Қоғам

Қаражебе қара үзіп келді

Республика күніне орай Зайсан ауданында 15 және 25 шақырымдық ат жарыстары ұйымдастырылып, жергілікті бәйгесүйер қауымның делебесін қоздырды.

Аталмыш іс-шараның басы-қасында жүрген азаматтардың айтуынша, жарыстар шынымен де тартысты өтіп, көптің көңілінен шықты. Мәселен, 25 шақырымдық аламан бәйгеде Абай облысынан келген Аяпберген Қымбаттың Қаражебе атты сәйгүлігі алдына қара салмаса, Самар ауданынан жеткен Желқара мәре сызығын екінші болып кесті. Ал үздік үштікті тағы бір самарлық тұлпар Айка түйінді.

Сонымен қатар 15 шақырымға созылған жарыс та тартысқа толы болды. Бұл бәйгеде бірінші орынды Тарбағатай ауданының Ахметбұлақ ауылынан келген Оқжетпес атты жүйрігі жеңіп алса, екінші орыннан Күршім ауданының Домбыра деген сәйгүлігі көрінді. Ал үшінші орын Абай облысынан жеткен Лайкон атты тұлпарға бұйырды. Жарыс соңынан жүлдегерлер бағалы сыйлықтарға ие болды.

Зайсан жерінде Республика күні құрметіне ұйымдастырылған спорттық іс-шаралар мұнымен шектелген жоқ. Бұл күндері ауданда қазақ күресінен 2005-2007 жылдары туған жасөспірімдер арасындағы аймақтық жарыс жалауын желбіретті. Бір айта кетерлігі, бұл доданың барлық қатысушысы демеушілер атынан ақшалай сыйлықтармен, сондай-ақ аудан әкімінің кубоктары және грамоталарымен марапатталды.

Сонымен қатар мереке қарсаңында футболдан түрлі мекемелердің қызметкерлері арасында аймақтық біріншілік ұйымдастырылып, қатысушылар жасыл алаңда бар шеберлігін паш етті.

Спорт мерекесі белгілі қазақстандық әншілердің қатысуымен өткен гала-концертпен аяқталды.

Сәрсен Қабылым

Осы айдарда

Back to top button