Қоғам

Кандидаттарды ұсыну аяқталды

20 қарашада өтетін кезектен тыс президент сайлауына қатысуға саяси партиялар мен қоғамдық ұйымдар он екі кандидатураны ұсынып отыр.

Олар – еліміздің қазіргі Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев, Парламент Мәжілісінің бұрынғы депутаты Нұржан Әлтаев, қоғам қайраткері Қарақат Әбден, сондай-ақ Жалпыұлттық социал-демократиялық партиядан (ЖСДП) Нұрлан Әуесбаев, «Аманат» республикалық кәсіподақтар бірлестігінен Мейрам Қажыкен, «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясынан Жигули Дайрабаев, «Халық демографиясы» қоғамдық бірлестігінен Жұматай Әлиев, «Қазақстан құрылысшылар одағы» республикалық заңды тұлғалар бірлестігінен Талғат Ерғалиев, «Қазақ аналары – дәстүрге жол» республикалық қоғамдық бірлестігінен Салтанат Тұрсынбекова, оралмандардың «Асар» бірлестігінен Хайрулла Ғабжалилов, «Қазақстан футбол әуесқойлары лигасы» қоғамдық бірлестігінен Бақыт Жаңабаев, «Тәжірибелік психология» республикалық қоғамдық бірлестігінен Фатима Бизақова.

11 қазанда ел Президенттігіне кандидат ұсынуға берілген уақыт аяқталды. Орталық сайлау комиссиясы бүгінге дейін кандидаттар Қасым-Жомарт Тоқаевтың, Нұрлан Әуесбаевтың, Мейрам Қажыкеннің, Жигули Дайрабаевтың, Қарақат Әбденнің талаптарға сәйкестігін растады. Оларға қол қою парақтары берілген. Қалған жеті үміткердің кандидатурасы президенттікке қаншалықты сәйкес екенін Орталық сайлау комиссиясы қарап жатыр.

Әр үміткер үгіт-насихат үшін бюджеттен бірдей мөлшердегі қаражатты алады, мақсатты шығындар қатаң бақыланатын болады.

 Ержан Кеңесұлы

Осы айдарда

Back to top button