ҚАРА СӨЗДІҢ ҺАС ШЕБЕРІ
1968 жыл. Мезгіл тамыз айының бірінші жұлдызы. Кезекке келіп тұрғаным сол еді, шымыр денелі, өңі кавказ жігіттеріне келетін келісті бір жігіт келіп, сыпайы амандасты да, бірге тағам алды. Таныстық. Марат Қабанбаевтың да арманы журналист болу, сонау Зайсан ауданының Қаратал ауылынан келіпті. Бағымыз жанып, екеуіміз де студент атандық. Оқуға түсе салысымен бірінші курс студенттерін «Қазақстан» кеңшарындағы жүзім жемісін жинауға алып кетті. Бір айдан кейін Алматыға оралып, Виноградов көшесіндегі үш қабатты жатақханаға жайғастық. Сонымен студенттік өмірдің естен кетпес қызықты күндері басталды.
Бірінші курсты тәмамдаған біз босқа сандалып жүргенше ақша табайық деп 1969 жылы университет жанынан құрылған студенттік құрылыс отрядына жазылдық. Командиріміз – төртінші курс студенті Эдик Кривобоков. Өзі – қатал, жұмыс десе жанын салатын, басқалардан да соны талап ететін жанкешті азамат. Ол кезде республикалық екпінді құрылыс деп жарияланған Қапшағай ГЭС-інің құрылысы басталған болатын. Көкөрім біз тау-тасты қопарып, теміржол өтетін тұсын тазартуға тиіспіз. Жұмыс ауыр, таңғы бесте жұмысқа кірісеміз де, аптап ыстық басталған кезде үш-төрт сағат демалып аламыз да, қараңғы түскенше тау-тасты қопарамыз.
Марат үшінші курсқа дейін бірге оқыды да, соңынан «Лениншіл жас» газетіне қызметке тұрып, сырттай оқыды. Университетті 1975 жылы аяқтады. Марат екеуіміз бірер жыл бір жатақханада, жарты жыл «Арман» кинотеатрының жоғары жағындағы пәтерде бірге тұрдық. Маратпен бірге тұрған уақытта көп нәрсені үйрендім десем артық айтқандық емес. Ол бос уақыты бола қалса жазу жазатын, көркем әдебиеттерді көп оқитын. Әкесі ерте қайтыс болған, дімкәс анасының жағдайы белгілі, ағыл-тегіл келіп жатқан мол қаржы жоқ. Марат оқуды жақсы оқыды, стипендиясын тұрақты алып тұрды. Ол кезде студенттердің шәкіртақысы 35 сом. Сол 35 сомды ала салысымен Мәкең отыз күнге бөліп, ақшасын үнеммен жұмсайтын.
1968 жылы университет жанынан тарих факультетінің екінші курс студенті Бағдат Әлімжановтың ұйымдастыруымен «Қызғалдақтар» атты ансамбльді құрып, көрші ауылдарға, Жамбыл, Оңтүстік Қазақстан, Атырау облыстарына гастрольге шығып жүрдік. Бір жылдан кейін бізге ақыл-кеңес айтуға сазгер Ескендір Хасанғалиев пен әнші Нұрғали Нүсіпжанов келді. Марат сол жолы екеуінен сұхбат алып, соңынан мақаласын «Лениншіл жас» газетіне жариялады. Несін айтасыз, «Қызғалдақтар» ансамблінің атағы шарықтап шыға келді. 1969 жылы Мәскеуде өткен «Алло, мы ищем таланты» байқауына қатысуға мүмкіндік алуымызға сол Марат жазған мақала себеп болды.
1984 жылы Алматы жоғары партия мектебінің тыңдаушысы болып жүргенімізде Мәкең елден қонаққа келген анамызбен қосып бізді үйіне қонаққа шақырды. Жұбайы Сәуле Камзина –тәрбиелі, мәдениетті жан, бізді жылы қарсы алып, төрге шығуымызды өтінді. Сол жолы Марат досым маған көп сыр айтты.
Жазу бөлмесіне кіргізіп алған соң «Кермек дәм» деген романының қалың қолжазбасын көрсетіп, келешекте «Кентавр» деген роман жазу ойында бар екенін айтты. Жоғарыда айтқандай, Мәкең жетімдік пен жоқшылық тақсыретін көп көрді, сырқат ана, шиеттей іні-қарындастарын асырап бақты. Ауылда қара жұмыс істеді, кешкі мектепті бітірген соң үш жылдай аудандық «Достық» газетінде қызмет етті. Қиындықты көп көрген Мараттың шығармаларындағы кейіпкерлердің негізінен замандастары болып келетіні сондықтан болар.
Мараттың балаларға арнап жазған шығармалары өміршең болғандықтан оқырмандары да көп болды. «Арыстан, мен, виоленчель және қасапхана», «Бақбақ басы толған күн», «Жиһангез Тити», «Қала және қыз бала», «Сурет салғым келмейді», «Кермек дәм» повестері мен әңгімелер, романдары қазақ прозасының жауһары саналады. Мараттың публицистикалық мақалалары республикалық газет-журналдарға жиі шығатын. «Қазақ, қайда барасың?», «Талант тас жарады», «Құралай», «Бұл зиялы – қай зиялы?», «Блат, қайда барасың?», «Қазақта бір ру бар алқаш деген» деген мақалалары кезінде оқырмандарын дүр сілкіндірді. 80 жылдардың өзінде Мараттың «Ақмолаға көшкін, ағайын» деген толғандырар тақырыптағы мақаласы көпшілікті ойға батырғаны сөзсіз. Марат Қабанбайдың қаламынан туған «Жеңеше», «Қабан қарғын», «Құралай», «Тау еркесі», «Қызық пен шыжық», «Жылан» деген әңгімелері де –қазақ прозасына тың өзгеріс пен жаңалық әкелген туындылар. Ал балалар жайлы Мараттың жазған хикаяттары мен әңгімелерін оқырмандар іздеп жүріп оқитын. Ол жайлы былай делінген: «Марат Қабанбай өзінің жас кейіпкерінің балалық іс-әрекетін, мінез-құлқын жалаң суреттеумен ғана қанағаттанып қоймайды. Ол әлі дүниетанымы мен көзқарасы қалыптаса қоймаған адам ретінде буыны қатып, бұғанасы бекімеген жай кейіпкердің өзін мейілінше күрделі етіп суреттеуге тырысады. Сөйтіп, балаларға арналған шығарманың өзінде-ақ психологиялық реализм арқылы адамның жан дүниесін ашып көрсетуді мақсат етіп қояды» деген сөздер талантты жазушының көркем сөздің һас шебері екенін дәлелдей түскендей.
Осыдан жарты ғасыр бұрын арман қуып ару қала – Алматыда бас қосқан біздің курстастар арасынан талай талант шықты. Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, ақын Күләш Ахметова, сықақшы, «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері», «Парасат» орденінің иегері, «Ара» журналының бас редакторы Көпен Әмірбек, ақындар – Қайырбек Асанов, Мейрам Оралов, Мәдина Көбеева, филология ғылымдарының докторы, профессор, белгілі жазушы Кәкен Қамзин, журналистика саласындағы Президент сыйлығының лауреаты, республикалық «Ұлан» газетінің редакторы болған көсемсөзші Бейсенбай Сүлейменов, ҚазМУ-дің профессоры, жерлесіміз Клара Қабылғазина, журналистер Асқанбай Ерғожаев, Жұмагүл Саухатова, тағы басқалардың есімі оқырмандарға жақсы таныс. Курстастар Мараттың талантына бас иетін, жазған өлеңдері мен әңгімелерін ең алдымен жерлесімізге оқып, бағасын алатын, кемшіліктерін түзететініне сан мәрте көз жеткізгенбіз. Солардың ішінде өзі туып-өскен Сауыр, Сайқан тауларындай шоқтығы биік Марат десек, артық айтпаған болар едік. Себебі ол өз елінің табысына қуанып, кемшілігіне күйзеліп, қабырғалы публицистикалық шығармаларын дүниеге әкелді. Мараттың 2013-2015 жылдары Алматыдағы «Таймас» баспасынан жарық көрген 5 томдық шығармалар жинағында қара қылды қақ жарған өткір сындары мен көсемсөздері, романдары мен повестері, әңгімелері топтастырылған.
Мараттың шоқтығы биік шығармасы – «Арыстан, мен, виоленчель және қасапхана» хикаяты оқырмандар тарапынан жоғары баға алды. Ол журналдарға басылды, жеке кітап болып шықты. Ал «Пысық болдым, мінеки!» атты туындысын Нәдия Әлімбекова орысшаға аударып («Вот он я – бывалый!»), Мәскеудегі «Детская литература» баспасы кітап етіп жарыққа шығарады. Мәдениеті мен әдебиеті дамыған Еуропаның көзі қарақты оқырмандары бұл хякаят жайлы естіп, ақыры Алмания елі оны неміс тілінде басып шығарады. «Қарлы құйын» деген атпен жарық көрген кітаптың салмағы мен парқын түсінген авторға көп ұзамай Г.Х.Андерсен атындағы Халықаралық сыйлық беріледі. Бұл – түркі әлеміндегі осындай жоғары атаққа ие болған тұңғыш шығарма. Демек, Марат – бұл атаққа ие болған жалғыз жазушы. Марат өмірінің соңғы күндері қаржы тапшылығын көп көрді. Дәрі-дәрмекке ақша таба алмай қиналған кезде өмірлік жары Сәуле Камзинаға жан сырын айтып, ойымен бөліскен еді.
Мараттың жұбайы Сәуле Қизатқызы айтады:
– Мәкең қысқа ғұмыр кешсе де, артына өзінің өшпес шығармаларын қалдырды. Балалардың жан дүниесін терең зерттеп, көптеген шығарма жазған. Мәкең тірі болғанда, 75 жылдық мерейтойын атап өтуші еді.
Екеуіміз небары 25 жыл бірге тұрдық. Ол ағасы Оразды, жеңгесі – ұзақ уақыт Зайсан аудандық «Достық» газетін іскерлікпен басқарған журналист Әмина Сақажанованы, бауыры Болатты ерекше жақсы көретін. Ал тағы бір ағасы Хасен қайтыс болғанда қатты қайғырып, ұзақ уақыт көңілсіз жүрді. Ал ұлы Айбек, қыздары Айгүл, Алуа дегенде шығарда жаны бөлек болатын. Айбек бірер жыл бұрын отау құрды, келінім Лаура тәрбие көрген, мені ерекше сыйлайды. Айгүлдің екі баласы бар, ал Алуа қызметте.
«Кентаврды» жазуға Марат көп уақыт жұмсады. Бірақ өзі онша ұната қоймады. Әбдіжәміл Нұрпейісов ағамызға рақмет, толық аяқталмаған романды «Таңшолпан» журналына жариялатты. Бірде Мәкең Бішкекке барып, Шыңғыс Айтматовқа жолығып, «Кентавр» романын оқып береді. Шықаң болмысы бөлек, жаңа тұрпатта жазылған романды ұнатып: «Балам, тағы бір қарап, өңдеп шық», – деп ақыл айтыпты. Сол жолы Марат Қырғызстаннан көңілді оралды. «Қазақстан тәуелсіздік алып жатыр, демек, жаңа романды осы заманға лайықтап жазу туралы ой келді» деп қолына қаламын қайта алды. Амал бар ма, төтесінен келген ажал оған мұрша бермеді. Мараттың мінезі тұйық, сырын жария ете бермейтін. Бірде Ғабит Мүсіреповпен жолығып, әңгімелескенін айтты. «Қазіргі жазушылар халық ауыз әдебиетін көп оқымайды, Марат, осыны есіңде сақта», – депті атақты жазушы ағасы. Достары, інілері Маратты ерекше құрметтейтін, Тұрысбек Сәукетаев, Талаптан Ахметжанов біздің үйге жиі келіп, ағаларының ақыл-кеңесін тыңдайтын. Балалардың сүйікті жазушысы, көзі тірісінде ешбір атаққа қызықпаған, небары 52 жыл ғұмыр кешсе де, артында мәңгілік шығармаларын қалдырған, өмірден озғанына 26 сәуірде 23 жыл толатын Марат Қабанбайды кіндік қаны тамған Зайсан елі, Өскемен жұртшылығы ұмытпаған шығар, ең болмаса еске алып, құрмет көрсетіп жатса, несі айып…
Марат – «Ана тілі» газетінде жауапты қызмет еткен кезде ана тілінің тазалығы үшін күрескен бірден-бір жазушы. Ал «Дат» газетінде бас редактор болған кезде оның қаламынан өткір сындар мен заманымыздағы орын алған кемшіліктер жайлы толғаныстары бірінен соң бірі шығып жатты. Көзі тірісінде Марат Қабанбай ешбір атаққа ие болған жоқ, оны сұраған да емес. Алайда оқырмандары қаламы ұшқыр жазушысын ұмытқан жоқ. Өскемен мен Зайсандағы кітапханаларда оқырмандар конференциясы өтті. Осы орайда, талантты жазушы, көсемсөзші Марат Қабанбайдың есімін Өскемендегі балалар кітапханасына, кіндік қаны тамған Зайсандағы бір мектепке, көшеге беріп жатса, «Ұлттық рухани жаңғыру» бағдарламасының аясы кеңейе түсер деген ой келеді.
Оңдасын Елубай,
Мараттың досы, журналист, Өскемен