СпортТОП

«Қасым батырдың» шәкірттері жаңа залда жаттығады

Өскеменде Тәуелсіздік күніне арналған мерекелік іс-шаралар аясында Мәжіліс депутаты, Qazaqstan Ardagerleri қауымдастығының төрағасы Бақытбек Смағұлдың, сондай-ақ «Аманат» партиясы қалалық филиалы өкілдері мен спортсүйер қауымның және өскелең ұрпақтың қатысуымен ерекше дөңгелек үстел отырысы өтті. Тағылымы мол басқосуға аты аңызға айналған партизан, Халық Қаһарманы, жазушы Қасым Қайсеновтің туыстары қатысты.

Облыстық «Зерек» креативті даму орталығының базасында ұйымдастырылған іс-шараның әсіресе жастарға берері мол болғаны сөзсіз. Өйткені жиында тәрбие, білім, мамандық таңдау сияқты өзекті мәселелерге басымдық берілді.

«Аманат» партиясы қалалық филиалының атқарушы директоры Арайлым Есімбекова аталмыш іс-шараның маңыздылығына тоқтала келе мұндай форматтағы басқосулардың жүйелі түрде өткізіліп тұратынын атап өтті. Сондай-ақ облысымызға арнайы келген және спорт саласындағы маңызды бастамаларды қолдағаны үшін күллі республикаға танымал азаматтарға ризашылығын білдірді. Бұл ретте дәл осы күні облыс орталығында Халық Қаһарманы Қасым Қайсенов атындағы жаңа спорт залының ашылу салтанаты өткенін айтқан орынды.

– Жақында ғана аталған залда жаттығатын спорт клубының өкілдерімен кездескен едік. Сол себепті бір-бірімізді жақсы білеміз деуге болады. Олардың көбі бүгінгі жиынға да қатысып отыр, – деген Арайлым Есімбекова олардың бірқатарына спорттық жетістіктері, белсенді өмірлік ұстанымы мен дәстүрге адалдығы үшін мерекелік грамоталар тапсырды.

Ал Парламент Мәжілісінің депутаты, «Аманат» депутаттық фракциясының мүшесі, белгілі қоғам қайраткері әрі Ауған соғысының ардагері Бақытбек Смағұл дәл осындай клубтардан кейін әлемдік аренада жасындай жарқылдайтын чемпиондар шығатынын айтты.

– Біз жас ұрпаққа Сағадат Нұрмағамбетов, Бауыржан Момышұлы, Қасым Қайсенов сияқты батырларымыздың ерлігін дәріптеуіміз керек. Шүкір, ұлтымызда мақтан тұтатын, бой мен ой түзейтін тұлға көп. Қазіргі уақытта олардың ерліктерін мадақтайтын кітаптарымыз да жетерлік. Бүгінгі іс-шара соңынан қатысушыларға өзімізбен бірге ала келген дәл сондай кітаптардың біразын тарту етпекпіз, – деді Бақытбек Смағұл.

Жоғарыда жазғанымыздай, бұл күні дөңгелек үстелден бөлек, Қасым Қайсенов атындағы спорт клубы да ашылған болатын. Осы ретте, қазір елімізде белгілі тұлғалардың атымен аталатын спорт клубтарының саны артып келе жатқанын айту керек. Олардың тәрбиеленушілері Әлем чемпионаттары мен Азия біріншіліктері сияқты ірі додаларда ауыз толтырып айтарлықтай жетістіктерге жетуде. Бұл туралы Сағадат Нұрмағамбетов атындағы спорт клубының жетекшісі, джиу-джитсудан Әлем чемпионы, Алматы облысы мәслихатының депутаты Нұрсұлтан Орынбасаров айтты.

Ал енді әйгілі партизан, Халық Қаһарманы Қасым Қайсеновтің атына ие болған спорт клубына тоқталайық. Негізі, «Қасым батыр» деп аталатын спорт клубы 2020 жылы ашылған. Осы екі жыл ішінде негізінен балалар жаттығатын клуб шәкірттерінің бағындырған белесі аз емес. Қазіргі уақытта мұнда 90-ға жуық шәкірт джиу-джитсу және грэпплинг күресінің қыр-сырын меңгеруде. Екі шәкірті Әлем чемпионы атанса, тағы төртеуі сол додалардың жүлделі орындарына ие болып үлгерген. Оның үстіне, мұнда Азия біріншіліктерінде үздіктер қатарынан көрінген спортшылар да бар. Ал аға жаттықтырушы Солтан Ахметов пен бапкер Асылбек Темірбеков жастарға бар білгенін үйретіп, олардың мықты спортшы ғана емес, үлгілі азамат болып қалыптасқанын қалайтынын жасырмайды.

Айта кетейік, дөңгелек үстел басында Ауған соғысының ардагерлері, облыстық қорғаныс департаментінің, әскери бөлімдердің өкілдері, жас спортшылар мен олардың тәлімгерлері көптеген түйткілді мәселе бойынша ой бөлісіп, пікір алмасты.

Сәрсен Қабылым

Осы айдарда

Back to top button