Үлкен Нарындағы «Күншуақ» балабақшасында болды. Ғимараттың екінші қабатына көтерілген қонақтар бүлдіршіндерге арналған мерекелік ертеңгілікті тамашалады. Облыс Әкімі ел Президенті Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ білім беру жүйесінің дамуына көп көңіл бөлетінін және Мемлекет басшысының балаларды мектепке дейінгі білім берумен қамту жөніндегі тапсырмасын орындау бағытында облыста кешенді жұмыстар атқарылып жатқанын атап өтті.
Облыс Әкімі балабақшаға жаңа кеңформатты теледидарды тарту етті. Ол сонымен қатар, жаңартылған орынжайларды көріп, мекеме басшылығымен сұхбаттасты.
Былтыр «Күншуақ» балабақшасын жөндеуге облыстық бюджеттен 68 миллион теңгеден астам қаражат бөлінген болатын. Мердігер ұйым – «Шығыс Құрылыс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі барлық жұмыстарды бес айдың ішінде-ақ атқарып шығыпты. Балабақшада екі топ бар, оларға 40 бүлдіршін барады. Ағымдағы жылы мұнда мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған жаңа топ жұмыс істей бастады, онда 15 бала тәлім алады. Ғимаратта, сондай-ақ, психологиялық-педагогикалық баулу кабинеті және мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған жартылай стационар орналасқан.
Өткен жылы аудандық мәдениет үйінің маңында екі қабатты ғимарат бой көтерді, оған аудандық шығармашылық үйі орын теуіп отыр. Ғимаратты «Асар Шығыс-Құрылыс» ЖШС салып, облыстық бюджеттен бөлінген 224,4 миллион теңгені игерген. Осы күні аталмыш мекеме салтанатты түрде ашылды.
– Бүгін біз кейбір облыстық басқарма басшыларымен бірге Катонқарағай ауданына келіп отырмыз, ондағы мақсатымыз – тасқын кезіндегі таудағы су қоймалары мен елді мекендердің жағдайымен танысу, сонымен қатар, аудан орталығындағы шығармашылық үйінің ашылу қуанышымен бөлісу. Біздің міндет – тек балаларға сапалы білім беру ғана емес, сонымен бірге олардың жан-жақты дамуы үшін жағдай жасау. Олар ертең Қазақстанның лайықты азаматтары атанып, әлемдегі дамыған отыз елдің қатарына ену бойынша баршамызға ортақ міндетті орындауға өз үлестерін қосуы тиіс, – деді шығармашылық үйі алдына жиналған ауыл жұртының алдында облыс Әкімі.
Облыс Әкімі Бердібек САПАРБАЕВ жиналғандарды Наурыз мейрамымен құттықтап, оларға толағай табыс, тыныштық пен береке-бірлік тіледі. Аймақ басшысы Үлкен Нарындағы жасөспірімдерге арналған шаңғы спорты мектебінің үздік тәлімгері, жуырда өткен шаңғы жарысынан облыстық жастар чемпионатының жеңімпазы Александр Малаховқа медаль мен құнды сыйлық табыс етті.
«Асар Шығыс-Құрылыс» ЖШС жетекшісінің орынбасары Бауыржан Икембаев жаңа шығармашылық үйінің директоры Шынар Құрмановаға символдық «Алтын кілтті» табыстады.
Облыс Әкімі кең орынжайларды аралап, техникалық модельдеу үйірмесі шәкірттерінің алғашқы шығармашылық жұмыстарымен танысты. Мұнда, сонымен бірге, хореография, балет билері, тоқыма және сәндік-қолданбалы өнер, ағаш ою, жас турист, ұлттық ойындар үйірмелерін, мұнымен қоса биологиялық орталық ашу жоспарланған. Бір сөзбен айтқанда, шығармашылық үйі ауылдағы мектеп оқушыларын дербес оқытуға, тәрбиелеуге, әлеуметтендіруге және дамытуға, кәсіби бағдарлауға септігін тигізбек.
Жаңа мекеменің директоры Шынар Құрманованың айтуынша, аталмыш үйірмелерге қатысуға қазірдің өзінде шамамен 150 оқушы ниет білдіріп отыр.
Іс-шара соңында облыс Әкімі шығармашылық үйіне үй кинотеатрын сыйлады.

Көшелер мейрамы өтті

Аудан орталығында көшелер мейрамы аталып өтілді. Үздік көшелер мен үйлерді марапаттау тұңғыш рет өткізіліп отыр, бірақ ол игі дәстүрдің негізін қалайды деп күтілуде.
Мәдениет үйінің маңында жергілікті кәсіпкерлер өнімінің жәрмеңкесі ұйымдастырылды. Жәрмеңкегн аудан бренді – панты өнімдері шығарылды. Негізгі азық-түлік сатып алушыларға нарықтағыдан төмен бағада ұсынылды, мәселен, бір қап бидай 1800 теңгеден, сұлы 1000 теңгеден сатылды. Тұрақтандыру қорының ұны келісі 47 теңгеден, өсімдік майының литрі 160 теңгеде, еттің келісі 800 теңгеден саудаланды.
– Былтыр басталған мектептер мен ауруханалар құрылысы биыл да жалғасын таппақ. Денсаулық сақтау мекемелері жоқ ауылдарда медициналық бекеттер ашылатын болады. Рахман қайнарларына дейін жол жөнделеді. Катонқарағайға жақсы әуежай салу қажет, инфрақұрылымды жақсартып, инвестиция тарту керек, қысқасы туризмнің өркендеуі үшін барлық жағдайлар жасалуы тиіс, – деді облыс Әкімі Бердібек САПАРБАЕВ.
Көшелер мерекесінде аудан тұрғындары да марапатталды. Аймақ басшысы Ұлы Отан соғысының ардагері, тоқсан жастағы қарт Қадылбек Шотановтың иығына шапан жапты. Торайғыров көшесінің тұрғыны Анатолий Шалимов ең үлгілі үй үшін грамотамен марапатталды. Мұнымен қоса, мереке күні – 22 наурызда дүние есігін ашқан Катонқарағай ауданының жаңа азаматы да сыйлыққа ие болды. Нәрестенің анасына бесік арба тарту етілді.

Жаңа бөген салынады

Катонқарағай мемлекеттік ұлттық табиғи паркінде Бердібек САПАРБАЕВ адамдар мен техниканың төтенше жағдайларға әзірлігін тексерді. Мұнда барлығы 356 адам еңбек етеді. Орман парк ауданының 40 пайызын алып жатыр. Бұл аумақ бірегей биологиялық саналуандығымен ерекшеленеді. Катонқарағай ауданының орманшылықтарында түрлі институттар өсімдіктер мен жануарлардың сирек түрлерін сақтау жөнінен ғылыми зерттеулер жүргізеді. Сонымен қатар, орман шаруашылықтарының қызметкерлері экологиялық және туристік бағыттағы акцияларды ұдайы ұйымдастырып тұрады. Осы ретте аудан мектептерімен ынтымақтастық орнатылған. Парк аумағында сегіз экологиялық-туристік маршрут бектіліген, олардың жалпы қашықтығы 511 шақырымды құрайды.
– Біз өз аумақтарымызда тұрақты бақылау жүргізіп отырамыз, сол себепті жаппай браконьерлік бізде жоқ. Оның алдын алуға күшіміз жеткілікті. Мұнымен қоса, орманды қалпына келтіру бойынша жұмыстар жүргізілуде. Жыл сайын 130 гектар аумаққа көшеттер отырғызылады. Биыл жоспар 48 гектарға дейін кеміген, – дейді парктің бас директоры Ерлан Мұстафин.
Облыс Әкімі ұлттық паркке Шығыстың сирек өсімдіктері мен жануарларын сақтап қалу үшін басқа орманшылықтармен күш біріктіру қажеттігін атап көрсетті. Катонқарағай ауданы табиғатының бірегей екені, өз сұлулығымен көптеген туристерді тартуға қабілетті екені де айтылды. Қызмет көрсетудің осы бір саласы негізгі кіріс көзіне айналуы мүмкін. Алайда соңғы кездерге дейін аудан комиссия қарауына Индустрияландыру картасына енетін бірде-бір жоба ұсынған емес.
– Сіздердің аудандарыңызда туризмді дамыту қажет екені бірнеше мәрте айтылды. Бұл үшін инфрақұрылымға қаржы құю қажет. Сіздер, яғни орман шаруашылықтарының қызметкерлері кәсіпкерлерге осы бағытта қандай мүмкіндіктер бар екенін айтуларыңыз керек. Көп адам туристік бизнеспен айналысқысы келеді, бірақ олар біздің көрікті жерлер туралы біле бермейді, – деді Бердібек САПАРБАЕВ.
Сондай-ақ, облыс Әкімі тиісті ведомство басшыларымен бірге аудандағы тау көлдерін тікұшақпен шолып, Еңбек ауылының маңайындағы Бұқтырма өзенінің жағдайын бағамдады. Өткен жылы жойқын әрі ұзаққа созылған тасқын ауыл жанындағы дамбаны шайып кеткен болатын.
– Бұқтырма – қашан таситынын болжап болмайтын өзен, өйткені, оның тұрақты сағасы жоқ. Тасқын кезеңінде өзен, әсіресе, оның Барлық ауылынан Коробиха ауылына дейінгі тұсы үнемі ерекше бақылауда. Қазір екі кішкентай мұз кептелісі бар, ол жерлерде су мұз үстімен жол тауып ағып жатыр. Ал ағыстың төменгі жағында өзен ашық. Осы жылы жауын-шашынның былтырғыдай көп емес екенін ескерсек, айтарлықтай ауыртпашылық болмауы тиіс, – дейді аудан әкімінің орынбасары Жанболат Тыныбеков.
Тамызға дейін су деңгейі 240 см. белгісінде тұрды, қауіпті деңгей – 300 см. Осы жылы Бұқтырма республикалық жолға жақындап келеді. Аудан күшімен жолды көктемгі тасқыннан қорғауы тиіс дамба бекітілді. Бұдан басқа да жұмыстар жоспарланған.
– Бұл біз үшін – күрделі учаскелердің бірі. Қазір тасжолды қауіпсіздендіру үшін жобалық-сметалық құжаттар дайындалуда. Жаңа дамба салынатын болады, өзен жағасы нығайтылып, сағасы түзетіледі. Құжаттар келісілу үстінде. Күзде өзен суы азайғанда жұмыстарды бастап кетпекпіз. Алдын ала болжам бойынша оның сомасы 56 миллион теңгені құрап отыр, бірақ ол өсуі де мүмкін. Себебі, тасты топырақ, жарылыс жұмыстарын жүргізу қажет болады, бұл тиісінше жобаның қымбаттауына әкеліп соғады, – дейді Катонқарағай ауданы тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің басшысы Станислав Гаврилов.
Екінші тасқын қаупі бар аумақ – Сенное ауылы. Мұнда еріген су көшелерді басып кетпеуі үшін жағаны күшейту керек. 2009 жылдан бері мұндай проблемалар бірқатар елді мекендерде, атап айтсақ, Коробиха, Печи, Қайыңды, Ақмарал ауылдарында шешілген болатын.

Шығыс-Ақпарат

Осы айдарда

Back to top button