Қоғам

ҚАС БАТЫРЛАР ҚАСҚАЙЫП ТҰРСА ДЕП ЕДІМ…

Тарбағатай халқының ширек ғасырға таяу мерзімдегі арман-тілегі іске асып, қайтадан жеке аудан болды. Мұндай тарихи шешімнің қабылдануы Президентіміз  Қасым-Жомарт Тоқаевтың халықтың үніне, талабына құлақ асып батыл шешім қабылдауы болса, екінші жағынан Тарбағатайдың тумасы, саясаттану ғылымының докторы, мәжіліс депутаты Ерлан Сайыровтың қосқан үлесі зор.

Ауданның өз алдына бөлініп жеке шаңырақ көтеруінің жергілікті халық үшін маңызы зор. Елдің болашаққа деген сенімі артып, экономикасы дамып, адамдардың өз еліне-жеріне деген құрметі артты. Жастар туған елінің, жерінің болашағы үшін өздерінің білімі мен күш-жігерін аямай жұмсап, елдің көркейіп гүлденуіне атсалысады деп ойлаймыз.

Таяуда ауданның жеке бөлінуін атап өту үшін Ақжар ауылында дарабоз батырымыз Қабанбай Қожагелді ұлының 330 жылдығы мен Ақжар ауылының 100 жылдығына арналған салтанатты жиын өтті. Ер Қабанбай бабамыздың өмір жолы, ата жауларымыздан жерді азат етудегі тарихи еңбегі жиынға қатысқан ғалымдар мен тарихшылардың тұжырымды баяндамаларында жан-жақты қамтылды. Бұл жөнінде бұқаралық ақпарат құралдарында толық айтылды. Оны қайталағым келмейді.

Айтайын дегенім, осы шараны өткізу барысында елім, жерім деген азаматтар ұйымшылдық көрсетіп, тойдың жоғары деңгейде өтуіне  көп үлес қосты. Әртүрлі ұлттық ойындар мен ат бәйгесіне алты жеңіл машина сыйлық берілді. Қорытып айтқанда, елдің еңсесі көтеріліп, жоғарыда айтылғандай болашаққа деген сенімі артты.

Әрине, алда атқарылар жұмыстар ұшан-теңіз. Аудан халқы, аудан әкімі, жергілікті азаматтар, депутаттар бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, ұйымшылдықпен еңбек ететініне деген сенім зор.

Осы жерде жиын барысында ойыма келген кейбір мәселелерді айта кеткенді жөн көрдім. Қабанбай бабамыздың батырлығы мен ерлігін кейінгі ұрпаққа насихаттауда әлі де атқарылатын істер аз емес. Мысалы, Өскемен, Семей, Алматы, Астана қалаларының орталық көшелерінде батыр бабамыздың мүсіні жоқ. Баһадүр баба туралы тарихи кино түсірілуі керек. Өйткені қазақ жерін жаудан азат етуде Қабанбайдың ерлігі зор. Үш жүздің сарбаздары мен айтулы батырларының басын біріктіріп жауды жеңгені тарихи шындық. Тарбағатай, Үржар, Мақаншы, Аягөз, Шорға, Маңырақ соғысындағы ерлігі ерекше. 80 күнге созылған Шорға шайқасы мен Маңырақ, Сеңгір шайқасы тікелей Қабанбайдың өзінің  басқарғаны тарихтан белгілі. Осы соғыста Тарбағатай жерін мекендеген  алты Жұмық, бес Сатының батырлары мен басқа да азаматтардың қатысқаны анық. Солардың ішінде Қаракерей Қабанбайдың немере інісі әрі үзеңгілес серігі Сатыұлы Дәулетбайдың орны бөлек.

Үмбетей жырау:

«Ту алып, тұлпар мінген – ер Дәулетбай», деп жырға қосқан, Қабанбай атамыздың өзі: «Дәулетбай еді қайратым!» деп қимай қоштасып, қасиетті ақ туын өз қолымен тапсырып: «Еліңе, жеріңе ие бол, мені жоқ дегізбе!» деп өсиет еткен. Дәулетбай бабамыз өз заманының дара батыры, әрі әділ биі болған.

Осы тарихи жағдайды ескере отырып, Ақжар ауылына кіреберістегі үлкен жолдың бойына Қабанбай мен Дәулетбайдай баһадүр бабаларымыздың қатар тұрған салт атты мүсіндерін қою керек.

Мұны халық қолдайды деп сенемін.

Тұрсынхан Дүйсенов,  Тарбағатай, Зайсан аудандарының Құрметті азаматы

Осы айдарда

Back to top button