«Қарлығаш» балабақшасының өкілдері Өскемендегі әріптестерімен тәжірибе алмасуда
Қазақстан Республикасы Президенті Іс Басқармасының Медициналық орталығының Шығыс Қазақстан облысындағы күндері аясында «Қарлығаш» балабақшасының өкілдері делегация құрамында Өскемен қаласының мектепке дейінгі ұйымдарын аралады.
20 сәуірде балабақша өкілдері Дарынды балаларға арналған мамандандырылған валеологиялық мектеп-кешенінің жұмысымен танысты. Экскурсия барысында «Балалар университеті»: STEM-зертхана, ойын технологиялары, «Тұлғаны дамыту», психологиялық қолдау және диагностика, «Мейкерспейс» зертханаларын аралады.
Өскемен қаласындағы «Мұрагер» балабақшасына эскурсия барысында психолог, шығармашылық, релаксация, лингвистика кабинеттерінің және этнобұрыштың жұмысымен танысты. №18 «Еркетай» балабақша-бөбекжайында «Шебер қолдар» кабинеті, «Balapan» ақпараттық-білім беру орталығы, «Галотерапия» және робототехника кабинеттерін аралады. Ал №1 «Балапан» балабақша-бөбекжайына сапар кезінде «Қарлығаш» балабақшасының өкілдеріне «Интеллектум», робототехника, сенсорлық кабинеттерінің жұмысын көрсетті.
Кездесу аясында Президент Іс Басқармасы Медициналық орталығының «Қарлығаш» балабақшасының директоры Бейбітгүл Қазақпаева «Желілік балабақша моделі» презентациясын ұсынып, балабақшаның атқаратын қызметі, оқытудың инновациялық әдістерімен таныстырып, балалардың денсаулығын сақтау және нығайту жолында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды.
Сапардың екінші күні, 21 сәуірде «Қарлығаш» балабақшасының делегациясы №15 «Рахат» балабақша-бөбекжайында болып, дөңгелек үстелге қатысуды жоспарлап отыр. Шараға Шығыс Қазақстан облысы білім басқармасының «Шығыс» өңірлік орталығының өкілдері, мектепке дейінгі білім беру ұйымдарының педагогтері қатысады.
Ағымдағы жылы осы форматтағы іс-шаралар тізбегін Қазақстан Республикасы Президентінің Іс Басқармасы Медициналық орталығының күндері шеңберінде Қазақстанның барлық өңірлерінде өткізу жоспарланған. Бұған дейін «Қарлығаш» балабақшасының өкілдері делегация құрамында Ақтөбе, Ақмола облыстары мен Шымкент қаласында болып қайтты. Мақсат – мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың инновациялық әдістемелерін дамыту саласында тәжірибе алмасу.