Қоғам

Канонеркада балабақша ашылды

Канонеркада балабақша ашылды


Бесқарағай ауданының Канонерка ауылында 20 орындық «Ер-Али-1» балабақшасы ашылды. Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына тарту ретінде қолданысқа берілген әлеуметтік нысанмен осы өңірдегі мемлекеттік-жекеменшік серіктестік арқылы қатарға қосылған тәрбие ошағының саны үшке жетті.
Мектепке дейінгі тәрбие беру мекемесінің ашылу салтанатына аудан әкімі Н.Тоқсейітов, ауданның Құрметті азаматы В.Козинский, ақсақалдар кеңесінің төрағасы Е.Жұмабеков және басқалары қатысып, құттықтау сөз сөйледі. Жаңа балабақшаның лентасы қиылған соң қонақтар заманауи үлгіде салынған ғимаратты аралап, кішкентай балақайлардың өнерлерін тамашалады.

Балабақшада балдырғандардың жайлы орналасуына қажеттінің бәрі табылады. Ойыншықтардың түр-түрі, тұрмыстық жиһаздар, құрал-жабдықтар деймісіз, түгел қамтамасыз етілген. Бөлмелері жарық, әрі эстетикалық талаптарға сай әсем безендірілген. Кішкентай бүлдіршіндерді дәруменге бай тағамдармен тамақтандыратын асханасы бар. Ғимараттың ауласында жаз кезінде ойнайтын ойын алаңқайы жасалған.

Тәжірибелі тәрбиешілер Н.Грошникова мен А.Елемесова бұл салада біраз жылдан бері еңбек етіп келе жатқандықтан ата-аналар енді өздерінің балаларын еш алаңсыз мамандар қарауына қалдыратын болды. Бұл әрине, еңбектен қолы босамайтын ауыл тұрғындары үшін үлкен көмек екені даусыз.

Шығыс-Ақпарат

Осы айдарда

Back to top button