Ойтолғам

Қариялар азайып бара жатыр…

Берікхан ТАЙЖІГІТ

«Қарты бар үйдің қазынасы бар»  деген қасиетті ұғымды бала тәрбиесінің өзегі етіп сіңіре білу – біздің халыққа тән қасиет. Сондықтан да қазақ қоғамында жасы үлкен адамды сый-құрметпен төрге шығарып, ас пен тойда, алыс сапарға аттанарда, қуаныштарда бата сұраса, батагөй қарияларымыз төгілтіп бата беріп, төңірегін риза етіп отырған.

Ақындарымыз да халқымыздың осынау ықылым замандардан келе жатқан қасиетін бағалап, қарияларды қастерлей білді, тіпті өлең шумақтарын төгіп, жыр арнады. Мәселен, мына бір жыр жолдарын оқи отырып, қатал тағдырдың қилы жолында жазмыштан озмыш жоқ екендігін еріксіз мойындайсың:

«…Неменеге жетiстiң, бала батыр?

Қариялар азайып бара жатыр.

Бiрi мiнiп келместiң кемесiне,

Бiрi күтiп, әнеки жағада тұр.

 Ақыл айтып жүрмесе қасымызда,

Сонда орнайды жетiмдiк басымызға.

Жалаңашқа шекпенiн шешiп берiп,

Бiр күлшесiн бөлiскен ашымызға…».

Жалпы, бабалардың ғасырлардан бері келе жатқан сара жолын жалғастырып, бүгінгі ұрпаққа да, ертеңгі болашағымызға да  үлгі-өнеге көрсетіп, өмірден білген-түйгендерін жастарға үйретіп отырған осы ақ сақалды аталарымыз бен ақ жаулықты әжелеріміз. Әсілі, қариялар үйдің ғана емес, тұтас ауылдың, халқымыздың берекесі екендігіне дау жоқ. Білгенін үйретіп, ақылын айтып, бүгінгі буынға даналықпен жол көрсетер де осынау жандар. Әр үйдің ажарын кіргізіп, береке мен ынтымақтың ұйытқысы болып отырған жандарға мың алғыс дегің келеді! Бүгінгі күні ортамызда ақыл айтар абыздарымыз бар ма!? Бар! Ондай абыз ақсақалдарымыздың бар екендігіне, ортамызда жүріп даналығымен дау-шарларды шешіп жүргеніне қуанасың… Мұндайда даңқты батырымыз, жазушы Бауыржан Момышұлының «Отбасы, ошақ қасынан ұзап шықпайтын, түтін аңдып, үй аралап өсек айтатын кісіні «шал» деген. Бір әулеттің қорғаны, сүйеніші болып айрандай ұйытып уықтай тіреп отырған кісіні «қария» деген. Ал тұтас бір ауылдың жоқ-жітігін түгендеп, жыртығын бүтіндеп, азаматын ардақтап отыратын кісіні «ақсақал» деген. Ал бүкіл елдің сөзін сөйлеп, дау-дамайын шешіп ұрпақ бойына ұлттық рух, ізгі қасиеттерді сіңіріп отыратын,  сөзі құран хадистеріндей қасиетті, қадірлі кісіні «абыз» деп атаған» деген сөздеріне тәнті боласың. Алайда кейде «бір қарын майды бір құмалақ шірітеді» демекші ілеуде біреу болса да атына заты сай келмейтін жандардың кездесіп қалатыны көңілді қынжылтады. Әйтпесе, шығыс өңірінде ақыл айтар дана қарттарымыз аз емес. Бір өзі бір мектеп болған марқұм Бошай Кітапбаевты қалайша ұмытуға болады!? Даңқты партизан Қасым Қайсенов, шежіреші Әзімхан Сәдуақасов, арда азаматымыз Қабдысіләм Тортаев, еселі еңбектің үлгісін көрсеткен педагог Асылхан Бекбаев сынды қариялардың қатары үзілмеген.

«Балам деген жұрт болмаса, жұртым дейтін бала қайдан шықпақ?» дейді белгілі реформатор, халқымыздың ардақты ұлы Ахмет Байтұрсынұлы.

Бүгінде бала тәрбиесінің де басқа бағытқа қарай қия тартып бара жатқанын байқауға болады. Өткенде әлеуметтік желілерден автобус ішінде үлкендерге орын бермей қасарысып отырған жас жігітті көріп, жағамызды ұстағанымыз рас. Орын бермек тұр ғой, маңайындағылармен салғыласып, тіресіп отырғаны шынында, көңілге кірбің ұялатты. Жас ұрпақтың осыншама қатыгез болуының сыры неде? Кінә кімнен? Басқа жағын білмеймін, дәл үлкенді сыйламау, құрмет көрсетпеу отбасындағы бала тәрбиесінде кеткен кемшіліктің айқын көрінісі демеске шараң жоқ. Осындайда жастарға ақыл сөзін айтар, үлгі көрсетер қариялардың азайып бара жатқанына шын қынжылдық.

«Есік алдында төбең болса,
Ерттеп қойған атпен тең.
Ауылыңда қария болса,
Жазып қойған хатпен тең», – деп бабаларымыз дана қарттардың бағасын дәл айтқан… Белгілі ақын Сағи Жиенбаев та асылдарымыз жайлы өлең жолдарымен ескерткіш орнатты:

«…Дүниеге келер бір рет

Дария-кеуде, тау-мүсін.

Құрыштан құйған құдірет,

Қарттарым, аман-саумысың!?

 

Өздерің болсаң жанымда

Ел іші жомарт, еңселі

Дән иісі жүрген қаныңда,

Даламның бір-бір бөлшегі…»

ᐈ Толық

Сайын даламыздың бір-бір бөлшегі іспеттес болған қариялар кешегі өткен тарихымыздың куәгері, бүгінгі қоғамның белсендісі, ертеңгі болашақтың  жаршысы екендігін іштей мойындайсың. Мұқағали Мақатаев айтқандай:

«Мен қарапайым қарттарды сүйем,

He деген керім еді!

He біледі осы жұрт, не біледі?

Бабалардың баласы – қариялар

 Сиреп бара жатқандай көрінеді…»

 

Back to top button