Қоғам

Қатерлі дертті қалай жеңуге болады?

Жыл сайын елімізде қазан айында сүт безі қатерлі ісігінің проблемаларына арналған айлық өтеді. Осы ретте облыстық көпсалалы онкология және хирургия орталығының мамандары ағымдағы жағдай туралы айтып, облыс тұрғындарын онкологияны ерте анықтауға септігін тигізетін скринингтік бағдарламаларға белсенді қатысуға шақырды.  

Статистика көрсеткендей, жер бетіндегі әрбір бесінші адамға қатерлі ісік диагнозы қойылады. Қазақстанда сүт безі қатерлі ісігі әйелдерде жетекші онкологиялық патология саналады. Республика бойынша жыл сайын орта есеппен 4 мыңнан астам сүт безі обырымен ауыратын науқас анықталады. Онкология және радиология ҚазҒЗИ деректері бойынша жыл сайын жаман аурудан 1400-дей әйел көз жұмады.

Орталықтың емдеу жөніндегі орынбасары Роман Налибаевтың айтуынша, сүт безі обырын дер кезінде анықтауға болады. Бірақ ол үшін тұрақты түрде тексеріліп тұру қажет. Қыздар 20 жастан бастап омырау бездерінің ультрадыбыстық зерттеуінен өте алады. 45 жастан асқан әйелдер жыл сайынғы маммографиядан өтуі тиіс, бұл ауруды ерте анықтауға мүмкіндік береді.

Орталық мамандандырылған көмектің негізгі спектрін, оның ішінде емдеу және химиотерапия, сәулелік терапия жүргізеді, орган сақтайтын жоғары технологиялық операцияларды жасайды. Алайда әйелдің өз денсаулығына жауапкершілікпен қарауы ғана оған денсаулығын ұзақ жылдар бойы сақтауға көмектеседі, сондықтан скринингтік тегін тексеруден өту мүмкіндігін жіберіп алуға болмайды. Сүт безі обырын ерте анықтау үшін дәрігерге бару керек, уақытында тексеруден өту керек. Шынында да, әйелде қатерлі ісіктің I-II стадиясы анықталған жағдайда, оған ең жоғары мамандандырылған ем көрсетуге мүмкіндік бар және нәтижесі де жақсы болады

Онкологтар ұсынған деректерге сәйкес, облыс бойынша биыл 42 456 қыз-келіншек сүт безі обырының бар-жоғын анықтау үшін скринингтен өткен, бұл – өңірдегі барлық нәзік жандардың 78%-ы. Тексеру барысында 30 әйелде дерттің бірінші сатысы, 31-інде II сатысы анықталған.

Өткен 15 қазан күні облыстық көпсалалы онкология және хирургия орталығында ашық есік күні болды.  Жетекші онколог-маммологтар бір күнде сүт безі қатерлі ісігіне 139 әйелді терапевтің жолдамасынсыз тексерді. Олардың ішінде бес әйелде қатерлі ісік ауруы анықталды, тағы төрт пациентке обыр алды диагнозы қойылды, 43 әйелде басқа аурулар табылды.

Келушілерге медициналық мекеме қызметкерлері викторина өткізіп, тәтті сыйлықтар тарту етті.

Кәмал Естай

Осы айдарда

Back to top button