Қала шетіндегі қараусыз қалған аудан

Ынтымақ Толқын
Облыс орталығындағы 22-ші шағын ауданның шешілмеген мәселесі көп. Құрылғанына он жылдан астам уақыт өткен бұл ауданда тұрып жатқан жұрттың мұң-мұқтажын осы уақытқа дейін жергілікті билік қаперге алмай келген. Сең қозғалыпты әйтеуір…
Жуықта шаһар басшысы Жақсылық Омар 22-ші шағын ауданның тұрғындарына есеп берді. Жыл басында қолға алынған абаттандыру жұмыстарының нәтижесінде ауданда балалардың ойын алаңқайы мен футбол алаңы салынды. Сонымен қатар төрт көше асфальтталып, қалған көшелерге қиыршық тас төселген.
– Бұл үлкен бір сеңнің қозғалуы. Осы уақытқа дейін ештеңе істелмеді деп тұрғындардан шағым көп түсті. Былтырдан бері осы ауданның мәселесін қолға алдық. Өздеріңіз көріп тұрғандай биыл жолдар жөнделіп, балалардың ойын алаңдары салынды. Бұл тек басы ғана. Келер жылы одан да көп шаруалар атқарылып, игі іс өз жалғасын табады, – деді қала әкімі.
Шағын аудан тұрғындары жөнделген жолдың сапасына көңіл толмайтынын айтады. Олардың айтуына қарағанда, кіреберіс көшелер ғана сапалы жөнделіп, асфальт төселген. Ал қалған көшелердің жолын ертеректе жергілікті халық өз қаражаттарына тегістетіп алыпты. Соның үстіне қиыршық тас төккен екен. Керемет деуге келмейді расымен. Кездесуге келген қала басшысына жиылған көпшілік келер жылдан қалдырмай шағын аудан көшелеріне толықтай асфальт төселсе деген тілегін жеткізді.
Айта кетелік, 22-ші шағын ауданды көркейтуге былтыр бюджеттен 121 млн. теңге бөлінген. Оның 72 млн. теңгесіне төрт көшенің жолына асфальт төселген. Алайда сайрап жатқан тақтайдай жол тұрғындарды тағы да алаңдатып отыр. Көлік жылдамдығын шектейтін ешқандай ескерту белгісі немесе кедергілер болмағандықтан елді мекен ішінде жүйткіген мәшинелер жол жиегіндегі бала-шағаны байқаусызда басып кетуі мүмкін ғой. Өте қауіпті.
– Осы күнді 11 жыл күттік. Қазір балалар алаңының құрылысы бітті. Атқарылған жұмыстарды бақылап отырдым. Тоз-тозы шыққан көшелерге асфальт төселе бастады. Осы уақытқа дейін әкімдіктің табалдырығын тоздырып келгенбіз. Сол еңбегіміз міне ақталды. Әкімдік бізге назар аударды. Ауданда шешілмеген мәселе әлі де көп. Алдағы уақытта бәрі де біртіндеп шешіледі деген сенімдемін. Ең бастысы 11 жылдан бері қозғалмай тұрған жұмыстар жандана бастады. Тағы бір алаңдайтын мәселе – жаңа жолмен зулайтын көліктер. Балаларды көшеге шығаруға да қорқамыз. Елді мекенге кіреберіске тиісті белгілерді қойып, жеңіл көліктерді тәртіпке салып берсе нұр үстіне нұр болар еді, – дейді аудан тұрғыны Лидия Хамитова.
Мұндағы 800-ден астам тұрғынды алаңдатып отырған тағы бір түйткіл – қоғамдық көлік. Қала мектептерінде оқитын оқушылар сабақ басталысымен әбігерге түседі. Жолы нашар болғандықтан автобустар келмейді мұнда. Тұрғындар әкімдіктен оқушыларды тасымалдайтын шағын автобус сұраған.
– Біздің балалар таң бозынан мектепке аттанады. Өйткені шағын ауданға автобус қатынамайды. Амалсыз Қасым Қайсенов кентіне жүретін автобусқа шығамыз. Қыс кезінде тіпті қиын. Көшелерде жарық жоқ, күн ерте батады. Балалар қас қарая үйге қайтады. Оларды сабаққа жіберіп алып, қайта келгенше алаңдап отырамыз, – дейді тұрғындар.
Жұртты алаңдатқан бұл мәселе жақын арада шешімін таппақ. Шағын ауданның басты көшелеріне асфальт төселді, енді аялдамалар қойылып, қоғамдық көлік қатынайды. Жоспар солай.
– Жақын арада №4-ші бағыттағы автобусты осы ауданға жүргізетін боламыз. Көліктің жүру кестесін сіздермен ақылдаса отырып түземіз. Барлығын егжей-тегжейлі келіскен соң қоғамдық көлік жүре бастайды. Сол сияқты болашақта тағы бір қосымша автобус шығарамыз. Бірақ оған уақыт керек, – дейді «Жолаушылар тасымалын басқару орталығы» ЖШС-нің басшысы Нұрсұлтан Кәрібеков.
Айта кетелік, №4-ші бағыттағы автобус 22-ші, 23-ші шағын аудандары және Меновное ауылы арқылы жүріп өтіп қала ортасымен Аблакетка ауданына қатынайтын болады.
Шаһар басшысы шағын ауданның тағы бір мәселесін атап өтті. Аталмыш аудан тұрақты электр энергиясына қосылмаған. Бұл мәселенің қордаланып қалуына мердігер компаниялардың жауапсыздығы себеп болған.
– Басты назар аударатын мәселенің бірі – тұрақты электр қуаты. Кейде қолымыз жіпсіз байланады ғой. Дәл солай біздің қолымызды мердігер компаниялар байлап отыр қазір. Керекті қаржыны бөліп, келісімшартқа отырғаннан кейін халыққа жұмысты бастадық деп айтамыз. Ал жауапты компанияның салғырттығынан жұмыс кешеуілдеп, екі ортада біз қаламыз. Бірақ бұл істі аяғына дейін жеткіземіз. Қазір трансформаторды құрастыру жұмыстары аяқталуға жақын. Алдағы уақытта осы аудан тұрақты электр желісіне қосылады, – деді Жақсылық Омар.
Естерінізге сала кетейік, аталмыш трансформаторлардың бөлшектері біздің елде шығарылмайтын болғандықтан сырттан алуға мәжбүрміз. Ал әлемде болып жатқан әртүрлі жағдайлар шетелдермен арадағы сауда-саттық байланысқа салқынын тигізбей қоймайтыны тағы бар.
Ауданның тағы бір мәселесі – иен қалған үйлер. Тұрғындардың айтуынша он жылдан астам уақыт қаңырап тұрған баспаналар қаңғыбастардың мекеніне айналған. Кейінгі кезде ішімдік ішкен, үй-күйсіз қаңғып жүрген адамдар көбейіпті бұл маңда, ата-аналар балаларына алаңдайды.
– Біз ол үйлердің мәселесін шештік. Көп жылдар қараусыз қалған баспаналардың құрылысын «Ертіс» ӘКК жалғастырады. Тұрғын үйлер дайын болғанда банк арқылы ел игілігіне беріледі, – дейді қалалық құрылыс бөлімінің басшысы Қайрат Танекенов.
Сонымен он жылдан астам уақыт бойы қордалынып қалған 22-ші шағын ауданның мәселелері біртіндеп шешіле бастады. Өтініштерінің жерде қалмағанына тұрғындар риза. Ал қала әкімі Жақсылық Омар басталған істі аяғына дейін жеткізіп, тиісті жұмыстар атқарылатынын, оған бюджеттен қомақты қаржы бөлінетінін айтты.