Қанипа Бітібаева атындағы тұңғыш олимпиада
Айжанат Бақытқызы
Ел арасында «Қазақтың Қанипасы», «Хан апа» атанған дәуірдің дара ұстазы Қанипа Бітібаева атындағы республикалық олимпиада биыл колледж студенттері арасында тұңғыш рет өтіп, дарынды жастар білім бәсекесінде бақ сынады.
Білім сайысына еліміздің әр аймағындағы техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарынан 13 студент қатысты. Олар – Каспий өңірінің қазіргі заманғы жоғары колледжі, Қ.Дүтбаева атындағы Атырау гуманитарлық колледжі, Ақтау технологиялық қызмет көрсету колледжі, Қарағанды жоғары гуманитарлық колледжі, Есік гуманитарлық-экономикалық колледжі, Екібастұз политехникалық колледжі, Астана халықаралық университетінің Педагогикалық колледжі, М.Әуезов атындағы педагогикалық колледжі және Өскемен экономика және қаржы колледжінің студенттері.
Оқу-ағарту министрлігі мен облыстық білім басқармасы ұйымдастырған олимпиада өңіріміздегі жетекші оқу орындарының бірі – Абай атындағы Шығыс Қазақстан гуманитарлық колледжінде өтті.
Облыстық драма театрында өткен олимпиаданың ашылу салтанатында оқу-ағарту вице-министрі Ғани Бейсембаевтың құттықтау хаты оқылды. Онда «Сіздерге аты аңызға айналған ардақты ұстазымыз Қанипа Бітібаева атындағы республикалық олимпиадаға қатысу мәртебесі бұйырыпты. Мемлекеттік тілді қастерлеу және білу – кез келген Қазақстан азаматының парызы, оның мәдениеттілігі мен рухани деңгейінің өлшемі. Сондықтан бұл олимпиаданың мән-маңызы зор. Сіздердің шығармашылық ізденістеріңіз қазақ тілі мен әдебиеті пәндерін оқыту сапасын арттыруға оң ықпалын тигізері анық» делінген.
Сонымен қатар облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Әлима Ақылбекқызы құттықтау сөз сөйлеп, қатысушыларға сәттілік тіледі.
– Олимпиаданың мақсаты – қазақ тілі мен әдебиеті пәндері бойынша студенттердің білімін жетілдіру, зияткерлік және шығармашылық қабілетін дамыту. Олимпиаданың республикалық кезеңі жазбаша және ауызша өтетін екі кезеңнен тұрды. Қатысушылар алғашқы айналымда эссе жазса, екінші айналымда Қанипа Бітібаеваның өмірбаяны, ғылыми мұрасы мен публицистикалық еңбектерін саралады, – деді Әлима Ақылбекқызы.
Басқарма басшысының орынбасары ұлағатты ұстаздың тіліміз бен әдебиетіміздің дамуына зор үлес қосқан бірегей тұлға, ұлы Абай мен Мұхтардың шығармаларын мектепте оқыту мәселесіне байланысты құнды еңбектер жазған ғалым-ұстаз екендігін атап өтті.
Қанипа Омарғалиқызының қалдырған мұрасын одан әрі зерттеп, насихаттау мақсатында облысымызда Қ.Бітібаева атында бірнеше мұражай кабинеті, зертхана, әдістемелік кабинеттер жұмыс істейді. 2019 жылдан бері Қанипа Омарғалиқызының туыстары атынан Абай атындағы Шығыс Қазақстан гуманитарлық колледжінің үздік студенттеріне Бітібаева шәкіртақысы беріліп келеді. Қала көшелерінің біріне Қанипа Бітібаеваның есімі беріліп, мемориалдық тақта орнатылуы да ұстазға деген үлкен құрмет.
С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінің доценті, филология ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор Сәкен Қасенов төрағалық еткен қазылар алқасының шешімімен республикалық олимпиаданың жеңімпазы мен жүлдегерлері анықталды.
Білім бәсекесінде жүлделі І орынды Назерке Нұрланқызы (№1 Алматы қазақ мемлекеттік гуманитарлық- педагогтік колледжі), ІІ орынды Жұлдыз Дәулетбек (Жанайдар Мусин атындағы Көкшетау жоғары қазақ педагогикалық колледжі), ІІІ орынды Батырхан Касимов (Астана халықаралық университетінің Педагогикалық колледжі) мен Жанат Сара (Өскемен экономика және қаржы колледжі) жеңіп алды.
Олимпиада жеңімпазы мен жүлдегерлері облыстық білім басқармасының грамоталарымен марапатталып, 100 мың, 75 мың, 50 мың теңге көлеміндегі қаржылай сыйлыққа ие болды. Олимпиада демеушілері – Қанипа Бітібаеваның тәрбиесін көрген Талғат Мәзібаев бастаған шәкірттері, халықаралық «Абай» қоры және «Центр кредит банкі».
Олимпиада аясында «Дәуірдің дара ұстазы» әдеби сахналық қойылым, білім сайысына қатысушылар мен жетекшілері үшін «Қазақ тілі мен әдебиетін оқытуда Қ.Бітібаева технологиясын қолдану» шеберлік сабағы, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің оқытушысы, ғылым магистрі, тілдер және әдебиет бөлімінің меңгерушісі Г.Аймұханбетованың жетекшілігімен пікір алмасу алаңының жұмысы ұйымдастырылып, Жамбыл атындағы мектеп-интернатындағы Қазақстан Ұлттық ЮНЕСКО клубтары федерациясының мүшесі Қанипа Бітібаеваның республикалық ғылыми-әдістемелік зертхана-мұражайына саяхат жасалды.
- Хан апамыз білім саласында 45 жыл еңбек етті. Қазір ұстаздың авторлық сыныбын бітірген шәкірттерінің ішінен 30 ғылым кандидаты, алты филология және педагогика ғылымдарының докторы, республикалық, халықаралық мүшәйралардың жеңімпаздары, халықаралық «Шабыт» фестивалінің лауреаттары шыққан. Бұған дейін «Дарын» ғылыми-практикалық орталығы білім басқармасымен бірлесіп республикалық олимпиаданы мектеп оқушылары арасында өткізіп келген еді. Енді міне, колледж студенттері арасында тұңғыш рет ұйымдастырылып отыр. Ендігі кезекте бұл білім сайысын халықаралық деңгейде өткізу туралы ұсыныстар айтылып жатыр. Оған өте қуаныштымыз. Бітібаевтар әулетінің атынан сала министрлігіне, білім басқармасына, демеушілерге алғысымыз шексіз, – дейді ұстаздың сіңлілері, Ұлан ауданындағы Балалар музыка мектебінің директоры Бақытжан Аханова мен Жамбыл атындағы мамандандырылған мектеп-интернаты директорының орынбасары Бақытгүл Ауғанбаева.