Қылқалам

Картиналарымен көп нәрсе айтқысы келеді

Өскемендік суретші Марьяна Беисова жан-жануарлардың портретін салғанды өте жақсы көреді. Ол өзінің осынау  картиналары арқылы далада қаңғып қалған төрт аяқтылардың мәселесіне жұрт назарын аударғысы келеді.  

Оның алғашқы картинасының атауы – «Кармен». Кармен деген иттің аты. Ол итті Марьяна осыдан үш жыл бұрын  көшеден өлімші халде тауып алыпты. Кейін оны қайырымды жандар өз қамқорлығына алған екен. «Оның мінезі ерекше, мейірімді әрі өкпешіл. Тентектігі де бар, әрі тамақ жегенді қатты жақсы көреді» деп жазады Марьяна өзінің Инстаграмдағы парақшасында.  Ол Лучик атты иттің де портретін салған. Оны да өзі  құтқарып қалған. Далада қаңғып жүрген итті үйіне апарып, жуындырып, тамақтандырып, жылылық сыйлаған. Қазіргі күні Лучик қайырымды адамдардың қолында.   Сондай-ақ оның қолынан шыққан «Лионель» атты мысықтың  портреті де өте сәтті шыққан.

Көктем болатын. Қар әлі ери қоймаған кез, тіпті күн аяз. Мен саябақта осынау мысықты көрдім. Жаурағаны сондай әрбір өтіп бара жатқан адамға жәудірей қарап, аянышты дыбыс шығарып, мияулайды. Мен мысықты қуып жетіп, қолыма алдым. Сондағы оның көздерін айтсаңызшы! Әдемі әрі мейірімді! Сол сәт оның жанарынан ерекше нәзіктікті көрдім. Ол маған алғыс айтқандай болды. Әрине, мен оны үйіме апара алмайтын едім, бірақ көшеде тастап кетуге де дәтім бармады. Мен өзімнің танысыма қоңырау шалып, көмектесуін сұрадым. Ол үйіне алуға келісімін берді. Кейін Ольга ол мысықтың керемет ақылды әрі сүйкімді екенін айтты, – дейді Марьяна.

Марьяна  суретшілік жолға енді ғана түсіпті. Әлі бір жыл бола қойған жоқ. Әзірге бес картинасы бар.  Өзінің айтуынша, бала кезінде көркемсурет үйірмесіне баруды қатты армандапты. Бірақ қаланың бір шетіндегі сурет үйірмесіне кішкентай Марьянаны апаруға үлкендер ықылас таныта қоймаған.   Армандар бәрібір орындалады.  Арада қаншама жыл өткен соң  Марьяна өзін  осы бағытта сынап көруді жөн санапты.

Менің сурет салып үйренгім келді. Бірақ бір байқағаным, қаладағы үйірмелердің барлығы балаларға арналған. Ал ересектерге сурет салуды үйрететін үйірме жоқ. Онлайн курс сатып алғаныммен, оның қылқаламды алғаш қолына алғандар үшін аса пайдалы емес екенін ұқтым. Десе де менің жолым болды. Есімі жұртқа жақсы таныс суретші Виктор Калининді жолықтырып, сурет салудың қыр-сырын сол кісіден үйрендім. Негізі мен жан-жануарды өте жақсы көремін. Өзімнің картиналарым арқылы мен осы мәселеге жұрт назарын аударғым келеді. Олар да жақсы өмір сүруге лайықты. Олар да жылылықты сезінгісі келеді. Адамдар осыны түсінсе екен, – дейді Марьяна Беисова.

Мейрам Екпін

 

Back to top button