Аймақтар аухалы

Қапы қалмау үшін қазірден қимылдап жатыр

Ерлан Бапанов, Тарбағатай

Тарбағатай тауының етегін бойлай отырған ауылдар негізінен Қандысу қоймасынан тарайтын ағын суды дала шаруашылығына пайдаланып келеді. Бұл жұмыстарды жүзеге асыруда тоғандардың әзірлігі ескерусіз қалмауы маңызды.

Ендеше, көктемгі егіске қазірден қам жасалып жатыр ма? Осыған көз жеткізу мақсатында аудан әкімі Дархан Жөргекбаев «Қазсушар» РМК облыстық филиалы Ақжар учаскесінің басшысы Болат Нұрпейісовпен бірге Жетіарал ауылдық округіне барды.

Аудан әкімі көктемгі суару кезеңіне осы бастан қам жасалып, Қазақбай, Бегетай, Қараша, Болат тоғандарының арнасын кеңейту, жиектерін қомдау, ішін тазалау жұмыстарының атқарылуын көріп шықты.

«Қазсушар» РМК-нің теңгеріміне алынғалы бері төрт тоған жүйелі түрде тазаланып, судың кедергісіз ағуы қамтамасыз етіліп келеді. Осы төрт тоған – ауыл диқандары үшін тіршіліктің айнымас бөлігі, мұнда 1200-ден астам гектар суармалы егістік алқап игеріледі. Көкөніс те, мал азығы да осы өңірден жиналады.

– Әрбір күнді бос жібермейік деп әрекет етіп жатырмыз. Көктемге осылай ерте күзден әзірленіп, тоғандар тазартылуда. Бұл төрт тоғанның егіс шаруашылығы үшін маңыз зор, – дейді жұмыс басында трактор тізгіндеп жүрген механизатор Архат Қапанов.

Сонымен бірге аудан әкімі Д.Жөргекбаев Сарықасқа және Құлжабай тоғандарын да аралап көріп шықты. Бұл қос тоғанның суы Ақжар ауылының ішімен ағып өтеді.

Аудан әкімімен бірге аралаған «Қазсушар» РМК облыстық филиалы Ақжар учаскесінің басшысы Болат Нұрпейісовтің айтуынша, Ақжар ауылының тұрғындары осы екі арықтың суын пайдаланып отыр. Ауыл үшін ол екеуінің мәні зор. Жаз келсе, жеміс-жидек өсіріп, бау-бақшаларына пайдаланады. Дегенмен табиғаттың ауылға берген байлығы – қос тоғанның арнасы пештен шығып төгілген күлге, тұрғын үйлердің иелері тастап кеткен тамақ қалбырларына, қағаз қораптары мен басқа қалдықтарға да толып жатқаны көңіл құлазытты. Ауыл тазалығына жанашырлық таныту ортақ парызымыз екенін естен шығарып алып жататынымыз өкінішті, әрине.

Соған қарамастан Болат Нұрпейісов сынды қолында техникасы бар азаматтар бұл екі тоғанды тазалауға қол ұшын беріп те жүр. Өзен арнасын аралап шыққан аудан әкімі Құлжабай мен Сарықасқа тоғандарын заңдылыққа сәйкес жүйелі тазалап отыру үшін мәселені кооператив құру немесе теңгерімге алу арқылы шешу қажеттігін тілге тиек етті. Мәселенің шешімі тиісті заңдылыққа сәйкес қаралатын болады.

«Өзіңді өзің сыйласаң, жат жаныңнан түңілер» демекші, аудан орталығының тазалығына салғырттық танытпау әр азаматтың ой-санасына келіп тірелетіні анық…

 

Осы айдарда

Back to top button