Қоғам

Қарияларға сый-құрмет көрсетті

Азамат Темірбеков

Қарттар күні қарсаңында Бородулиха ауданының әкімі барлық ауылдық округтердегі ардагерлердің басын қосып, қарияларға мерекелік көңіл-күй сыйлады.

Бұл күні мерекелік дастархан басына жиналған қарттарға шағын сыйлықтар таратылып, концерттік бағдарлама ұсынылды. Саналы ғұмырын әр салада ауданның дамуына арнаған қазыналы қарттарды құттықтаған аудан басшысы оларға зор денсаулық, ұзақ ғұмыр тіледі.

«Қарты бар үйдің – қазынасы бар» деген халқымыз. Өскелең ұрпақты тәрбиелеу ісінде әлі де қатардан қалмай, ақыл-кеңестері мен өмірлік тәжірибелерімен бөлісіп жүрген ардагерлерімізге осылайша құрмет көрсеттік. Ауданның қоғамдық өмірінен тыс қалмай, үлгі-өнеге болып жүрген қарттарымызға жылы көңіл мен ықылас, құрмет тек мерекеде ғана емес үнемі көрсетіліп жүреді. Бүгінде бір дастархан басында тамаша көңіл-күйде бас қосып, замандастар өткен қызықты шақтарды еске алып, әсем ән тыңдап, көңілі жас қарияларымыз би билеп бір ширап қалды», – деп жазды аудан әкімдігінің әлеуметтік желідегі ресми парақшасында.

Жалпы, бұл күні ауданның барлық ауылдық округтеріндегі екі мыңдай  қарияға құрмет көрсетілді. Олардың арасында тыл еңбеккерлері, жалғыз тұратын зейнеткерлер бар. Қарияларға естелік сыйлықтар, азық-түлік табысталып, концерттік бағдарлама және мерекелік түскі ас ұйымдастырылды.

Бұдан бөлек, Бородулиха арнайы әлеуметтік қызмет көрсету орталығының қызметін алушылар да мерекеде назардан тыс қалмады. Атап айтсақ, оларды Қарттар күнімен құттықтауға келген Семей қаласындағы Достық үйінің ұжымы концерт қойып, қазыналы қарттарға мерекелік көңіл-күй сыйлады.

Достық үйінің халық ансамблі ән мен күйден шашу шашып, бүгінде осы орталықта мемлекеттің қамқорлығын көріп отырған қарияларға мықты денсаулық пен ұзақ ғұмыр тіледі. Бұдан басқа орталықта қызмет алушыларға арнап мерекелік дастархан жайылып, құттықтаулар айтылды.

Сонымен қатар атаулы күнге орай аудан орталығындағы мемлекеттік қызмет ардагерлері де құттықтаудан тыс қалмады. Оларға естелік сыйлықтар таратылып көп жылғы қажырлы еңбектері үшін Алғыс хаттар табысталды.

Ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына көптеген жылдар бойы үлес қосып, білімі мен тәжірибесін арнаған әріптестерін құттықтаған аудан әкімдігінің қызметкерлері бүгінгі таңда құрметті зейнетте болса да, олардың қоғамдық өмірден тыс қалмағандарын атап өтті.

Материал Бородулиха аудандық ішкі саясат бөлімінің тапсырысы бойынша әзірленді

Осы айдарда

Back to top button