Иман

Қасиетті айда қайырымды істер көп болады

Отыз күн ораза – ой-сананың тазарып, мұсылман қауымының рухани кемелденетін айы. Биылғы ораза күн мен түн теңеліп, көктем шуағын шашқан күні басталмақ. Осыған орай облыстың бас имамы мен діни басқарма өкілдері баспасөз мәслихатын өткізіп, ауыз бекітудің қағидалары мен жоспарлап отырған іс-шаралар барысын баян етті.

Ұлттық ұстанымымызға діңгек еткен дініміз бар болғандықтан оның негізгі қағидалары мен ұстанымдарын білу – ұлтқа парыз. Қазақстан мұсылмандар діни басқармасы хабар еткендей, биыл ораза 23 наурыз күні басталмақ.

– Барлық мұсылмандар үшін қасиетті Рамазан айы 23 наурызда басталады. Қадір түні сәуірдің 17-сінен 18-іне ауған түнге түседі, ал 21 сәуірде Ораза айт мейрамы басталады. Биыл діни басқарма Ислам және ізгі қоғам жылы деп жариялады. Осыған орай биыл көптеген қайырымдылық іс-шара ұйымдастыру жоспарда бар. ҚМДБ төралқасының отырысында Рамазан жоспары бекітілді, – деп нақтылады ҚМДБ-ның Шығыс Қазақстан облысындағы бас имамы Ермек қажы Қасболатұлы.

Бұл айда жақсылық істеп, қайырымдылық қылуды мұсылман қауымы өзіне парыз санайды. Жан үшін садақа, мал үшін зекет берудің де бұл айда сауабы мол. Осы игі амалды іске асыру үшін де бірізділік керек. Бай мен кедейдің арасындағы алшақтық білінбеуі шарт. Сондықтан да ҚМДБ садақа, зекет мөлшерін белгілесе, қайырымдылық қорлары мұқтаж жандарға көмек қылуды мақсат етіп отыр. Ол туралы Рамазан айына орай өткен Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төралқа мәжілісіде Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы да тілге тиек еткен болатын.

– Рамазан – Алла Тағаланың мұсылмандарға берген ұлы сыйы, нығметі. Ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өз үмбетін: «Бұл айда жәннат есіктері ашылады. Ораза тұтқан адамның алдыңғы және кейінгі күнәлары кешіріледі», – деп сүйіншілеген. Біз, Рамазанда хаққа да, халыққа да қызмет етеміз. Рамазан айында адамдарға көп жақсылық және мүмкіндік беріледі. Бұл – шынайы құлшылық істеп, Алланың разылығын алуға, сонымен қатар халқымызға қызмет етіп, адамдардың алғысын алуға берілген үлкен мүмкіндік айы. Сондықтан өзімізге берілген міндеттер мен жауапкершілікті жанашырлықпен, ықыласпен, ихсанмен орындауымыз керек. Қасиетті айда Алланың разылығы мен халықтың алғысын алу баршамызға нәсіп болсын. Осы жолда Алла бәрімізге күш-қуат, рухани бірлік берсін!» – деді бас мүфти.

Осы жиында биылғы оразанң мән-жайы талықланған болатын. Нәтижесінде биыл пітір-садақаның мөлшері 535 теңге болып белгіленді. Бұл еліміздегі 2 кг ұнның бағасына негізделіп бекітіліп отыр. Ал өңірдегі қайырымдылық қорлары мен мешіттер де бұл айда бірқатар іс атқаруды көздеп отырған көрінеді.

– Қайырымдылық және зекет қоры ҚМДБ жанында жұмыс істеп жатыр. Осыған дейін де, осыдан кейін де бұл қор көптеген жұмыс атқармақ. Бір қуанарлығы «Ел үлесі –пәтерге» қайырымдылық акциясы аясында 668-ші пәтердің кілтін алдағы күндері Зайсан ауданында табыс етпекпіз. Бақуатты жандар көмектесіп жатса осы айда тағы да пәтер кілтін беріп қалуымыз бек мүмкін. Жалпы «Ел үлесі –пәтерге» қайырымдылық акциясы 2019 жылы қолға алынған. Бұл акцияның мақсаты – мұқтаж отбасыларына баспана алып беру. Бүгінгі таңда бүкіл Қазақстан бойынша 626 отбасы жаңа тұрғын үйдің кілтін алып отыр. Бұдан бөлек Рамазан айында көптеген іс-шара атқарылады. Жалдағы дәстүр бойынша мешітте студенттерге ауызашар беретін боламыз. Мүмкіндік болса кешкі уақытта алыс ауданнан мешітке келетін жандар үшін автобус жүргізу мәселесін қарастырып жатырмыз, – деді ҚМДБ-ның Шығыс Қазақстан облысы бойынша «Зекет» қайырымдылық қорының өкілі Берік Қадірұлы.

Сонымен қатар дін қызметкерлері бұл айда ішімдік сатпау жөнінде бастама көтеруді де қолға алған. Ал мешіт жанынан ашылған «Рамазан қоржыны» атты қоймаға қайырымдылық пакеттерін тапсыруға болады. Сондай-ақ Өскемен қаласы бойынша бірыңғай мұқтаж отбасылар базасы жасақталған. Қайырымдылыққа беретін дүниесін тікелей тапсырғысы келетін адамдар болса базадан көмекке мұқтаж жандардың тізімін алуға болады. Зекет қоры жасақтаған ұялы телефонда «Зекет» бағдарламасы жұмыс істейді. Бағдарлама ішінде нисап мөлшерін есептеу құрылғысы бар, сол арқылы өзінің дүние мүлкінің зекетін беруге болады. Бүгінгі таңда төменгі шекті мөлшері 1 423 697 теңгесі бар кісі бай адам санатына кіреді. Сондықтан осындай қаражаты бар болса зекет беруге міндетті. Жалпы алғанда бұл айдағы іс-шаралар ізгілік пен қанымызда бар қайырымдылыққа бағытталған. Ұл қайырымды, қыз мейірімде болса ұлттың ұпайы түгел, иман берік болмақ.

Алтай Ғали-Асқар

Back to top button