Канадалық мамандар хоккейімізді дамытпақ
Канадалық мамандар енді Өскемен хоккейінің дамуына атсалыспақ. Бұл жөнінде облыс әкімі Даниал АХМЕТОВТІҢ Канаданың Қазақстан Республикасындағы Төтенше және өкілетті елшісі Шон Перри Стайлды қабылдауы барысында айтылды.
Тараптар арасындағы негізгі әңгіме де екі елдің арасындағы спорт саласына, біздегі хоккей спортын әлемдік деңгейде дамытуға, соған орай өзара тәжірибе алмасуға қатысты өрбіді.
Аймақ басшысы Даниал АХМЕТОВ мәртебелі мейманның шақыртуымызды қабыл алып, біздің өңірге келуге уақыт тапқаны үшін алғысын жеткізіп, екі елдің спорт саласында ортақ шаруа жетерлік екенін атады. Мәселен, өңір тұрғындары сонау кеңестік замандағы КСРО мен Канада арасында болған әйгілі кездесуді әлі де ұмытқан емес.
– Өскеменнің «Торпедо» хоккей клубы өткен маусымда айтарлықтар жақсы көрсеткіштерге қол жеткізіп, Ресей біріншілігінде топ жарды. Дегенмен, осымен тоқтап қалмаймыз. Біз үшін қазір жас буын өкілдерін тәрбиелеу аса маңызды. Сол үшін бірінші кезекте балалар жаттықтырушыларын дайындаймыз. Бұл кездесуді Астанадағы кездесудің жалғасы деуге де болады. Келешекте бір топты толығымен канадалық әдістеме арқылы дайындауға болады. Сіздердің мамандарыңыз осында келіп, шеберлік сыныптар өткізсе. Екі жақтың спорт саласының мамандары бірлесіп, өскемендік хоккейді дамытуды қолға аламыз. Ол әлемдік жетістіктерге жетуге жол ашады. Аймақта хоккейді дамыту үшін барлық мүмкіндіктер бар, – деді Даниал АХМЕТОВ.
Облыс басшысы алдағы уақытта өңірдің бірнеше қалаларында хоккей алаңдары іске қосылатынын да атап өтті. Сондай-ақ, өңірлік футболды дамытуға да күш салынып жатқанын, бүгінде «Реал Мадридтің» еншілес компаниясынан шақыртылған испандық мамандар шығысқазақстандық жеткіншектерді тәрбиелеп жатқандығын, мықты спортшылардың бәрі де өңірден шығатынын жеткізді.
– Қазақстанда Өскеменді хоккейдің қаласы деп атайды екен. Бұл біз үшін өте қуанышты жағдай. Алдымызға Қазақстандағы хоккейді дамытуды мақсат етіп қойып отырмыз. Осы мақсатта Астана қаласында кездесулер өткізіп, өскемендік хоккейдің болашағын талқыладық. Хоккейге әсіресе, көпбалалы отбасылардың, әлеуметтік жағынан аз қамтылған жанұялардың балаларын тарту ойымызда бар. Келесі жылы Шығыс Қазақстанға екі-үш канадалық маманды қысқа мерзімге шақыруға болады. Олар канадалық хоккейдің методикасымен бөліседі. Келесі кезекте Канадаға сіздердің жаттықтырушыларды жіберіп, тәжірибе алмасуға болады. Кеше хоккейден жастар құрамасының ойынын көрдік. Алған әсеріміз керемет, – деді Төтенше және өкілетті елші Шон Перри Стайл.
Бұдан бөлек, облыс әкімі мәртебелі қонақтарды ертең жалауын көтеретін волейболдан әйелдер арасындағы Азия чемпионаты туралы құлақтандырып, оларға өңірде біздің заманымызға дейінгі VII ғасырда дамыған алтын өңдеу технологиясы, басқа да археологиялық құнды қазбалар жайында әңгімелеп берді. Жиынға қатысқан Канаданың аты аңызға айналған ардагер хоккейшісі, мемлекеттің бұрынғы Әлеуметтік даму министрі Кеннет Уэйн Драйден өскемендік хоккейшілердің қабілеті мен талантын, хоккейдің материалдық базасын, спортқа мемлекеттің қолдауын жоғары бағалап, екі ел арасында спорт саласындағы байланыстарды нығайта беру керектігін, өзінің өмірлік мол тәжірибесімен бөлісуге әзір екендігін атады.
Кездесуді қорытындылаған облыс әкімі Даниал АХМЕТОВ қонақтарға Шығыс Қазақстан туралы кітапты және естелік сыйлықты табыстады.
Дәурен АЛЛАБЕРГЕНҰЛЫ