Қоғам

КАТОНҚАРАҒАЙДА БОЛАШАҚСЫЗ АУЫЛДАР АТЫМЕН ЖОҚ

КАТОНҚАРАҒАЙДА БОЛАШАҚСЫЗ АУЫЛДАР АТЫМЕН ЖОҚ

Катонқарағай ауданының әкімі Қалихан Байғонысов брифинг өткізіп, тұрғындар мен журналистердің сауалдарына жауап берді.
Алғашқы сауал ауданның Еңбек ауылынан келіп түсті.
– Катон жерінің табиғаты бай екендігі, оны қорғауымыз керектігі баршамызға белгілі. Дегенмен, түрлі табиғат апаттарынан сынып, ары қарай өсуін тоқтатқан ағаштарды қалай керегімізге жаратуға болады?
– Катонқарағай ауданының жалпы жер көлемі 1 млн. 350 мың гектар болса, соның 675 мың гектары Ұлттық табиғи паркке қарасты. Еңбек ауылы осы парктің аумағында орналасқан. Жалпы, ормандағы сынған ағаштардың қалай болса, солай қараусыз, шіріп жатуына жол берілмейді. Ол жерлердегі орман шаруашылығының инспекторлары белгіленген уақыттарда өздеріне тиесілі жерлерді аралап, көзге көрінген келеңсіздіктерді дер кезінде жояды. Сосын әр ағашты тіркеуден өткізіп барып, белгіленген бағамен тұрғындарға саудалайды.
Аудандағы қайсыбір шешімін таппай жатқан мәселелерді жергілікті тұрғындардың өздері көтерді. Солардың бірі – аудан орталығындағы бірқатар тұрғын үйлердің осы уақытқа дейін жылусыз отыруы және 150-ге жуық отбасы тұрып жатқан Еңбек ауылындағы ауызсу мәселесі. Ауыл жұрты әлі күнге дейін жиі лайланып тұратын өзен суын пайдаланатындықтарын, оның санитарлық талаптарға сай еместігін айтып шағынды.
– Мен қызметіме кіріскен бетте Еңбек ауылының тұрғындарымен жүздесіп, шешімін таппай жатқан мәселелерімен танысқанмын. Солардың бірі ауызсу мәселесі. Халық әлі күнге дейін бір кездегі совхоздардың тұсында Бұқтырманың жағасынан қазылған құдықтан су ішіп отыр. Бұл мәселені біз дереу қолға алдық. Бүгінгі күні 10 млн. 178 мың теңгенің жобасын әзірледік. Бұл жобада ұзындығы 700 метрлік трасса қарастырылса, оның бойында су алатын екі колонка және судың ауылға кірген тұсына әр тұрғын үйдің орталықтандырылған су жүйесіне қосылуына мүмкіндік беретін су мұнарасы орналасатын болады. Сондықтан ауыл тұрғындары сәл сабыр сақтаса, көтеріліп отырған мәселе келер жылы шешімін табады. Ал жылу мәселесі – аудан орталығындағы ең өзекті жағдайлардың бірі. Бұл жөнінде аудандық газеттен бастап біраз баспасөз беттерінде жазылған. Аппараттың кеңейтілген мәжілісінде де талқыланған. Қазір бұл үйлердің барлығына жылу беріліп, қатаң бақылауға алынған. Терможаңғырту бағдарламасы бойынша 2012 жылы екі көппәтерлі үйде 19,7 млн. теңгеге жөндеу жұмыстары жүргізілсе, осы жылы Амангелді көшесіндегі 78-ші үйге, сондай-ақ, Абылайхан көшесіндегі 77, 79 және 111 үйлерге жалпы құны 28,7 млн. теңгенің жөндеу жұмыстары жүргізілуде, – деді аудан әкімі.
Катонқарағай ауданына қарасты елді мекендердегі шешімін таппаған мәселелердің дені ауызсу, халыққа қыс маусымына бөлінетін отын лимитінің жеткіліксіздігі, көктемгі су тасқынында қирап қалған ауыларалық көпірлердің жөнделу барысы, қайсыбір ауылдардағы мәдениет үйлерінің қаңырап жұмыс істемей тұруы, жас мамандарды жұмысқа тарту, аудан көлемінде «ҚазМұнайГаз» жанармай бекетінің салынар-салынбасы, сондай-ақ, жас мамандарды жұмыспен қамту және болашағы жоқ ауылдар жайы болды.
Жергілікті тұрғындар мен журналистердің осы секілді көптеген сауалдарына нақты деректер мен дәйектерді мысалға ала отырып, жан-жақты жауап берген аудан әкімі Қалихан Байғонысов: «Катонқарағай ауданында халықтың әлеуметтік жағдайы жыл өткен сайын жақсарып келеді жабылып жатқан мектептер жоқ, сондықтан бізде болашақсыз ауылдар да атымен жоқ», – деп түйіндеді.

Серік Құсанбаев

Осы айдарда

Back to top button