Картоп өсіруге нидерландықтар көмектеспек

Облыс әкімі Даниал Ахметовтің еліміздегі Нидерланд Корольдігінің Төтенше және өкілетті елшісі Дирк Ян Коппен өткен кездесуі барысында негізінен ауыл шаруашылығы төңірегіндегі мәселелер талқыланды. Соның бірі Шығыс Қазақстанда голланд технологиясы бойынша көкөніс, әсіресе картоп өсіруге қатысты болды.
Облыс әкімі Даниал Ахметовтің айтуынша, Шығыс Қазақстанда жылына шамамен 500 мың тонна картоп өсіріледі. Енді облыс диқандары алдына өнім мөлшерін бірнеше есеге дейін өсіру міндеті қойылып отыр. Ол үшін шетелдік, оның ішінде нидерландық мамандармен бірлесіп жұмыс жүргізу қажет.
– Рас, біздің агросектор қарқынды даму үстінде. Соңғы жылдары ауыл шаруашылығы саласында жеткен жетістіктеріміз аз емес. Десек те, голландық агросектордың деңгейіне жету үшін, бізге әлі де көп еңбектену қажет. Сіздерден үйренеріміз көп. Біздің аграрийлер сіздердің көмектеріңізбен Нидерланд Корольдігіне барып, сол жақтағы әріптестерімен кездесіп, тәжірибе жинақтап қайтса, жөн болар еді, – деген облыс әкімі сондай-ақ қазір Шығыс Қазақстанда картоп өсіру мәселесіне жіті мән берілуде екенін айтты. Оған бірнеше себеп бар-тын.
Аймақ басшысының айтуынша, қазір Қытайдың Шығыс Қазақстанмен көршілес Шыңжаң Ұйғыр автономиялық ауданына картоп экспорттаудың оңтайлы мүмкіндігі туындап отыр. Кездесуде белгілі болғандай, 26 миллиондай халқы бар ШҰАА-да жыл сайын 700 мыңнан астам тонна картоп өсіріледі екен. Салыстырмалы түрде алып қарайтын болсақ, 1 миллион 400 мың тұрғыны бар Шығыс Қазақстанда жылына 500 мың тонна картоп өндіріледі. Демек көршілес елде картоп тапшылығы бар деген тұжырым жасауға болады.
– Сіздердің озық технологияларыңызды пайдалана отырып, көршілес Қытайға картоп экспорттағымыз келеді. Жалпы, бізде картоп қана емес, өзге де бақша дақылдарын, сүт өнімдерін өндіруге жақсы жағдай жасалған. Сондықтан нидерландық әріптестерімізбен байланысымызды нығайта түсуге мүдделіміз, – деді облыс әкімі.
Өз кезегінде шетелдік мейман Шығыс Қазақстанның экономикалық әлеуеті туралы көп естігенін айтып, Нидерланд Корольдігі де облысымызбен әріптес болуға дайын екенін жеткізді.
– Нидерланд Корольдігі – Қазақстанның Еуроодақтағы басты әріптестерінің бірі. Сондай-ақ біздің ел сіздердің бірқатар салаларыңыздағы негізгі инвестор да болып табылады. Әсіресе Қазақстанға Голландиядан азық-түлік өнімдері көп экспортталады. Бұл байланыс одан әрі де жалғасын табады деп сенемін. Ал енді сіздің агросектор мамандарына қатысты ұсынысыңызды қуана қолдаймын. Біз қазақстандық аграрийлермен тәжірибе бөлісуге дайынбыз, – деді Копп мырза.
Айта кетейік, Шығыс Қазақстанға іссапары аясында Нидерланд Корольдігінің елшісі Курчатов қаласына барып, Ұлттық ядролық орталық жұмысымен де танысып қайтты.
Нұржан Кенжеұлы