Қоғам

Кәсіпкерлік нысандар көбейді

Аудан мемлекеттік бағдарламалардың толық жүзеге асып, шағын және орта бизнестің өркендеуіне күш салып келеді. Жыл сайын кәсіпкерлік нысандарының саны артып, жұмыс орындары көптеп ашылуда.

– Жыл басынан ауданда өндірілген өнімнің табиғи көлем индексі былтырғы кезеңмен салыстырғанда 123%-ға артты. Осы кезеңде тіркелген шағын кәсіпкерлік саны – 5157, оның 2314-і – шаруа қожалығы, 207-сі – заңды тұлға, 2636-сы – жеке кәсіпкер. Жұмыс істеп тұрған кәсіпкерлік субъектілер саны өткен жылғы осы уақытпен салыстырғанда 10,7%-ға көбейді, – дейді ауыл шаруашылығы және кәсіпкерлік бөлімінің сектор жетекшісі Назым Байпейісова.

Аудан тұрғындарына бір ет комбинаты, екі диірмен, 21 наубайхана, екі сүт қабылдау және өңдеу орталығы, 556 дүкен, 30 дәріхана, үш кондитерлік цех, 10 қонақ үй, екі базар, 10 монша, 35 техникалық қызмет көрсету станциясы, 18 жаңармай құю бекеті, жүзге жуық қоғамдық тамақтану орны, 110 кәсіпкерлік нысан қызмет көрсетеді. Жаңа жылдан бастап бес дүкен, үш шаштараз, сұлулық салоны, екі қоғамдық тамақтану орны ашылып, 22 жұмыс орны құрылды.

Сондай-ақ инфляцияны тежеу мақсатында әр сенбі, жексенбі күндері Үржар, Мақаншы, Таскескен елді мекендерінде ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі ұйымдастырылады. Тауарлар нарық бағасынан 10-15 пайыз арзанға саудаланады.

Ауданда «Бір нан алсаң, бір нанды мұқтаж адамдарға тегін бер» акциясы жалғасып келеді. Үржар ауылындағы «Гүлназ», Мақаншыдағы «Нэйля» дүкендерінде мұқтаж жандарға күніне бөлке нан тегін таратылуда. Ал кәсіпкер Кәрім Ақиқаттың аудан орталығындағы «Сұнқар» дүкені жұма сайын ардагерлерге екі бөлке нанды тегін үлестіреді.

Жыл басынан керек тауарлардың бағасын тұрақтандыру мақсатында 200-ден аса меншік иесімен ынтымақтастық меморандумы жасалды. Оның ішінде 170 дүкен, 20 наубайхана, екі сүт өңдеу орталығы, бір диірмен, екі май цехы, төрт көтерме сауда дүкені бар. Азық-түлік бағасын тежеу ісі әлі де жалғаспақ.

 

Бейсенғазы Ұлықбек

Үржар ауданы

 

Осы айдарда

Back to top button