ТОП

Кәсіпкерлер көмек көрсетуге кірісті

Өңірлік кәсіпкерлер палатасы Amanat партиясының облыстық филиалымен бірлесіп Қостанайдың Әулиекөл ауданындағы өрттен зардап шеккендерге көмек көрсетуде.

Amanat партиясының Шығыс Қазақстан облыстық филиалында Қостанай облысында өрттен зардап шеккендерге азық-түлік, киім-кешек жинауға арналған арнайы пункт ашылды. Қазіргі ақпарат бойынша, Қостанайда көптеген жеке тұрғын үй тұрғындары тілсіз жаудың салдарынан баспанасыз қалған. Атап айтсақ, Аманқарағай ауылында 85, ал Озерный ауылында алты тұрғын үй отқа оранып, 11 адам күйік және улану сияқты түрлі дене жарақаттарын алса, бір адам мерт болған.

Бірлескен логистика туралы келісімге сәйкес, облыстық кәсіпкерлер палатасы бизнес нысандарының жинаған барлық көмегін Amanat партиясының филиалына жібереді.

– Шығысқазақстандық кәсіпкерлер өзгелердің басына түскен қиын жағдайларда ешқашан қол қусырып қалған емес. Мұндай қайырымдылық акциялары Арыстағы жарылыстарда, Риддердегі қалың өрт кезінде ұйымдастырылды. Міне, қазір де кәсіпкерлеріміз біздің Қостанай облысының тұрғындарына көмек көрсетуге шақыруымызды қабыл алып, қол ұштарын созса, кейбірі өздері хабарласып, қандай көмек қажет екенін сұрап жатыр, – дейді облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры Қайрат Мамырбаев.

Өрттен зардап шеккендерге көмек көрсеткен бизнес нысандары тізімінде «Казцинк», «Защита элеваторы», «Өскемен ұн комбинаты», «Востоксельхозпродукт», «Крупнофф», «Красный Яр» сынды кәсіпорындар мен «Цыбенко», «Лад и луч», басқа да шаруа қожалықтары бар. Кәсіпкерлер қостанайлықтарға ұн, күнбағыс майы, жармалар, құтыдағы ауызсу мен басқа да бірінші кезектегі қажетті азық-түлік тауарларын жолдады.

Естеріңізге салсақ, «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы жанында өрттен болған шығынды есептеу және зардап шеккендерге көмек көрсету бойынша штаб құрылған. Жалпы, ақпарат күнделікті жинақталып, Әулиекөл ауданына келтірілген шығынды есептеу мақсатында сараптама комиссиясы жіберілді. Ұлттық кәсіпкерлер палатасы хабарлағандай, ресми деректер мен негізгі келтірілген шығын арасында айырмашылық болса, зардап шеккен бизнеске негізгі келтірілген шығын бойынша қаражат жиналатын көрінеді. Сонымен қатар Ұлттық кәсіпкерлер палатасы «Күшіміз – бірлікте» қорымен зардап шеккендерге көмек көрсету туралы келісімге қол жеткізді.

– Біз барлық мүмкіндігі бар кәсіпкерлерден өз өнімдерін немесе көмек қаражаттарын Қостанайдағы өрттен зардап шеккендерге жолдауларыңызды сұраймыз. Қазіргі уақытта құрғақ ауа райына байланысты өрттер жер-жерлерде шығып жатқанын білеміз. Шығыстағы Алтай, Күршім, басқа да аудандарда орман өрттері тұтануда. Сондықтан біз тілсіз жаудан зардап шеккен ауыл тұрғындарының бастарына түскен ауыртпашылықты шынымен түсінеміз, – деді Қайрат Мамырбаев.

Бүгінгі күні көмек жинау пункті облыс орталығындағы Қасым Қайсенов көшесі, 121 мекенжайында орналасқан Amanat партиясының облыстық филиалында ұйымдастырылған. Сонымен қатар көмек көрсетемін деушілер облыстық кәсіпкерлер палатасына да хабарласуларына болады.

Азамат Темірбеков

 

Осы айдарда

Back to top button