Табиғат терезесіТОП

Қалың қар халықты әбігерге салды

Қар қабаты өткен жылдарға қарағанда қалың түскен биылғы қыс өңірдің тыныс-тіршілігіне қатты әсер етуде. Көлік тұрмақ жаяу жүргіншінің жүріп-тұруы қиынға соққан күндер коммуналдық қызметтер үшін де оңай болмай тұрғаны белгілі. Қарашаның соңын ала жауған қар бүгінгі күнге дейін толастаған емес.

Азамат ТЕМІРБЕКОВ

Осының салдарынан өңірдің аудан-қалаларындағы жауған қар қабаты 80 сантиметрге жетіп, ал кейбір аймақтарда тіптен бір метрден асып кетті. Қаңтар айының алғашқы аптасында табиғат тағы да тосын мінез танытып, күн күрт жылынды. Қыс маусымына тән емес ауа райы орнап, соңы жауын-шашынға ұласты. Нәтижесінде көктайғақ орнап, жолдар тағы жабылды.

Жалпы, «өңірдің аудан-қалалары биылғы қысқа қаншалықты дайын?», – деген сауал көпшілікті мазалайтыны рас. Осы мәселені анықтау мақсатында газет редакциясы аудан, қала әкімдіктерінен қыс қамын қамтамасыз ету бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар жайын сұратты. Бүгін сол аудандардың бірқатарына тоқталып өтсек. Облыс орталығының іргесінде орналасқан Ұлан ауданы әкімдігінің хабарлауынша, қыс басталғалы бері жауған қардың қалыңдығы 20-дан 80 сантиметрге дейін жеткен көрінеді. Аудан аумағында 45 елді мекен бар. Олардағы қысқы күтімді қажет ететін көше-жол желісінің жалпы ұзындығы 263,5 шақырымды құраса, ауыларалық жолдардың ұзындығы 375 шақырымнан асып жығылады.

– Қазіргі уақытта ауылдық округтерде келісімшарт бойынша қар тазалайтын 32 техника бар, – дейді Ұлан ауданы әкімінің орынбасары Қуат Оқасов. – Олардың 80 пайызы – жаңа техникалар. Жалпылама айтсақ, аудандағы қар тазалайтын техникалардың жағдайы қанағаттанарлық. Ауданымызда жолдардың қысқы күтімін қамтамасыз етуге биыл бюджеттен 138115,0 мың теңге бөлінген.

Оның айтуынша, бөлінген қаражаттың 20 пайызы елді мекендердің көшелерін тазартуға бағытталса, 80 пайызы ауыларалық жолдарды қардан арылтпақ. Бүгінгі күнге дейін ауыл-аймақ тұрғындарынан қар шығару мәселесіне қатысты ешқандай шағымдардың келіп түспегенін алға тартқан жауапты тұлға қар тазалау жұмыстарынан бөлек көпқабатты тұрғын үйлердің шатырларынан мұз сүңгілерін түсіру жұмыстарының да қатар жүргізіліп жатқанын атап өтті. Жалпы, аудан бойынша көпқабатты тұрғын үйлер негізінен аудан орталығы Қасым Қайсенов кентінде орналасқан. Ал олардың аулаларын қардан тазарту, шатырларынан қар және мұз сүңгілерін түсіру жұмыстары «Жемчужина» КМК-на жүктелген екен. Бұдан бөлек, ауылдық округтер аумақтарында орналасқан мекеме басшыларына да өздеріне тиесілі нысандардың шатырларын қардан тазарту бойынша ұсынымдар беріліп, мәселе бақылауға қойылған. Аудан басшылығының хабарлауынша, қазіргі уақытта мұнда адам өміріне қауіп төндіретін учаскелер жоқ көрінеді.

Бүгінде қар тазалайтын техникаларының 75 пайызы жаңартылған Самар ауданы да биыл қалың қардың әлегімен бетпе-бет келді. Аудан басшылығының хабарлауынша, мұнда жауған қардың қалыңдығы жарты метрден асқан. Жалпы, сегіз ауылдық округтегі 22 елді мекенде қысқы күтімді қажет ететін 461 шақырымнан астам облыстық, аудандық, ауылдық маңыздағы жолдар мен көше желісі бар.

– Қазіргі уақытта Самар ауданының елді мекендерінде 25 қар тазалайтын және бес арнайы жабдықталған қар шығаратын техника бар, – дейді Самар ауданы әкімінің орынбасары Дамир Ордаханов. – Қар тазалайтын техникалардың биылғы қысқа дайындығы 90 пайызды құрайды. Жалпы, аудан бойынша жолдардың қысқы күтіміне бөлінетін қаражат мөлшері 4 137 600 теңгені құрады.

Оның хабарлауынша, аталмыш қаражаттың басым бөлігі елді мекендердің көшелерін қардан тазартуға бағытталса, қалған бөлігі ауыларалық жолдарды қардан тазартуға қарастырылмақ. Бүгінде ауыл тұрғындары тарапынан қар тазалауға қатысты шағымдардың келіп түспегенін алға тартқан ол қазірде аудандағы көпқабатты тұрғын үйлердің шатырларынан қар және мұз сүңгілерін түсіруге қатысты жұмыстардың қолға алынып жатқанын атап өтті.

Қар қабаты соншалықты қалың түспесе де, Зайсан ауданында қар тазалауға қатысты қауырт жұмыстар жүргізілуде. Атап айтсақ,  аудан аумағындағы 32 елді мекендегі 1165 шақырым көше-жол желісін қардан тазартуға бар техника жұмылдырылған.

– Жолдарды қысқы маусым кезіндегі күтіп-ұстауға 20 326,5 мың теңгеге келісімшарттар жасалған, – дейді аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушы көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Данияр Серіков. – Оның ішінде 10 714,3 мың теңгесі аудандық маңызы бар жолдарды күтіп-ұстауға бөлінсе, 9 612,2 мың теңгесі елді мекендердің көшелерін күтіп-ұстауға бағытталды.

31 елді мекені бар жаңадан құрылған Тарбағатай ауданы аумағындағы қар қабаты да биыл 30 сантиметрден асқан. Кейбір аудан тұрғындары үшін қардың мұндай қалыңдығы қалыпты жағдай болып көрінгенімен, төрт түлігі қыс бойы тебіндеп шығатын аймақтың ауыл шаруашылығы саласы үшін қиынға соғуы әбден мүмкін. Ал жолдардың қысқы жағдайына келер болсақ, аудан басшылығының хабарлауынша, қазіргі уақытта мұнда қысқы күтімді қажет ететін 350 шақырымнан астам көше-жол желісі бар көрінеді. Бүгінде аудан бойынша «Ақжар» мемлекеттік коммуналдық мекемесінде, Тұғыл және Қабанбай ауылдық округтерінде жиыны сегіз қар тазалайтын техника болса, басқа ауылдық округтерде техникалар жоқ.

– Қар тазалайтын техникалар қыс маусымына дайын, штаттық режимде жұмыс істеуде, – дейді Тарбағатай ауданы әкімінің орынбасары Болатбек Мамарбаев. – Ауылішілік көше жолдарын күтіп-ұстау жұмыстары төртінші деңгейлі бюджетке көшкен сегіз ауылдық округте әкім аппараттары тарапынан жүргізіледі. Сонымен қатар тұрғындардың өмірлеріне қауіп төндіретін мұз сүңгілерін анықтауға және түсіруге байланысты жұмыстарды аудан әкімдігі, сегіз ауылдық округ әкімшіліктері, мекеме, кәсіпорын басшылары, заңды тұлғалар, жеке кәсіпкерлік субъектілері атқарады. Алайда биыл қар аз болғандықтан көпқабатты тұрғын үйлердің, мектептердің, бюджеттік, әлеуметтік сала нысандарының шатырларында мұз сүңгілері жинақталған жоқ.

Айта кетсек, өткен демалыстарда облыс аумағындағы жолдардың 11 учаскесі жабылды. Атап айтсақ, республикалық маңызы бар Предгорное – Шемонайха – Ресей Федерациясының шекарасы, Қалбатау – Қасым Қайсенов, Өскемен – Риддер, Өскемен – Серебрянка қаласы, Өскемен – Семей, облыстық маңызы бар Тарғын – Самар, Абай облысының шекарасы – Шемонайха, Шемонайха – Секисовка, Шемонайха – Большая речка, «Конный двор» демалыс базасы – Северное, Тарханка – Топиха бағытындағы жолдарда көлік қозғалысына шектеу қойылды. Сонымен қатар күннің күрт жылынуы көктайғаққа ұласты. Төтенше жағдайлар қызметі 10 қаңтардан бастап облыс аумағында ауа температурасы 15-20, облыстың солтүстігінде 23 градусқа дейін күрт төмендеуі күтілетінін хабарлап, өңір тұрғындарын сақ болуға шақырды.

Осы айдарда

Back to top button