Қоғам

Катонқарағай ауданында әуежай салынады

Катонқарағай ауданында әуежай  салынады


Бұл туралы облыстық жолаушы көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Нұржан Жұмаділов арнайы брифингте айтты.

Аудан орталығы Үлкен Нарын ауылында әуежай бұрын да жұмыс істеген. Тоқсаныншы жылдары жекеменшікке өткен нысанның инфрақұрылымы толықтай тоналған болатын. Ал иесі оның орны мен қаңқасы үшін қомақты қаражат сұрап отыр. Аудандық әкімдік пен кәсіпкердің ымыраға келе алмауы салдарынан Катонқарағай ауданына әуе арқылы тікелей турист тарту мүмкін болмай келген. Бұл мәселені облыс әкімдігі қолға алып, жаңа нысан салу арқылы шешпек.

– О баста ескі әуежайды қайта жарақтау көзделген. Қазіргі иесімен келісімге келе алмадық. Сондықтан ескі нысанның жанынан жаңа әуежай салу керек деп шештік. Өйткені ол орын сейсмикалық және геодезиялық тұрғыдан әуежайға өте қолайлы әрі қауіпсіз. Аудандық әкімдік әуежай ғимаратын салады. Ал асфальтсыз ұшып-қону жолағын облыстық бюджет арқылы төсейміз. Осылайша, Катонқарағайға келетін туристер шағын ұшақтар арқылы Алматы мен Астана сияқты қалалардан Өскеменге қонбастан, тікелей қатынайтын болады, – дейді Нұржан Жұмаділов.

Әзірге әуежай қандай көлемдегі ұшақтарға арналатыны, жобаның қанша қаржы талап ететіні белгісіз. Жобалау жұмыстары биыл аяқталса, құрылыс жұмыстары 2020-2021 жылдары жүреді деп күтілуде.

Басқарма басшысының айтуынша, жердегі көлік қатынасында да түйіні тарқамаған түйткілдер бар екен. Әсіресе, шалғай ауылдарға автобус шығаруға тасымалдаушылар құлықсыз. Заң бойынша еліміздегі тұрғын саны 100 адамнан асатын елді мекеннің барлығы жолаушы көлік тасымалымен қамтамасыз етілуі тиіс. Аймағымызда бұл санатқа жататын 587 ауыл бар. Қазір солардың тек 440-ы, яғни, 75 пайызы ғана автобуспен тұрақты қамтылып отыр. Ал 147 ауылдың халқы аудан орталығы мен ауыл арасына қазір жеке көлікпен қатынап амалдауда.

– Осы олқылықтың орнын толтыру үшін 12 аудан бойынша 65 маршруттың тізбесі жасалды. Аудан әкімдері осы бағыттарға тасымал ұйымдастырып, оны субсидия арқылы қолдау жолдарын қарастыруы тиіс. Әзірге бұл мақсатқа Аягөз, Глубокое, Жарма, Зайсан, Катонқарағай, Көкпекті, Күршім, Тарбағатай, Үржар және Шемонайха аудандары қаржы бөлді. Оның көлемі 144 млн. теңге, – дейді Нұржан Жұмаділов.

Өскемен көшелерін бақылау камераларымен жабдықтау биыл шарықтау шегіне жететін түрі бар. Оның көлік айдаушыларға да пайдалы тұстары бар көрінеді. Көлік апатынан кейінгі дауларды облыс орталығынан ашылатын ситуациялық орталыққа жүгіну арқылы шешуге болады. Басқарма басшысының айтуынша, шаһардағы 74 қиылыстың әрқайсына 12 камерадан 888 бақылау жүйесі қойылмақ. Ал қарбалас күні-түні үзілмейтін 15 көшенің бойына 440 камера орнатылуы мүмкін.

– Бұған дейін камера орнатылмаған 120 аулаға бақылау жүйесі орнатылады. Білім беру, денсаулық сақтау, дін, көңіл көтеру орындары мен саябақтар аумағы цифрландырудың игілігін көреді. Қала аумағына талдау жасай келе, жиі қылмыс болатын, тұрақты бақылауды қажет ететін 1700 орын анықталды. Солардың барлығына камера қоямыз, – дейді Нұржан Жұмаділов. 2020 жылға қарай бір Өскеменнің өзінде 3928 камера жан-жақтан қалтқысыз бақылау жүргізеді деген жоспар бар. Сол камералардан алынған деректердің бір данасы Қазақстан көшесіне қойылатын ситуациялық орталықта сақталады. Қауіпсіздік органдары ол деректер бойынша тиісті шара қолданып отыруы тиіс.

– Орталықта кез келген дерек 30 күнге дейін сақталады. Сақтау мерзімін ұзартуға күш салып жатырмыз. Кез келген тұрғын көлік апатына қатысты күмәні болса, басқа да даулы мәселелерге тап болса, полиция департаменті арқылы өзіне қажет бейнедеректі сұрата алады, – дейді басқарма басшысы.
Биыл облыстық маңыздағы жолдарды жөндеуге 2,6 млрд. теңге бөлінбек. Нұржан Жұмаділов баяндамасын осындай жағымды жаңалықпен түйіндеді. Жөндеу көретін жолдардың көш басында Бородулиха – Жезкент бағыты тұр. Облыс әкімі Даниал Ахметов аталмыш ауданға жасаған сапары барысында тұрғындарға Жезкентке апаратын жолды жөндеп беруге уәде еткен болатын. Сондай-ақ Семей – Қарауыл жолындағы жөндеу жұмыстары жалғасын таппақ. Семей – Курчатов, Өскемен – Самар, Үлкен Нарын – Күршім бағытындағы жолдар да жөнделеді.

– Аталмыш жобаларға 2,6 млрд. теңге қарастырылған. Оның тең жартысы республикалық бюджеттен, екінші жартысы облыс қазынасынан бөлінеді, – деді басқарма басшысы.

Есімжан Нақтыбайұлы

Осы айдарда

Back to top button