Қоғам

Карл Маркстің орнына Қазыбек би келді

Карл Маркстің орнына Қазыбек би келді


Бұл қуанышты жаңалық облыстық қоғамдық кеңестің кезекті өткен мәжілісінде белгілі болды. Облыс орталығындағы бірқатар атаусыз көшелерге жаңадан ат берілетін болса, бір даңғыл қайта аталмақ. Бұған қоса облыстың Бородулиха, Ұлан аудандарындағы елді мекендерге бұрынғы тарихи атаулары қайтарылатын болды.

Кеңес мүшелерінің алдында облыстық мәслихаттың және облыс әкімдігінің осыған қатысты бірлескен шешімі мен қаулы жобасын облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқарма басшысының міндетін атқарушы Роза Төлемісова таныстырды.

Оның айтуынша, Өскемен қаласы бойынша Мельзавод тұрғын үйі маңындағы №1 көше – Ақтоған, Меновное ауылына айналма автокөлік жолы маңындағы №1 көше – Керуен, №2 көше – Шұғыла, №3 көше – Саялы, №4 көше – Ақниет, №5 көше – Ынтымақ, №6 көше – Көкжиек болып аталады. Ал Высоковольтная 57 көшесі маңындағы №1 көше – Орманды, №2 көше – Шиелі, №3 көше – Шуақты, №4 көше – Керемет, №5 көше – Рауан, №6 көше – Ақбұлақ деген атауларға ие болды.

Сонымен қатар, А.Күленов атындағы 16 тұрғын аудандағы №1 көше – Жоталы, Бастау көшесі маңындағы №1 көше – Қайнар, 19 және 20 тұрғын аудандар арасындағы №1 даңғыл – Бейбітшілік даңғылы, 23 тұрғын аудандағы №1 көше – Бостандық, Ахмер ауылындағы №1 көше – Жаңажол, №2 көше – Күнбатыс, №3 көше Өрнек болып өзгерді.

Карл Маркстің орнына Қазыбек би келді

Жоғарыда айтып өткеніміздей, Өскемен қаласының 19 тұрғын ауданындағы Карл Маркс даңғылы Қазыбек би даңғылы болып қайта аталды.

– Өскемен қаласының әкімдігіне даңғылға Қазыбек бидің есімін беру туралы ұсыныс облыстық соттың төрағасынан, қалалық ардагерлер және ақсақалдар кеңестерінен түскен болатын. Даңғыл 14 және 19 тұрғын аудандар арасында орналасқан, ұзындығы үш шақырым, ені 100 метр. Оның бойында орналасқан 41 көпқабатты тұрғын үйде бес мыңға жуық халық тұрады. Сауда орындары, әлеуметтік мекемелер орналасқан, қоғамдық көліктер жиі қатынайды. Аталған аумақта тұратын тұрғындар да бұл ұсынысқа үлкен қолдау білдірді. Қалалық мәслихат депутаттары тарапынан да бірауыздан қолдау тапты. Бұл Орта жүзден шыққан әйгілі би, шешен, қоғам қайраткері, елші, Тәуке ханның кеңесшісі болған Қазыбек бидің 350 жылдығына тамаша тарту болып отыр, – деді Роза Төлемісова.

Ақпарат ретінде айтар болсақ, жоғарыдағы облыстық мәслихаттың шешіміне және облыс әкімдігінің қаулысына Өскемен қаласы бойынша 20 атаусыз көшеге атау беру және Карл Маркс көшесін Қазыбек бидің атына ауыстыру туралы республикалық ономастика комиссиясының 2017 жылғы 27 қарашадағы және 2018 жылғы 2 наурыздағы қорытындылары негіз болған.

Сондай-ақ облыстың Бородулиха ауданына қарасты Степное ауылдық округінің Вознесеновка ауылы – Қызылтай, Жаңашүлбі ауылдық округінің Пролетарка ауылы – Ақши болып ауыстырылды. Ал Ұлан ауданының Алмасай ауылдық округінің 17 шақырым ауылы – Сарыөзек болып қайта аталды.
Кеңесте сонымен қатар, ағайынды Абдуллиндер атындағы Шығыс Қазақстан өнер колледжі ғимаратының жырға айналған күрделі жөндеу жұмыстарына қатысты мәселе тағы да көтерілді. Мұндағы кемшіліктерді кеңестің білім саласы бойынша сараптау тобының жетекшісі Ирина Ровнякова мен колледж директоры Әлмира Дүсіпова жіпке тізгендей етіп көрсетті. Кеңес мүшелері бұл мәселе осымен бесінші мәрте кеңесте қаралып отырғандығын алға тартып, мердігерден қайта-қайта қаржы сұрай бермей, керісінше кемшіліктерді түзетіп, қалған шаруаны жылдам әрі сапалы етіп бітіруді сұрады. Солай ету арқылы ғана мәселе шешімін таппақ. Нысан жүз пайыз толық аяқталғанда ғана қалған бес пайыздық жарна мен кепілдік қаржы берілетін болады. Өз кезегінде мердігер мекеме өкілдері нысанды 25 мамырда толық тапсырамыз деп уәделерін берді. Естеріңізде болса, жөндеу жұмыстарының тым созылып кетуінің салдарынан колледж студенттері екі жыл бойы өзге ғимаратта басқа студенттермен қатар оқуға мәжбүр болуда.

Облыстық қоғамдық кеңесте бұдан басқа бірнеше нормативтік-құқықтық актілердің жобалары қаралып, қоғамдық кеңес жанындағы спортты дамыту, бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған тұлғаларды әлеуметтендіру жөніндегі сараптау жұмыс топтары төрағаларының есебі тыңдалып, 2018 жылға арналған жұмыс жоспарлары қаралды.

Дәурен Аллабергенұлы

Осы айдарда

Back to top button