ТОПТөтенше жағдай

Қалпына келтіру жұмыстары жүріп жатыр

19 қаңтарда Риддер жылу электр орталығының көмір беру трактісінен өрт шығып, 280 шаршы метр аумақты шарпыған. Таңғы сағат 6.54-те шыққан тілсіз жауды өрт сөндірушілер жедел ауыздықтады. Зардап шеккендер жоқ.

Станцияның өзі өрттен бүлінген емес, мамандар металл конструкциялары мен трактінің шатырын зерттеп үлгерді. Көмір беру тракті толықтай отқа оранған. Салдарынан,  қазандықтарға көмір салу жағынан мәселе туындады. Бұл тығырықтан шығу үшін орталық жұмысы уақытша мазутқа көшірілді. Ол туралы апат болған жерге жедел келген облыс әкімі Даниал Ахметов мәлімдеді. Аймақ басшысы қазіргі жағдай бойынша ғана емес, жалпы станция мәселесін түбегейлі шешу жолын да айтты.

– Жылу орталығындағы өрт сөндірілді. Жағдайды бақылауда ұстап отырамыз. Негізгі қиындық сол, – көмірді қазандық басына апара алмай қалдық. Бірақ мәселе қауіпті емес. Істеп тұрған төрт қазандық тез арада мазутқа көшіріліп отыр. Қазір орталықта 380 тонна мазут бар. 1 мың тонна сұйық отын алдағы сағаттарда Өскеменнен жеткізілетін болады. Станцияда тәулігіне барлығы 240 тонна мазут жағылады. Демек, бес күндік қор бар. Ал өртенген тракті үш күнде толық қалпына келтіріледі, – деді облыс әкімі.

Сонымен қатар Даниал Ахметов орталық басшылығының жауапсыздығы мен салғырттығын сынға алды. Айтуынша, станцияның Қаражыра көмір кенішіне қарызы бар. Риддер ЖЭО өкілдері 6 қарашадағы жағдайдан бері мәселені шешу үшін еш әрекет жасамаған. 1 миллиард 350 миллион теңгенің көмірін Қаражыра кеніші облыс әкімдігінің кепілдік беруімен ғана жеткізіп отыр. Еске салсақ, былтыр 6 қараша күні қазандықтың бесеуі бірдей істен шығып, қалада төтенше жағдай жарияланған болатын. Абырой болғанда желідегі құбырлар жарылған жоқ. Сол апат салдарын жоюға 600 миллион теңгенің жөндеу жұмысы жүргізілген. Жылу орталығы бір тиын да төлеген емес. Кәсіпорынның қазіргі жалпы қарызы – 2 миллиард 350 миллион теңге.

Даниал Ахметовтің пікірінше, мәселе түбегейлі шешілуі үшін жылу стансасы коммуналдық меншікке өтуі керек. Егер мемлекет қарамағына берілсе, станцияның қарызы да жабылады. Одан бөлек тозған жылу жүйелері де ауыстырылуы қажет. Әрине, оның барлығы қаржыны қажет етеді.

– Біз станцияны коммуналдық меншікке беру керек деген ұсынысты Үкіметке жеткіземіз. Бірақ бұл іс заң аясында атқарылуы тиіс. Қазір прокуратура өкілдері осы бағыт бойынша жұмыс жүргізіп жатыр, – деді аймақ басшысы.

Апатқа байланысты қаладағы үйлерде температура аздап қана төмендейді. Облыс басшылығы уәде еткеніндей тракт жұмысы үш күн ішінде, яғни 22 қаңтарға дейін қалпына келтіріледі. Ол үшін құрылымдық қызметкерлерге тапсырмалар беріліп, жөндеу басталды. Трактіні жөндеуге Өскемен мен Согра жылу орталықтарының үздік мамандары тартылды, сондай-ақ 46 адам «Казцинк» зауытынан келді. Облыс әкімінің тапсырмасы бойынша ЖЭО жанында өрт сөндіру жасақтары кезекшілікте болады.

Еске салар болсақ, аймақ басшысы Риддер ЖЭО-ны коммуналдық меншікке беруді бірнеше рет ұсынған, өйткені станция иелерінің немқұрайлылығы тұрғындарға көптеген проблема тудырды. Жалпы, қазандықтарды жөндеу осы жылдың ақпанына жоспарланған және осы уақытқа дейін орталық қаланы кідіріссіз жылыта алады деп болжанған. Алайда қарашаның басынан бері төтенше жағдайлар бірінен соң бірі орын алды.

Облыс басшылығының жедел іс-қимылы арқасында Риддер Екібастұздың тағдырынан қайталаған жоқ. Сонымен қатар ЖЭО қожайындары энергетика министрлігіне хат жолдап, №4 және №5 қазандықтардың жөнделгенін мәлімдеген, көп ұзамай-ақ бұл ақпараттың шындыққа жанаспайтыны, қазандықтардың апатты жағдайда болғаны белгілі болды. Бақылау-өлшеу аспаптары мен автоматика жабдықтары бар қалқандағы өрт туралы ақпарды да станция басшылары жасырып қалған.

Жабдықтар ғана емес, станцияның барлық инфрақұрылымы да апатты жағдайда болды. Багерлік сорғыны екі рет су басты, электрмен жабдықтауда проблемалар туындады. Штат бойынша талап етілетін 75 жұмысшының орнына мұнда алғашқы апатқа дейін барлығы 29 адам жұмыс істеп келді. Қазір тәулік бойы 150-ге жуық жұмысшы еңбек етуде, басым бөлігі – облыстағы бірқатар ірі кәсіпорындардың мамандары. Олар енді отын беру трактісіндегі өрт салдарымен күресетін болады, сонымен қатар барлық ақауларды тез арада жойып, жабдықты жөндейді, жүйедегі температураны төмендетпеуге тырысады.

Ресми мәлімет бойынша, станция жабдықтарының тозуы 74,5 пайызға жеткен. Жақын арада апатты жағдайда резервте болатын қалған екі қазандықты жөндеу жоспарланған. Мамыр айында Риддер ЖЭО-ны толыққанды жаңарту жұмысы басталады.

Ержан Кеңесұлы

 

Осы айдарда

Back to top button