Қоғам

Қариясын қадір тұтқан халықпыз

Айжанат Бақытқызы

Өңірде қайырымдылық айлығы жалғасып жатыр. Ауқымды акция жобаларының бірі «Мейірімділік марафоны» аясында Глубокое ауданы, Солнечный ауылындағы Өскемен арнайы қызмет көрсету орталығында қарияларға арналған демалыс бөлмелері салтанатты түрде ашылды.

Жаңадан ашылған екі бөлмеде орталық тұрғындары үшін емдік денешынықтыру және түрлі мәдени іс-шаралар өткізілетін болады.

Бөлмелерді жабдықтауға «Өскемен титан-магний комбинаты» АҚ, «НКГ» ЖШС, «Банк ЦентрКредит» АҚ, «Халифа Алтай» мешіті, «Майлы дақылдардың тәжірибелік шаруашылығы» ЖШС, «Ұлттық ұлан» өкілдері және жеке кәсіпкер Уәлихан Ерғалиев, «Ореол Ltd» ЖШС директоры, меценат Сергей Коротин сияқты жомарт жүректі азаматтар демеушілік көмек көрсеткен.

Орталық директоры Ерболат Ошақбаевтың айтуынша, «Казцинк» ЖШС спорт кабинетін жөндеуге және жарақтандыруға 5 млн. теңге қаражат бөлген.

– Демеушілердің көмегінің арқасында орталықта мерекелік кештер ұйымдастыруға болатын кең қонақ бөлмесі ашылып отыр. Мұнда жұмсақ жиһаз, 12 адамға арналған орындықтары бар қонақ үстелі, шкафтар, тоңазытқыш, теледидар, кілем – бәрі бар. Сонымен қатар емдік денешынықтыру залы да жабдықталды. Онда жүгіру жолдары, стационарлық велосипедтер, күш жаттығуларына арналған құрылғылар орнатылды. Орталық тұрғындары залда нұсқаушының көмегімен жаттығатын болады. Мұндағы мүмкіндігі шектеулі 43 адам үшін физикалық оңалту өте маңызды, – деді орталық директоры Ерболат Ошақбаев.

Жуықта орталықтың кітапханасы да жаңартылғандығын атап өткен жөн. Бұл туралы облыстық мәслихаттың депутаты, «Өскемен титан-магний комбинаты» АҚ-ның президенті Әсем Мамутованың қоғамдық қабылдау бөлмесінің басшысы Бұлбұл Бакинова айтып берді.

– Біз орталықпен көптен бері ынтымақтасып келеміз, мүмкіндігінше көмектесеміз. Қариялар «Ем алу плюс» клиникасында тегін қызметтерді, оның ішінде балшықпен емдеу, сумен емдеу, тұз шахтасындағы емдік шараларды ала алады. Көктемде орталық ғимаратын жөндеуге белсене қатысып, әктеу және бояу материалдарын алуға көмектестік. Бүгінгі сыйлығымыз – кітапханаға арналған кітап сөрелері, – деді Бұлбұл Бакинова.

Орталық басшысы айтып өткендей, қазір кітапханада 4500 дана кітап қоры бар, желтоқсанда тағы да жаңа кітаптармен толыға түспек.

Айта кетсек, қазір орталықта 109 қария мен мүмкіндігі шектеулі жандар тұрады. Барлығы да кезінде қоғамның әр саласында еңбек етіп, тер төккен, тек зейнетке шыққан соң тағдырдың жазуымен орталықтың тұрғыны атанған жандар. Сондай абзал жандардың бірі – 75 жастағы Тұрсын Құсанова. Тұрсын апа өмір бойы геология саласында еңбек еткен. Айтуынша, Ленинградтағы Васильевский атындағы тау-кен институтын бітірген соң көп жыл Якутияда геолог болып жұмыс істеген. Әкесі қазақ, анасы орыс, марқұм жұбайы неміс ұлтынан болған. Баласы Германияда тұрады.

Қазір сырқатына байланысты екінші топтағы мүмкіндігі шектеулі жан. Қарттар үйіндегі бөлмесі мұнтаздай таза. Терезесінде хош иісті гүлдері жайқалып тұр. Үстеліндегі кітап, газет-журналдардан көп оқитын адам екендігі байқалады.

– Қазіргі өмірім өзіме ұнайды. Мұнда жылы су, душ, моншамыз –  бәрі бар. Күніне үш рет ыстық тамақ, бір рет жеміс-жидек, шырын түрінде қосымша тамақ береді. Жуықта ауырып қалдым. Сол кезде орталық басшысы Ерболат Ошақбаев зыр жүгіріп, тиісті дәрігерлерге қаратып, емдетті. Орталықта Қарлығаш Дидарбекқызы деген өз дәрігеріміз бар. Жас маман болса да білімді, қамқорлығын аямайды,  алғысым шексіз. Әлеуметтік қызметкерлердің басшысы Айгүл Нұрахметова жұмыскерлерге өте талапшыл, тиянақты, бізге жақсы қарайды. Бос уақытымда аулада серуендеймін, өлең жазамын. Шешем орыс болса да намысшылмын, ұлтжандымын. Кенесары хан туралы тарихи кітаптарды, Алаш қайраткерлері жайлы көп оқимын. Желтоқсан құрбандары – Қайрат пен Ләззаттың аруағына тағзым етемін. Қарттарына осындай қамқорлық жасап  отырған мемлекетіме ризамын. Ең бастысы, еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын, – дейді Тұрсын апа.

«Жас келсе – іске» демекші, расында орталыққа жаңа басшы Ерболат Құмарханұлы келгелі мұндағы оң өзгерістер көзге көрініп тұр. Ғимаратқа кереметтей жөндеу жұмыстары жүргізіліпті. Орталықтың іші-сырты мұнтаздай таза.

«Бір кісі қазған құдықтан, мың кісі су ішеді» демекші, орталық басшысының ұйымдастыруымен, қайырымды азаматтардың демеушілігімен жөнделіп, жабдықталған кітапхана, асхана, спорт залы, акт залында қарияларға барлық қолайлы жағдай жасалған.

Шара барысында облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасы басшысы орынбасарының міндетін атқарушы Әсел Қасымханқызы, «Казцинк» ЖШС-нің әлеуметтік қолдау қызметінің бастығы Надежда Козинец қарияларға ақжарма тілектерін жеткізіп, бұл бағыттағы қолдау шаралары алдағы уақытта да жалғасатындығын айтты.

Мерекелік концертте «Құрмет» орденінің иегері Вячеслав Ткач, Қазақстан Республикасының Мәдениет салаларының үздігі, «Ертіс концерт» кәсіпорнының әншісі Нұргүл Қабдоллаева және «Әлем-Шаңырақ» ұжымының талантты бишілері өз өнерлерін паш етті. Кездесу соңында демеушілерге естелік сыйлықтар мен Алғыс хаттар табысталды.

Осы айдарда

Back to top button