Қоғам

ҚАС-КІРПІКТІҢ ҚАС ШЕБЕРІ АТАНДЫ

Жанаргүл МҰҚАТАЙ

Аймақ кәсіпкерлері палатасы жанындағы «Әйелдер кәсіпкерлігін дамыту орталығының»  ұйымдастыруымен 50 қыз-келіншек тегін мамандық алып шықты. Нәзік жандарға оқытылған мамандық түрлері олардың  өз қалауы бойынша таңдалынған.

– Ең әуелі, алдын ала жүргізілген сауалдамалар арқылы біздің облыста бьюти-индустрия және тігін өндірісі бағытында оқығысы келетін әйелдердің көп екенін анықтап білдік. Сондықтан біз осы бағыттар бойынша, атап айтқанда, «Кірпік өсіру шебері», «Маникюр шебері» және «Тігінші» мамандығын беретін «Тігін өндірісі және киім сәндеу» мамандықтары бойынша оқыттық, – дейді облыс орталығындағы «Әйелдер кәсіпкерлігін дамыту орталығының» кеңесшісі Жанар Елемесова.

Орталықтың қызметіне жүгінген он әйел шілде айынан бастап Өскемендегі Наталья Бексеитованың оқу орталығы негізінде кәсіби білім алған. Кәсіпкердің орталығы 2016 жылдан бері  бьюти-индустрия саласында қызмет көрсетіп келеді. 2 тамыз күні кәсіпкерлер палатасында курсты тәмамдағандарға арнайы сертификат табысталды.

«Кірпік өсіру» мамандығы бойынша онлайн-курсын Өскеменде, Семейде, Үржар ауданында тұратын 20 қыз-келіншек оқып, меңгеруге мүмкіндік алған. Өз ісінің кәсіби шебері, тәжірибелі маман Мадина Құсайынова тыңдаушыларды өзінің авторлық бағдарламасы бойынша оқытқан.    Курс тыңдаушылары тәжірибе жинақтау сабақтары  кезінде  кірпік өсірудің қыр-сырына  одан әрі қанығып, бүгінгі күні үлкен сұранысқа ие болып тұрған бьюти-бизнес түрін толық меңгеріп шығып, қайқы кірпіктің қас шеберлері атанған.

Иә, ел ішінде үлкен сұраныс тудырып отырған, табысы да әжептәуір болып тұрған сән индустриясының бір түрі осы кірпік ұзарту, кірпік өсіру қызметі. Дегенмен, кірпік өсірудің талаптары, тазалығы ескерілмей қыз-келіншектердің кірпігі күйіп қалып, көздің айналасы зақымданып жатқан жағдайлар да жиі кездеседі екен. Осының салдарынан блефарит ауруына шалдыққан жандардың саны да артып келе жатқан көрінеді. Мұны лешмейкерлердің өздері айтып жатыр. Осы орайда сән қызметін одан-бұдан «үйренген» кім көрінген емес, осындай курстарда тәжірибелі мамандардан  арнайы оқып, үйренген мамандардың өздері көрсеткені дұрыс. «Тауық сойса да, қасапшы сойсын» деген.

«Тігін өндірісі және киім сәндеу» мамандықтарын меңгеруді ниет еткен 20 қыз-келіншек бұл мамандыққа «Renaissance» агенттігінде машықтанған.

Облыстың аудандары мен қалаларынан келген жұмыссыз, көпбалалы аналар, ерекше балалардың анасы енді орталықтың көмегімен  игерген мамандықтары бойынша өз жұмыстарын, кәсіптерін бастамақ ойда. Жеке кәсіптерін бастап кеткендер де бар.

– Бірнеше әйел  алған білімдерін іске асырып та үлгерді. Біреу өзінің шағын кәсібін ашса, біреу үйінде шұғылданып жатыр. Оқытылған курстардың әйелдерге, аналарға тигізген көмегі көп болғанына сенімдіміз. Оларда өзін-өзі әрі қарай дамытуға деген қызығушылық пайда болды. Қазір олардың кейбірі біздің орталық ұйымдастырып жатқан онлайн-тренингтерге қатысып жатыр, – дейді Жанар Елемесова.

Кәсіпкерлікті дамыту, жаңа мамандықты тегін меңгеру, кәсіп түрін ашу, тағы да басқа сауалдар, мәселелер бойынша кеңес алу үшін қыз-келіншектер аймақ кәсіпкерлері палатасы жанындағы «Әйелдер кәсіпкерлігін дамыту орталығына» 8-777-411-54-01 телефоны арқылы хабарласуына немесе келуіне болады. Мекенжайы: Өскемен қ., Әуезов даңғылы, 26/1,  1 бөлме.

Оқырмандар есіне сала кетейік, бұған дейін Қазақстанның 14 өңірінде Ұлттық экономика министрлігінің «Ынтымақтастық қоры», Президент жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия және «Атамекен» ҰКП серіктестігі аясында 14 «Әйелдер кәсіпкерлігін дамыту орталығы» ашылған болатын. Соның бірі біздің облыста қызмет көрсетіп жатыр. Орталықтардың тегін қызметі Азия Даму Банкінің қаражаты есебінен қаржыландырылады және оны Қазақстандағы БҰҰ Даму бағдарламасы жүзеге асырады. Орталықтарды құру Қазақстан Республикасының отбасылық және гендерлік саясат тұжырымдамасына негізделген.

Осы айдарда

Back to top button