Руханият

Қарт ақын жайлы деректі фильм

Берікхан Тайжігіт

«Кіндігімнің жас қаны тамған жерім – ауылым», – деп басталатын композитор Теміржан Базарбаевтың әйгілі «Ауылым» әнінің сөзін жазған үржарлық белгілі ақын Жабайыл Бейсенов атамыз туралы таяуда жерлестері деректі фильм түсірді. Бұл ақын жайлы аудан көлемінде шыққан тұңғыш деректі фильм!

Қытайда дүниеге келіп, жас шағында атамекеніне оралған Жәкеңнің бүгінгі күнге дейін жүріп өткен жолы тым күрделі. Ақынның өмір жолы мен шығармашылығын қамтыған деректі туындының көркемдік деңгейі жоғары. Елу жылдан бері қазақ сахарасында қалықтап келе жатқан әнді фильмді түсірушілер жаңа бір деңгейге көтеріп тастаған. Фильмнің басталуы, шарықтау шегі мен шешімін табуы өз алдына бөлек әңгіме. Үржар ауданы Мәдениет үйінің мамандары Дәурен Есетов пен Сұңқар Баяновқа және осынау жобаға зор қолдау көрсеткен Қуантай Абеуовке  жерлестері алғыс айтып жатыр.

– Жабайыл Бейсенов атамыздың «Ауылым» әніне түсірілген деректі фильмде ол кісінің қарапайым өмір жолын бейнелеуге тырыстық, – дейді шығармашылық топ. – Атамыздың өнердегі достарын, отбасын, ауылын көрсеттік. Әсілі, бұл ән ел арасында халық әні болып таралған. Авторы бұл күнде Үржар ауылында өмір кешіп жатқандығын айттық…

Жалпы, жасы 88-ге келген ақын Жабайыл Бейсенов –  «Ауыл әндері», «Алтын бесік – ауылым», «Алакөлім аяулым», «Күнгейім менің»  «Ауылым – алтын қазынам» қатарлы бірнеше жыр жинақтың авторы. Сондай-ақ олардың басым көпшілігінің тақырыбы ауыл болып келеді. Жабайыл  ағамыздың өлеңдеріне  Ахметхан Алпыспаев, Кентау Назарбек, Ерболат Қызыкенов, Амантай Әліпов, Қизат Сейітқазин қатарлы көптеген композитор ән жазған.

Жалпы, дүниежүзі қазақтарына кең тараған «Ауылым» әнін естігенде жүрегі елжіремейтін қандасымыз жоқ шығар. Жарты ғасыр өтсе де, ел аузынан, үлкен сахна төрінен түспей келе жатқан өміршең ән туралы деректі фильмнің жарыққа шығуы заңды.

Жабайыл Бейсенов 1935 жылы 9 қараша күні дүниеге келген.
1935-1942 жылдар аралығында ата-ана тәрбиесінде болып, 1943 жылдан 1951 жылға дейін Толы ауданындағы орталау мектепте білім алды. 1952-1956 жылдары Шәуешек қаласындағы қазақ гимназиясында оқыды. 1957-1961 жылдар арасында ШҰАР Үрімжі қаласындағы педагогикалық институттың тіл және әдебиет факультетін бітірді. 1962 жылы Қазақстанға келгеннен бастап 1996 жылға дейін бұрынғы Мақаншы ауданы, Жарбұлақ орта мектебінде ұстаз болып жұмыс атқарды.
Жабайыл Бейсенов – сегіз жыр жинақтың авторы. Көпке танымал оннан астам әннің мәтінін жазды. Атап айтсақ, «Достық толғауы», «Үржар вальсі», «Үржарым – құтты мекен», «Жас ұлғайып», «Батыр баба», «Шапанай сазы», «Күнгейім менің», «Ауылым» болып кете береді. Әсіресе ұстаз болып жүргенде шәкірт тәрбиелеу ісіне баса көңіл бөлді. «Баспалдақ» атты әдебиет үйірмесін құрып, көптеген жас таланттың көзін ашты. Бұл еңбегі жеміссіз қалған жоқ. Танымал ақындар Айжарық Абылқасымов, Алмахан Омарова, Дәулетхан Тастанбеков, белді журналист Айдархан Мұхамедкәрім де сол үйірмеден түлеп ұшқан. Кезінде Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Үржар ауданының Құрметті азаматы, Қазақстан Республикасының «Халық ағарту ісінің үздігі», «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері Жабайыл Бейсенов облыстық білім басқармасының және аудан әкімінің «Құрмет» грамотасымен марапатталған.

Осы айдарда

Back to top button