Аймақтар аухалы

Қарағашта бірнеше отбасы қоныстойын тойлады

Берікхан Тайжігіт, Аягөз

Ауданда мұхтаж жандарды баспанамен қамтамасыз ету мәселесі біртіндеп шешімін тауып келеді. Мемлекет тарапынан қабылданған бағдарламалардың арқасында үй кезегінде тұрған жандар қоныстойларын тойлауда.

Бұл орайда «Бірқабатты Шығыс», «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020», «Нұрлы жер», «Бақытты отбасы» және тағы басқа бағдарламалардың тиімділігі зор. Баспанаға қол жеткізген жұртшылықтың қуанышында шек жоқ.

Сонымен қатар ауданда «Аягөз болашақ» қоры арқылы да баспаналы болып жатқандар бар. Еліміздің Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің Қазақстан халқына арнаған «Жаңа Қазақстан: жаңару мен жаңғыру жолы» атты Жолдауында: «Қазір Қазақстан дамудың келесі кезеңіне қадам басты. Әлеуметтік-экономикалық және демографиялық ахуал мүлде басқа. Бүгінгі сын-қатерлер де, міндеттер де бөлек.  Мемлекетіміздің өркендеуі аймақтардың қуатты болуына тікелей байланысты. Мен бұл мәселеге 2019 жылғы Жолдауымда кеңірек тоқталдым. «Қуатты өңірлер – қуатты ел» деген ұстаным әрдайым өзекті. Осы орайда, еліміздегі әкімшілік-аумақтық құрылымның оңтайлы болуы өте маңызды» деген болатын.

Таяуда аудан әкімі Сейілбек Ысқақов Қарағаш ауылында болып, жергілікті тұрғындармен кездесіп, олардың арыз-армандары мен тілек, ұсыныстарын тыңдап, баспанаға зәру бірнеше отбасын қуантып қайтты.

Осы сапарында аудан басшысы бірер ай бұрынғы кездесу барысында жұртшылық тарапынан қойылған талаптардың орындалу барысымен таныстырды. Сондай-ақ ауыл жұртының сұранысына сай көп жылдар қараусыз тұрған екіқабатты ғимаратты жөндеу жұмыстары қолға алынған болатын. Осы ғимараттан ауылдың төрт тұрғынына баспана кілтін табыстады.  Бұл пәтерлер жергілікті қауымдастықтың шешімімен көпбалалы, жалғыз басты отбасыларына және ауыл  емханасының медбикесіне берілді.

– Қадірлі Қарағаш ауылының тұрғындары, сіздердің атқарып жатқан еңбектеріңізге өзімнің ризашылығымды білдіремін. Бұл елді мекен тұрғындары үнемі өздерінің ұйымшылдығымен, еңбекқорлығымен аудан көлеміне жақсы таныс. Мәселен, таяуда ғана өткен маңызды науқан – Қазақстан Республикасының Президентін  кезектен тыс сайлау науқанына сіздер белсене атсалыстыңыздар. Ол үшін сіздерге өзімнің атымнан алғыс білдіремін. Қазақстан азаматтары баспанасыз болмауы керек. Қоныстарыңыз құтты болсын! Еліміз жасай берсін! – деді аудан әкімі Сейілбек Ысқақов.

Бұл күні көпбалалы ана Марал Қайыңбаева, жалғызбасты аналар Алмагүл Бекбаева, Әлинұр Бекбаева мен жас отбасы, ұстаз Нұржан Биналиевке пәтер кілттері салтанатты түрде табыс етілді.

Осы айдарда

Back to top button