Қоғам

Каельге қарағайлы алқап қымбат

Каельге қарағайлы алқап қымбат


Ол Гете, Шиллер және Кафканың шығармаларын жатқа біледі, бірақ оның әдебиетке қатысы шамалы. Ал сырнаймен Бах, Бетховеннің шығармаларын тамылжыта орындағанда, оған тамсанбайтын адам кемде-кем. Өзге немістер секілді оның да тарихи отанына қайтуға мүмкіндігі болды. Алайда таулы Шварцвальдтан гөрі, оған Бесқарағайдың қарағайлы алқабы қымбат.

«Бір уыс талқан, бір кесе айран және ыстық бауырсағымен бөліскен қазақ жұртына алғысым шексіз», – деп әңгімесін бастаған Василий Каель Солтүстік Кавказдан жер аударылған ата-анасы және туыстарын алаштың дархан кеңпейілдігі сақтап қалғанын тебірене жеткізді. Кеңес үкіметінің қудалау саясаты ешкімді де аяған жоқ. Жарты миллионға жуық неміс қазақ сахарасы мен Сібірдің нулы орманына айдалып, депортацияның тауқыметін тартты. Солардың қатарында Василий Петровичтің де ет жақындары бар болатын. Вагондарға күштеп отырғызылған немістерді Қазақстанның түкпір-түкпір аймақтарына шашыратып тастаған-ды.

– Сталлиндік режим емін-еркін өмір сүруге мүмкіндік бермеді. Солтүстік Кавказдан ата-анамды мәжбүрлеп көшірді. Барлығын пойызға отырғызып, Омбы қаласына жіберді. Ол жақта адамдарды екіге бөліп, кемелерге салды. Соның салдарынан қаншама отбасы мүшелері бір-бірінен ажырап жатты. Мәселен, анасы бір ауылда қалса, баласын келесі бір ауылға тастап кеткен жайттар аз болған жоқ. Ұлан-байтақ далада аман қалуымызға қазақтар септесті. Халық арасында немістерге қарсы насихат жүргізілсе де, қазақтар адамдарды далада қалдырған жоқ.Осыны қаперімізден еш шығармаспыз, – дейді В.Каель.
Бүгінде Василий Петрович – Бесқарағай ауданындағы неміс этномәдени бірлестігінің белсенді мүшесі. Бірлестік аудандық Достық үйі құрылғалы бері жұмыс істеп келеді. Өңірдегі ұлтаралық келісім мен тұрақтылықты сақтауда қоғамдық ұйымның маңызы ерекше. Бесқарағайлық немістер ауданның қоғамдық-мәдени тыныс-тіршілігінен шет қалған емес. Үнемі алдыңғылардың қатарында. Қазір қарағайлы өңірде, шамамен, 200-ден аса неміс ұлтының өкілдері ғұмыр кешуде. Бірлестіктің белсендісі Октоберфест, Пасха сынды немістің ұлттық мейрамдары ауданда жыл сайын тойланатынын, оған өңір тұрғындары бір шаңырақтың мүшелеріндей жұмыла атсалысатынын атап өтті. Сол секілді бірлестік өкілдері басқа да этномәдени орталықтардың ұйымдастыратын шаралары мен ұлттық мерекелеріне жиі қатысатындарын айтады. Ол 20 жылдай ғұмырын ұстаздық салаға арнаған екен. Бұған қоса ұзақ жылдар аудандық «Прииртышье» газетінде де журналистік қызметті атқарып үлгеріпті.

– Осындай Достық үйіміздің бар болғанына қуанамын. Жасым жетпістен асқанымен, өзге зейнеткерлер сынды құр отырғанды құптамаймын. Мұнда бірлестігіміздің шағын экспозициялық көрмесі орналасқан. Кез келген жан бесқарағайлық немістердің өмірі мен мәдениетіне қатысты деректермен таныса алады. Готикалық қаріппен жазылған көне Библия кітабы қойылған, сондай-ақ басқа да ұлттық әдеби жауһарларды көруге болады. Бұдан бөлек, «Деревенька моя» вокалды тобының жетекшісі болып табыламын. Өңірлерге жиі шығып, өнер көрсетіп тұрамыз, – дейді В.Каель.

Оның туған-туыстарының дені Германияға көшіп кеткен. Осы орайды пайдаланып: «Тарихи отанға қайту ойыңызда жоқ па?» деген сауалды төтесінен жолдадық. Көпті көрген қарт неміс кідірместен «жоқ» деп жауап қатты.

– Осы жерде дүниеге келдім. Мектепті тәмамдап, жоғары оқу орнына түстім. Әскерде Отан алдындағы борышымды өтедім. Жеке отау құрып, тамырымды жібердім. Дәл осында әжем мен туған апайымның сүйектері жатыр. Ал ол жақта мені кім күтіп отыр? Әлбетте, Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары қиын болды. Бірнеше ай жалақысыз, зейнетақысыз отырған кезеңдер аз өткен жоқ. Әйтсе де сол қиындықты елмен бірге еңсере білдік. Қазір жағдай жаман емес. Екі қолға бір күрек таба аласың. Кез келген дүкенге кірсең, қажетті азық-түлікті, киім-кешегіңді сатып алуға болады. Қазақстанда нашар тұрып жатқан бірде-бір неміс жоқ деуге толық негіз бар, – деп түйіндеді неміс этномәдени бірлестігінің белсендісі.

Жақсылық Мұратқали

Осы айдарда

Back to top button