Қалпына келтіру жұмыстары осы айдың соңына дейін аяқталады
Аймақ басшысы Даниал Ахметов Риддер жылу-энергия орталығындағы жөндеу-қалпына келтіру жұмыстарының барысын және қойылған міндеттердің орындалуын жеке бақылауында ұстап отыр.
Естеріңізге салар болсақ, 5 қараша күні сағат 20.00-де жылу орталығының күл шығару жүйесіндегі сорғы істен шығып, №1 қазандықтың қосалқы жабдығы апатты жағдайда ажыратылған болатын. Салдарынан салқындатқыштың температурасы +39 °С-га дейін төмендеген. Содан бері облыс әкімі Даниал Ахметовтің жетекшілігіндегі арнайы жұмыс тобы Риддер қаласына барып, нысанды қалыпан келтіру жұмыстарымен үздіксіз айналысып келеді.
– Риддер ЖЭО-да жөндеу-қалпына келтіру науқанының екінші аптасында ауқымды жұмыс атқарылды. Өңірдің түкпір-түкпірінен екі ауысымда жұмыс істейтін үздік мамандар жұмылдырылды, сондықтан проблемалық объектіде жұмыстар тәулік бойы жүргізілуде, – деп мәлімдейді Риддер әкімдігінің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушы көлігі және автокөлік жолдары бөлімі.
Барлық алға қойылған, тіпті ең күрделі міндеттердің толық көлемде және ең қысқа мерзімде орындалары сөзсіз.
Барлығының мақсаты бір – орташа және жоғары қысымды қазандық агрегаттарының жұмысын реттеу. Қаланы үздіксіз жылумен қамтамасыз ету үшін күллі негізгі жұмыстарды осы қарашаның соңына дейін аяқтау жоспарлануда.
Ержан Кеңесұлы