Қоғам

Қариялардың демалысын ұйымдастырды

Азамат Темірбеков

Глубокое ауданының қариялары облыс орталығындағы драма театрында музыкалық қойылымды тамашалап, актерлермен бірге ән шырқады.

Аудан әкімдігінің хабарлауынша, Қарттар күні қарсаңында глубокоелық бір топ қарияның демалысын аудандық аналар кеңесі мен Достық үйінің басшылығы ұйымдастырған.

«Қазан айының бірінші күні біз Халықаралық қарттар күнін атап өтеміз. Қарттар күні – даналық, мейірімділік және құрмет күні. Бұл – аға ұрпаққа біздің сүйіспеншілігіміз, қамқорлығымыз бен ілтипатымыз қажет екенін бәрімізге тағы бір мәрте аңғартқан мереке. 2022 жылдың 25 қыркүйегінде қариялар үшін Глубокое аудандық аналар кеңесінің төрағасы мен Глубокое аудандық Достық үйінің басшылығы Өскемен қаласындағы драма театрына қарттарға арнап саяхат ұйымдастырды. Андрей Ақышев, Назира Советқанқызы, Күлзиға Үркімбаева, Нұрғайни Мусина және Рымбек Төребекұлы сынды қарияларды театрға бастап барған олар ұлы композитор Шәмші Қалдаяқовтың шығармашылық қызметі туралы музыкалық қойылымды тамашалады. Қариялар ән тыңдап қана қоймай, өздері де актерлермен бірге қосылып ән шырқады», – деп хабарлады аудан әкімдігі.

Қарттар күні қарсаңында қариялардың демалып, көңіл көтерулеріне қолдау көрсеткен аудан аумағындағы нотариустар болды. Тағы бір айта кетерлік жайт, биыл аталмыш мереке бір айға созылатын айлық акциямен ұштаспақ. Осы ретте облыстың аудан-қалаларында қазыналы қарттарға көрсетілетін түрлі іс-шаралар әлі де жалғасатын болады.

Осы айдарда

Back to top button