«AMANAT»ТОП

«Қарызсыз қоғам» кеңсесі ашылды – ШҚО

ШҚО-дағы «AMANAT» партиясының облыстық филиалында «Қарызсыз қоғам» жобалық кеңсесі ашылып, өз жұмысын бастады.

Жобаның негізгі мақсаты – азаматтарды қаржыны тиімді басқару және шығындарды оңтайландыру әдістерін оқыту арқылы халықтың қаржылық және құқықтық сауаттылығын арттыру, деп хабарлайды Didar ақпарат.

«Қарызсыз қоғам» жобалық кеңсесінің ашылуына орай өткен шараға ШҚО әкімінің бірінші орынбасары Нұрымбет Сақтағанов пен партияның облыстық филиалының төрағасы Сайрангүл Жұмаділова  қатысты.

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Жолдауын орындау мақсатында өңірімізде «Қарызсыз қоғам» білім беру жобасы жұмысын бастады. Тұрғындар арасында қаржылық сауатының аздығынан қателікке ұрынып қалатындар аз емес. Соның салдарынан кейбір отбасылар қаржылық дағдарысқа тап болады. Бұл отбасындағы ғана емес, жалпы қоғамдағы өзекті мәселелердің бірі. Сондықтан банктерге, қаржылық ұйымдарға бармас бұрын оның пайызын, тиімді тұстарын зерделеп алған жөн. Мәселен, жастарға 2,5 пайызбен несие беретін «Ауыл аманаты», тағы да басқа бірқатар мемлекеттік бағдарламалар бар. Халық осындай жеңілдіктер жайлы хабардар болуы керек. Бұл жобаның іске қосылуы тұрғындардың әл-ауқатын арттыруға оң ықпал етеді. Жаңа экономикалық үлгідегі қоғам құруымыз үшін халықтың қаржылық, құқықтық сауаттылығын барынша арттыруымыз қажет. Жоба аясында 7 мыңнан астам адамды оқыту жоспарланып отыр, – деді Нұрымбет Сақтағанов.

Жоба арқылы өзінің қаржылық сауаттылығын көтергісі келетін адамдар қысқа мерзімді оқуды бастады. Жобаға қатысушылардың арасында несиелік қарызы бар немесе банкроттыққа ұшыраған жеке тұлғалар, көпбалалы аналар, жұмыссыздар, кәсіпкерлер, бюджеттік сала қызметкерлері, студенттер, өзін-өзі жұмыспен қамтығандар және бала күтіміне байланысты демалыста отырған аналар да бар. Солардың бірі – марқакөлдік Айнұр Киргимбаева. Айтуынша, кәсіптік-техникалық оқу орнын бітіргенімен, мамандығы бойынша ауылда жұмыс таппаған. Сондықтан, облыс орталығына келіп, тігін курсын оқып жүр. Сонымен қатар «Қарызсыз қоғам» білім беру жобасы аясында қаржылық сауатын арттырып, өз кәсібін ашу мақсатында берілетін қайтарымсыз грант алудың жолдарын үйренуде.

Жобалық кеңсенің ашылған күні-ақ білім беруге кіріскен сарапшылар – С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университеті Бизнес және құқық жоғары мектебінің деканы Әсел Апышева мен деканның оқу ісі жөніндегі орынбасары Динара Мамырбекова жоба қатысушыларына қаржы мәселесі қалай пайда болатынын, несие қарызын азайтудың қандай жолдары бар екенін, алаяқтық әрекетті анықтау жолдарын және қаржы пирамидасынан аулақ болу керек екенін түсіндірді. Сонымен қатар отбасылық бюджетті қалай қалыптастыру қажет, белгілі бір себептермен несиені төлей алмаған жағдайда пайыздық өсімін көбейте бергеннен гөрі уақытша тоқтата тұру сияқты заңды құқықтарының егжей-тегжейін айтып берді.

Жаңа жылдан бастап облыстың барлық қалалары мен аудандарында осындай жобалық кеңселер ашу жоспарланып отыр. Бұл жұмысқа мәслихат депутаттары, қоғам белсенділері, Мемлекеттік кірістер департаменті, екінші деңгейдегі банктер мен микроқаржы ұйымдарының білікті мамандары да тартылмақ.

 Автор: Айжанат Бақытқызы

 

Осы айдарда

Back to top button