Қоғам

Катонқарағайда 50 меморандумға қол қойылды

Катонқарағайда 50 меморандумға қол қойылды


Катонқарағай ауданының орталығы Үлкен Нарын ауылында тағылымды шара өтті. «Туған жерге – тағзым» акциясының аясында ұйымдастырылған инвестициялық форумда туған жерге жаны ашитын, кіндік кескен мекеннің түтіні түзу ұшсын деп тілейтін кәсіпкер азаматтар бас қосып, шекара шебіндегі ауданның түйткілді мәселелерін бірлесе талқылады. Ойларын ортаға салды. Аудан экономикасын өрге бастырар, жергілікті жұртқа септігін тигізер деген жоба-жоспарларын жария етті.

-Елбасымыз биылғы Жолдауында экономикалық бәсекелестікті ынталандыруға айрықша мән беріп, экономиканы қаржыландыруға жекеменшік секторды тартудың маңыздылығын атап көрсеткен еді. Бұл акцияға кәсіпкерлеріміз ақшасы тасығаннан емес, туған жерлеріне, атамекенге жаны ашығаннан қатысып, атсалысып жатыр деп түсінгеніміз ләзім. Ауданымызда тұңғыш рет ұйымдастырылып отырған инвестициялық форум жергілікті жердегі әлеуметтік мәселелердің шешілуіне, туризм саласының дамуына тың серпін береді деп сенеміз, – деді Катонқарағай ауданының әкімі Ахметқали Нұрғожин форумды ашқан сөзінде.

Аудан әкімі «Туған жерге – тағзым» акциясының аясында Катонқарағай ауылында Оралхан Бөкей мен Қаратай батырға ескерткіш орнатылғанын, биыл Шыңғыстайдағы кезінде Әбдікәрім болыс салдырған мектепті қалпына келтіріп, мұражайға айналдыруды жоспарлап отырғандарын жеткізді.

Форум барысында аудан аумағындағы туристік нысандар салуға, омарта шаруашылығын дамытуға қолайлы жер телімдері кәсіпкерлер назарына ұсынылды. Катонқарағай мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің бас директоры Ерлан Мұстафин парк аумағында экологиялық туризмді дамытуға мол мүмкіндік бар екенін айтып, қалталы азаматтарды инвестиция салуға шақырды.

Катонқарағайдың ең түкпірінде, жан-жағын қалың орман қымтаған Аршаты деген ауыл бар. Осы ауылда туып-өсіп, бүгінде Оңтүстік Қазақстан облысының Шымкент қаласында тұрып жатқан Ғани Шаймерденов есімді кәсіпкер сонау жерден ат арытып арнайы келіпті.

-Қазір өзге өңірде тұрып жатсақ та, жүрегіміз әркез туған жер деп соғады, – деп сөзін сабақтаған кәсіпкер 300 орындық жаздық лагерь салып беретінін айтып, жерлестерін бір желпіндіріп тастады.

«Алты ай қыстың азабы, өнімдердің өтпеуі, өркениеттің жетпеуі, кедергілердің кетпеуі секілді қиындықтар аз емес. Таулы аймақ табиғатының адамдарға берері мол болғанымен, соны толық ұқсата алмай келеміз. Өзімізде өндіріс болмағандықтан, барлық байлығымызды шикізаттай саудалап жіберуге тырысамыз. Әлем өркениетке бет бұрып, алды туристік сапармен аспанға ұшып жатқанда ауылдағылар аудан орталығына әрең жетеді. Өркениетті аңсаған жастарымыз қалаға қашып, ертеңіне алаңдағандар қала маңына қоныс аударып, ауылдарымыз жалаңаштанып бара жатыр».

Форумда сөз алған аудандық мәслихат депутаты Ертай Кешілбаев әуелі туған жеріндегі осындай түйткілдерді тілге тиек етіп, сөзден іске көшетін уақыттың жеткенін айтып, Катонқарағай ауылында қаңырап бос тұрған 5 үйдің бірін өз қаржысына жөндеп, іске қосуға уәде берді.

«Нарын» ЖШС директоры Нығмет Шаухин қазір көп жерлерде жойылып кеткен мемлекеттік коммуналдық мекемелерді қайта құру керектігін, мұндай мекемелер халықты жыл бойы жұмыспен қамтуға мүмкіндік беретіндігіне тоқталып, сөзінің соңында: «жағдайы төмен бір отбасының баласын қамқорлықтарыңызға алыңыздар. Бағыңыздар, қағыңыздар, оқытыңыздар. Бұған үлкен ақша кетпейтін шығар, бірақ үлкен алғыс аласыздар», – деп кәсіпкерлерді қайырымдылық жасауға шақырды.

Табиғаты тамылжыған төр Алтайдың бір брэнді – әлемге әйгілі Берел қорғандары. Алайда, сақтарға қоныс болған сақи мекенді келгісі, көргісі келетін туристерге тұсау болып отырған түйткілдер аз емес. Соның бірі – алыстан арып, ашып жеткен саяхатшылардың аяқ суытып, ас ішетін жерінің жоқтығы.
Берел қорық-мұражайы директорының орынбасары Алмас Сарбасов осы мәселе шешілсе, патшалар жазығына келетін туристер қатары бұрынғыдан да арта түсетінін айтып, биыл Берел қорғандарын төрткүл дүниеге әйгілеген атақты археолог Зейнолла Самашевтың 70 жасқа толатынын, ғалымның құрметіне ғалым үйін ашсақ деген ұсынысын жеткізді. Оның айтуынша, мұндай ғалымдар үйі әлемнің көптеген елдерінде бар екен.

Жұмақ мекен төр Алтайдың ертеңіне алаңдаған азаматтардың басын қосқан форум қорытындысында құны 1 млрд. 200 миллион теңгенің 50 меморандумына қол қойылды.

А.Әбіл

Осы айдарда

Back to top button