ТОПТүйткіл

Қарыз дәптері қалыңдап кетті

Жанаргүл МҰҚАТАЙ

Қайтадан құрылған Самар ауданында алғаш рет кәсіпкерлер форумы өтті. Ауылда өткен форумда ауыл кәсіпкерлері өздерін алаңдатып жүрген жайттарды жеткізіп, мәселелерін шешуді өтінді.

«Атамекен» ҰКП өңірлік филиалының мамандары,  аудан басшылары, аудан прокуроры, бақылаушы-қадағалаушы органдардың өкілдері қатысқан форумда самарлық кәсіпкерлер өздерін толғандырып келе жатқан сауалдарды ортаға салды.

 – Форум екі сағаттан астам уақытқа созылды. Форум аяқталғаннан кейін де келіп, қордаланып қалған мәселелерін айтқан кәсіпкерлер қаншама. Осы орайда аудан прокуроры Айдос Тұрсыновтың аудандағы шағын және орта кәсіпкерліктің мүддесін қорғауға, мәселелерін шешуге барынша қолдау көрсетіп отырғанын айтқым келеді. Ауданда кәсіпкерлік субъектілерін қорғау жөніндегі жол картасының жобасы жасалып, бекітілді. Енді осы нақты жоспар бойынша жұмыс істейміз, – дейді өңірлік кәсіпкерлер палатасының құқықтық мәселелер жөніндегі орынбасары Әлия Мұқашева.

Форумда самарлық кәсіпкерлер ауданның тұрмыс, тіршілігіне, бизнестің түрлі салаларына қатысты, 25-тен астам мәселе көтерді.

Кәсіпкерлер, әсіресе сауда және қызмет көрсету саласындағы кәсіпкерлік субъектілеріне мониторинг жасайтын топтың міндеттері мен құқықтары төңірегінде көп сауалдар қойып, өңірлік кәсіпкерлер палатасына мониторингтік топтың тексеру алгоритмінің жадынамасын жасап шығаруды өтінді.

Аудандағы несие серіктестіктерінің «Ертіс» ӘКК алдындағы жауапкершіліктері мен міндеттемелеріне қатысты проблемалар да өзекті болып отыр. Аталған мәселені аудан прокуроры бақылауына алып, оны шешудің оңтайлы жолын табуды қарастыру жол картасына енгізілді.

Бүгінде Самар ауданына қатынайтын автобус жоқ. Қайта құрылған жаңа аудандағы жолаушылар тасымалының ежелден келе жатқан проблемасы өте өзекті болып тұр. Аудан орталығында Kaspi терминалы жоқ. Электр энергиясының жетіспеушілігі елді мекендегілерге кәсіпкерлікпен айналысуға айтарлықтай кедергі келтіріп отыр. Осының бәрі осы күнге дейін шешімін таппай, жабулы қазан күйінде келе жатыр.

Форумда айтылған тағы бір мәселе – Самар ауданындағылардың дүкен иелері алдындағы дер уақытында қайтарылмай жатқан берешегі. Иә, бұл күнде қымбатшылық әсіресе, ауылдағыларды қатты қысып отырғаны бәріне белгілі. Самар ауданында ғана емес, басқа ауылдарда да күнделікті тамағына дейін қарызға алатындардың, тіпті нанның өзін жаздырып алатындардың көбейіп бара жатқаны қоғамды, биліктегілерді алаңдатуы тиіс. Тоқтаусыз қымбаттап бара жатқан азық-түлік жергілікті дүкендердегі қарыз дәптерін тіптен қалыңдатып жіберген. Бұл ауыл кәсіпкерлерінің, нәпақасын сауда-саттықтан тауып отырғандардың жұмысына кері әсерін тигізіп отыр.

Осы айдарда

Back to top button