ҚоғамТОП

Қарғын суға қарсы дайындығымыз қалай?

Шығыс Қазақстанда көктемгі су тасқынына дайындық жұмыстары басталып кетті. Бүгінде облыстың кей аудандарындағы қар жамылғысының биіктігі 116 сантиметрге жетеді. Сол сияқты, мұздың да қалыңдығы едәуір, 70 сантиметр төңірегінде.

Жылдағыдай, биыл да тасқынға тосқын боларлық жұмыстардың барысын облыс басшылығы өз бақылауына алып отыр. Күні кеше осы мәселеге қатысты өткен алқалы жиын барысында облыс әкімі Даниал Ахметов өңірдің өзендері мен су қоймаларындағы жарылыс жұмыстарын жүргізуге қажетті қаражат бөлінгенін, қаңтар айының соңынан бастап қауіпті аймақтарды аудиовизуалды тексеру жұмыстары басталатынын хабарлады. Осы ретте қазіргі уақытта облысымызда жіті бақылауды қажет ететін 131 гидротехникалық құрылыс бар екенін айтқан жөн.

– Ең алдымен, Зайсан ауданындағы Үйдене су қоймасы мен Самардағы бөгеттің жағдайы алаңдатады. Дегенмен өзге де аудан-қалалардағы өзен-көлдерді назардан тыс қалдыруға еш болмайды, – деп атап өтті Даниал Ахметов. – Сол себепті әкімдерге бір апта көлемінде су тасқыны қаупі бар учаскелер жайында толыққанды ақпарат әзірлеп беруді тапсырамын.

Айта кетейік, өңірде төтенше жағдайлардың алдын алу мақсатында Жол картасына 20-дан астам су тасқынына қарсы іс-шара енгізіліпті. Қазіргі уақытта облыста су өткізу нысандарын тазалау және жөндеу жұмыстары белсенді жүргізілуде. Сол сияқты қауіпті аймақтардағы халықты эвакуациялау мәселесі де күн тәртібінен түспеуде.

Сонымен қатар жиында биыл қар жамылғысының қалыңдығы да біраз қиындық туғызуы мүмкін екені айтылды.

– «Қазгидрометтің» ақпараты бойынша қаңтар айының ортасында облысымызда тоңның максималды мөлшері тіркелді, – дейді облыстық төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметі. – Мәселен, Тарбағатай ауданының кей жерлерінде мұз боп қатқан топырақтың қалыңдығы 77 сантиметрге дейін жеткен. Сондай-ақ далалы аймақтардағы қар жамылғысының су қоры нормадан үш есе артық екенін де айту керек.

Әсіресе Глубокое, Катонқарағай, Күршім мен Шемонайха аудандарына қар қалың түсіпті. Бұл аудандардың кей жерлеріндегі қардың қалыңдығы 116 метрге дейін жетеді екен. Дегенмен өзге аудандар мен қалалардағы, сондай-ақ таулы аймақтардағы жағдай бірқалыпты. Тек облыстың шығысы мен оңтүстік-шығысындағы қардың қалыңдығы қалыпты мөлшерден 20-25 пайызға артық екен.

– Бүгінге дейін Жол картасына енгізілген 21 іс-шараның 16-сы жүзеге асырылды. Алдағы уақытта тағы бес іс-шара қолға алынбақ. Қазір облысымызда арықтар мен өзге де су өткізетін нысандардың арналарын тазалап, тереңдету, жағалауларын бекіту жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Сонымен қатар өзен-көлдердегі су деңгейі бақылауға алынды. Бұл ретте облыстық бағыттағы жолдардың бойында орналасқан 102 көпір мен 1 503 су өткізетін нысанға айрықша мән берілуде екенін айту керек. Мәселен, былтыр Глубокое мен Күршім аудандарында су өткізетін құрылыстар салып, жөндеу, сонымен қатар Күршім – Қалжыр – Бурабай – Маралды бағытындағы жолдың бойында орналасқан көпірді қалпына келтіру сияқты жұмыстар атқарылған болатын, – деп хабарлайды облыстық ТЖД-нің баспасөз қызметі.

Су тасқынына қарсы іс-шаралардан жергілікті атқарушы билік органдары да шет қалмауда. Департамент баспасөз қызметінің мәліметіне сенсек, аудандар мен қалаларда жергілікті әкімдік мамандарының күшімен 62 су өткізу құрылысын, 80 шақырым арықтар мен каналдарды, 46 көпірді тазалау жұмыстары жүргізілді. Бұған қоса елді мекендерден 102 мың текше метр қар шығарылыпты.

– Қаңтар айы басталғалы бері ТЖ қызметтері жергілікті атқарушы билік органдарымен бірлесіп су тасқыны қаупі бар аймақтарға тұрақты мониторинг жүргізіп келеді. Ал ақпан айынан кешенді тексеру жұмыстары басталады, яғни мамандарымыз қауіпті аймақтарға өздері шығады, – деп хабарлайды ТЖД баспасөз қызметі.

Жалпы, Шығыс Қазақстанда су басу қаупі жоғары 71 елді мекен бар болса, бүгінге дейін жүргізілген жұмыстар арқасында оның 15-не төнер қауіп жойылыпты. Бұл бағыттағы жұмыстар әлі де жалғасуда.

– Қызыл сумен күреске жеке құрамның 1 764 адамы жұмылдырылады деп жоспарлануда, – деп хабарлайды төтенше жағдайлар департаменті. – Сонымен қатар 217 тасымалданатын және 18 тіркеме мотопомпа, 60 жүзу құралы мен азаматтық қорғаныс қызметінің 700-ден астам техникасы сақадай сай. Бұған қоса ішіне инертті материалдар салынған қаптар мен жанар-жағармай қоры әзірленуде. Апат болған жағдайда эвакуациаланған халықты орналастыруға арналған 124 пункт те дайындалып қойыпты.

Сәрсен Қабылым

Осы айдарда

Back to top button