Қоғам

Кардиологиялық оңалту бағдарламасына қандай процедуралар кіреді?

Адамдар арасындағы мүгедектікті төмендетуге мүмкіндік беретін негізгі процесс – оңалту. Оңалту шаралары уақытылы жасалса, адам да соған қарай жылдам сауығатыны белгілі. Сондай-ақ оңалту процесі үздіксіз болу керек. Миокард инфаркті, инсульт, кардиохирургиялық операциядан кейін пациент оңалту көмегін алуға тиіс.

Шығыс Қазақстан облыстық Оңалту орталығы өңір тұрғындарына мамандандырылған медициналық көмек көрсетеді. Бұл сауықтырып емдеу, медициналық оңалту, физиотерапевтік процедуралар. Орталықтың кардиолог-дәрігері Ақмарал Әшірбаеваның айтуынша, мұнда жүргізіліп жатқан кардиооңалту бағдарламасы науқастың физикалық және психологиялық жағдайын жақсартуға бағытталған.

Кардиологиялық оңалту – бұл жүрек-қан тамырлары аурулары бар науқастардың денсаулығын, психологиялық мәртебесін және еңбекке қабілеттілігін барынша толық қалпына келтіруге бағытталған медициналық, физикалық, психологиялық және әлеуметтік сипаттағы үйлестірілген іс-шаралар кешені. Кардио-оңалтудың негізгі міндеті – пациенттің өмір сүру сапасын жақсарту.

– Біздің орталықтың кардиологиялық бөлімінде миокард инфаргіне шалдыққандар, сондай-ақ түрлі кардиохирургиялық оталар мен аневризмалар жарылғаннан кейін медициналық оңалтудан өтеді, – дейді дәрігер.

Оңалтудың екі кезеңі жүргізіледі.

– Миокард инфаргінен кейін 6 айға дейінгі пациенттер ерте оңалтудың екінші кезеңіне жатады. Үшінші кезең – бұл кеш оңалту, одан екінші кезеңнен кейінгі пациенттер өтеді. Кардиологиялық оңалту науқастың аурудан кейінгі жағдайын, гемодинамиканың, талдаулардың жай-күйін бақылауды, сондай-ақ ағзаның физикалық жағынан қалпына келуін ғана емес, психологиялық мәртебесін қалпына келтіруді де қамтиды, асқынулардың алдын алады. Дәрілік препараттармен қатар емдік денешынықтыру, массаж, ингаляция, физиотерапия, лазерлік терапия жүргізіледі, – деп атап өтті Ақмарал Әшірбаева.

Естеріңізге сала кетейік, облыстық әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының филиалы 2024 жылға МӘМС шеңберінде халыққа оңалту көмегі желісі бойынша қызмет көрсету үшін 3,3 млрд теңге жоспарлаған болатын.

– МӘМС жүйесі медицинаның өте маңызды бағыты – оңалтуды дамытуға мүмкіндік берді. Миокард инфаргінен, кардиохирургиялық операциядан өткен адамның өмірін сақтау бір басқа, кейін қалпына келтіру басқа. Қазір барлық медицина қызметкерлері мен тұрғындарда егер сақтандырылған болсаңыз, онда оңалту қызметін міндетті түрде МӘМС есебінен тегін аласыз деген түсінік бар, – дейді Ақмарал Әшірбаева.

 

Осы айдарда

Back to top button