Руханият

Қаламгер кітабы арнайы қаріпте басылды

Көркем шығарма көңілді сергітіп, ойды қозғайды. Оның сюжеті тартымды, жазылуы мәнерлі болса, кез келген оқырман жылы қабылдары анық. Ең бастысы, жақсы шығарманы жан-тәнімен сезінетін жүрек керек. Міне, осындай кітапты сезіне оқып, жүрекпен қабылдайтын оқырмандарымыз жазушы Асқар Алтайдың кітабына қол жеткізіп отыр.

Биыл жерлес жазушы Асқар Алтай 60 жастың белесін бағындырып отыр. Қаламгердің осы мерейлі жасына орай облыстық зағиптар мен көзі нашар көретін азаматтардың арнаулы кітапханасы автордың көркем шығармаларын топтастырып, бедерлі-нүктелі қаріпте басып шығарды. Жазушының туған күні қарсаңында жаңа кітаптың тұсауын кесіп, оқырмандар қаламгермен онлайн кездесу жасады.

– Кездесуге жиналған оқырмандарымыз қаламгермен онлайн жүздесіп, кітапқа енген әңгімелерінің шығу тарихымен танысты.  Айта кетерлігі, кітапқа әлсіз көретін оқырмандарымыз үшін үлкейтілген қаріптегі үлгісі және әңгіме кейіпкерлерінің тактильді бейнесі еніп отыр. Сондай-ақ оқырмандарымыз Асқар ағадан сиясы кеппеген шығармалары жайлы сұрап, жарық көргелі отырған еңбегін асыға күтетіндерін жеткізді. Автордың рұқсатымен кітабымыздың тұсауын ғалым Айжан Картаева мен тұрақты оқырманымыз, талай жыл кітапханашы болған зейнеткер Мариям Байкеневаға кестіруді жөн көрдік. Кеш қонақтары жаңа кітаптың тұсауын кесіп, қаламгердің шығармашылық ғұмырнамасы туралы баяндама жасады, – дейді кітапхана қызметкері Қамар Қабдолдина.

Осылайша, ойлы оқырман қаламгердің шығармашылығын оқуға мүмкіндік алып, жаңа кітапқа қол жеткізді. Автордың сүбелі туындыларын оқырмандардың қызыға оқитынына күмән жоқ. Бұл туралы жазушы шығармашылығы жайында баяндама жасаған филология ғылымының докторы Айжан Картаева да тілге тиек етті.

– Қазіргі қазақ прозасында өзіндік қолтаңбасымен, көркемдік танымымен танылған жазушы Асқар Алтайдың мерейтойы аясына облыстық зағиптар мен көзі нашар көретін азаматтардың арнаулы кітапханасы кездесу кешін тамаша ұйымдастырды. Кітапхана зағип жандарға арнап құрастырған «Көкбөрі рухты суреткер – Асқар Алтай» атты кітаптың маңызы зор деп ойлаймын. Көз жанары көрмесе де, санасы сергек кітапхана оқырмандары жазушыға түрлі сұрақтар қойып, саусақпен оқитын кітабына қызығушылық танытты. Құнды кітап шығарып, кездесу өткізген кітапхана ұжымына үлкен алғыс білдіреміз. Оқырмандары асыға күтетін қаламгердің әлі талай туындылар жазып, қазақ әдебиетінің алтын қоржынына қосылатынына тілектеспіз, – деді.

Ал онлайн байланыспен қосылған қаламгер кітапхана ұжымына сәттілік тілеп, оқырмандардың ойлы сұрақтарына жауап берді. Рухани кеш әнмен әрленіп, өлеңмен өрнектелді.

Алтай Ғали-Асқар

 

Осы айдарда

Back to top button